​Түркістандық спортшылар корей елінде туымызды желбіретті

0
1 480


​Түркістандық спортшылар корей елінде туымызды желбіретті

Гір тасын көтеру спортынан желтоқсан айының 1-3 күндері аралығында корей елінің Пусон қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында 63 келі салмақта ел намысын қорғаған Амандық Асылбек пен 68 келі салмақта өнер көрсеткен Әуесбек Медет алтыннан алқа тағып, көк байрағымызды биікте желбіретті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Азия құрлығының түкпір-түкпірінен жиналған кіл мықтылар сайысында ел намысын қорғаған Шардараның шарболаттай мықты жігіттері «Түркістан облыстық №4 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің» шәкірттері. Талай-талай байрақты бәсекелерде бақтарын сынап, жүлдесіз оралмаған Әуесбек Медет Оңалбекұлы жуырда ғана 68 келі салмақта Әлем чемпионы атанса, Амандық Асылбек Рүстемұлы 63 келі салмақ дәрежесінде Қазақстан Республикасының чемпионы.

Гір спортынан Түркістан облысының аға жаттықтырушысы Мұхан Абдраханов бастап барған корей елінің Пусон қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында 63 келі салмақта өнер көрсеткен Амандық Асылбек ресейлік және Кореялық қарсыластарынан басым түссе, 68 келі салмақтағы әлем чемпионы Әуесбек Медет те өзіне қарсылас шақ келтірмеді.

Тартысты басталған жарыста Азия құрлығы мықтыларының ішінде шардаралық қос бірдей спортшы алтыннан алқа тағып, ел мерейін үстем етсе, 28-қараша мен 3-желтоқсан аралығында Белоруссияның астанасы Минск қаласында Таеквондо ИТФ спортынан өтіп жатқан әлем кубогінде шардаралық Рамазан Қуандықов жүлделі үшінші орыннан көрініп, қола медаль иеленді.


Ал, 25-қараша мен 1-желтоқсан аралығында Шымкент қаласында ауыр атлетикадан 2001-жылғы және одан да кіші мектеп пен арнаулы орта оқу орындары оқушылары арасында өткен республика біріншілігінде қыздар арасында 44 келі салмақта зілтемірші Аружан Ерімбет, 58 келі салмақта Арайлым Зұлпыхар алтыннан алқа тақса, ұлдар арасында 56 келіде Бекмұхаммед Байзақ күміс медальға, 94 келі салмақта Медет Амандық қола медальға қол жеткізді.