​«Ай мен Айша» спектаклінде ұсынысым 10 рет кері қайтарылды»: белгілі сценографпен сұқбат

0
937

Бұл ең күрделі, тарихы ертеден келе жатқан мамандық. Ежелгі гректерде бірінші адам туғанда қаламмен сөз жазған. Архитектор ғимарат салса, декорациясын жасауға сценографты шақырған.


​«Ай мен Айша» спектаклінде ұсынысым 10 рет кері қайтарылды»: белгілі сценографпен сұқбат

Сценография: Көп синтезді өнерді бойына жинаған бұл мамандық иелерінің аты жиі айтылмаса да, олардың қатысуынсыз ешбір қойылым дүниеге келмек емес.

Бүгін біз осы өнермен жақынырақ танысу үшін, танымал қойылымдардың қоюшы-суретшісі, сценограф, Қ.Р. театр Қайраткерлері Одағының президиум мүшесі,Қ.Р. Суретшілер Одағының басқарма мүшесі жәнежақында Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жатқан, «Ай мен Айша» қойылымының қоющы-суретшісі Сапаров Мұрат Исмайылұлымен сұқбаттастық.


- Қайырлы күн, аға! Сұқбатқа келіскеніңіз көп рақмет! Ең алдымен әңгімені көпшілік «қоюшы-суретші» , «сценограф» деп жиі естісе де, қызметін жақсы білмейтін мамандықтың негізі функцияларынан бастайықшы. Жалпы осы өнер туралы айтып берсеңіз. Театрда сценографияның рөлі қандай?

- Сценография – актерлік, режиссерлік өнер сияқты қойылымның ажырамас бөлігі. Режиссер өз авторымен бірге өзіне мұраттас бола алатын сценографты іздейді. Қойылым – режиссер, актер және суретші ойының ортақ жемісі. Мысалы біз қазір Қазақстандағы кәсіби сценографтар саласындағы төртінші буынбыз.

Сценография спектакльге үлкен мағына береді. Қойылымның сәтті шығуы сценографияға тікелей байланысты. Сахнада көрініс болмаса, қойылым да болмайды. Режиссер ұсынған идеяны суретші іліп әкетсе, не болмаса идеяны ойлап тапқан суретші режиссерге сахнада қалай жұмыс істеуді ұсынса, сол кезде бір бүтін болып, жақсы спектакль дүниеге келеді. Суретшінің жұмысы сурет салумен бітпейді. Театрда сценографтың жұмысы өте қиын, өйткені режиссермен, актерлермен бірге бір шығарма жасап шығуы керек.

Спектакльді құрылымдап, пьесаға анализ жасай білуі керек, жақсы ұйымдастырушы болуы керек. Сахнаның тереңдігі – 30 метр, ені – 18 метр, биіктігі – 10 метрден жоғары. Осының бәрі – суретшінің кеңістігі. Сол кеңістікте жұмыс істеп көріңізші. Осы жұмысты, міне, суретші ұйымдастырады. Сахнаның технологиялық жағын да қарастырады. Сценография – көп қырлы мамандық. Сондықтан оған ұқыппен қарау керек.

Бұл ең күрделі, тарихы ертеден келе жатқан мамандық. Ежелгі гректерде бірінші адам туғанда қаламмен сөз жазған. Архитектор ғимарат салса, декорациясын жасауға сценографты шақырған. Театр қойылымының сәтті шығуы біріншіден орындаушыға, екіншіден сценографияға байланысты.

Суретші пьесаны оқығаннан кейін сценография шешімін ойдан шығарады. Оны қолмен бояйды ( спектакль эскиздерін), кішігірім сахна (макет) жасайды. Сосын оны әрі қарай іске асырады. Ол жай сала салатын портрет, не пейзаж емес. Жалпы бұл синтездік мамандық суретшінің бір еңбегінде кескіндеме, графика, мүсін, инженер, технологтың еңбегі жатыр. Өзі менеджер де болады. Театр суретшісі болу өте қиын.


Біздің негізгі функциямыз - қойылымның концепсиясын жасау, автордың ойын, мазмұнына байланысты стилін, шешімін табу. Сахнадағы декорация текке тұрмауы тиіс, ол актерге көмектесетіндей ойналмалы, динамикалық болуы және көрерменге жеткізетін ойы болуы керек. Бұл жерде қоюшы суретші, режиссермен бір тандемде болса әдемі дүние шығады. Ал кейде режиссер суретшіден ажырап, көмекші деп қабылдауы да мүмкін. Бұл жерде ол суретшінің талантына, тәжірибесіне де байланысты. Суретші әлсіз болса, режиссерге бағынады. Ал мықты суретші өз туындыларын ұсыну арқылы, ортақ шешімге келеді.


- Өзіңіз бұл салаға қалай келдіңіз?

- Мен алдымен Республикалық О.Таңсықбаев атындағы Көркемсурет училищесінің сценография бөлімінде 4 жыл оқыдым. Сосын Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының «Сценография, театр-кино және телевидениенің қоюшы-суретшісі» мамандығы бойынша білім алдым. Оқу бітірген соң неміс театрында 2 жыл қызмет еттім, одан кейін Әуезов театрына шақыртылдым.


- Атақты театрға келген кезде ең бірінші қандай қойылымды қойған едіңіз және нендей қиындықтар болды?

- Әуезов театрына келіп, И.Вовнянконың «Апат» қойылымын сахналадық, оның режиссері Ә.Рахимов, ал басты рөлді Асанәлі Әшімов ойнады. Спектакль Арал теңізінің жайын баяндайды. Мазмұны бойынша капитанның Арал суы тартылып жатқанда кемедегі саяхатын, қиялын жасау қиын болған еді. Үлкен кеме орнаттық, ол кеме (декорация) бірде бар, ал бірде ғайып болып кетеді. Оны режиссер, актерлер жақсы қабылдады. Халықтың да ықыласы ерекше болған.


- 25 жыл осы салада қызмет етіп келесіз, қазіргі сценографтардың деңгейіне қандай баға берер едіңіз?

- Әріптестерімді қандай болса да қолдаймын, себебі бұл мамандық өкілдері саусақпен санарлық. Олардың көбейгенін қалаймын, ал қазір заманына сай дамып келе жатыр. Соңғы уақытта сценографтар техникалық жағына көп мән беріп, әр түрлі гаджет, галлография , проекция, LED экран , неше түрлі контенттерді қолданып жүр. Тіпті сахнада болып жатқан дүниені артынан тікелей трансляция арқылы да беріп жүр. Бұл қазіргі уақытша тенденция деп ойлаймын. Бірақ эксперимент ретінде жақсы дүние.


Бір әттеген-айы, сценографтар ізденісте жүргенмен біздің елімізде көрме ұйымдастыру кенде қалып жатыр. Бізге сахнадағы макеттерімізді, эскиздерімізді шығарып елге көрсетіп тұру маңызды. Сценографтың жұмысы театрда қалып қоймауы қажет. Сыртқа, халықаралық аренаға шығу керек. Көрмені маңызды көрмейміз, өйткені суретшінің еңбегі театрда қалады. Ал суретшінің идеясы эскиз бен макеттен басталады. Театр оны қолданады, спектакль шығарады. Ал суретшінің қолтаңбасы қағазда қалып қояды да, одан кейін еш жерге шықпайды. Сол еңбектерді дүйім жұртқа көрсету керек. Сценографтың жұмысы сахнаның артында, шымылдықтың арғы бетінде қалып жатыр. Режиссураның дамуы сценографияға байланысты ғой. Спектакль болса, сахнада көрініс болса, сахнаға жаңа технология келсе – театр да өседі. Ол режиссер, актер үшін де жақсы. Мысалы, Ресей «Итоги сезона» деген жыл сайын көрме ұйымдастырады, үздіктерге награда, премия береді. Бұл жас сценографтарға шабыт сыйлайды. Одан бөлек бізде сценаграфия саласынталдайтын сыншы да көп емес.


- Бізде қоюшы-суретшінің қиялын орындай алатындай мүмкіндік бар ма?

Әуезов театрында қиялға қойылатын шектеу жоқ. Ойымызға байланысты түрлі декорацияларды жасап жүрміз. Бізде декорацияны жасайтын он шақты цех бар. Мысалы, дәнекерлеушілерге (сварщиктерге), ағаш өндіру (столярный) цехына, бутафор цехына, сахна жұмыскерлеріне (монтировщиктер), инженерлерге, тағы басқа цехтарғасызып чертеж береміз, үлкен артқы деарациялардың өз цехі, кастюм тігетін цехі бар. Соларды бәрімен макетіміз нақтыланған соң бөлек-бөлек жұмыс істейміз. Ол жумыстар дайын болған соң бәрін сахнаға шығарып құрамыз, сосын әрі қарай театрдың жарық беруші суретшімен, режиссер, хореограф, композитор, актерларт.б. шығармашылық топтағы қызметкерлермен сахнада репетиция жасап премьераға дайындық жүреді.


- Қазір кейбір театрлар шетелден режиссер, суретші , композиторлар алдырып қойылымдар сахналап жүр. Сіздің осы дүниеге көзқарасыңыз қандай?

- Әрине, шетелдік мамандарды шақыру бір жағынан жақсы. Бірақ режиссер өз командасын алып келіп, қойылым қойғанына қарсымын. Керісінше олардан режиссер келіп, бізден қоюшы-суретші болса немесе керісінше суретшіні шақырып, режиссер біздің өкіл болса, тәжірибе алмасуға жақсы болар еді деп ойлаймын.


- Өзіңізге қай режиссермен жұмыс істеу қолайлы?

- Біз режиссер таңдамаймыз, әуелде оқып жүрген кезімізде солай үйретті. Ал қазір театрда басшылық бекітеді, біз соған бағынамыз. Өзім режиссерлерді бөлгім келмейді, әрбірінің өз қолдаңбасы бар. Әрине тәжірибелі адаммен жұмыс істеген қолайлы.


- Театрдағы атақты қойылымдардың бірі - «Ай мен Айша». Осы қойылым қалай туылған еді, сол туралы айтып берсеңіз?

- Бұл шығарманың авторы, мықты жазушы, халықтың бәріне таныс Шерхан Мұртаза. Ал сахналық нұсқасын жасаған - Жуасбек Еркін Тілеуқұлұлы – қазір Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерi, өнертану ғылымдарының кандидаты. Режиссері – актер, режиссер, театр педагогы өнертану ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстанның халық әртісі, «Парасат» және «Достық» ордендерінің иегері Тұңғышбай Жаманқұлов.


Осы шығарма таңдалған соң, шыны керек «Қалай қоямыз?» деп көп қиналдық. Бұл жерде Айшаның ана, әйел ретіндегі рөлін және одан бөлек аштық, репрессия, соғыс жылдары суреттелген халқымыздың бастан кешкен қиын кезеңін беруіміз керек болды. Дәл осы қойылымның он шақты нұсқасын жасадым, «Он рет сахна көрінісі (эскиздерімді) ұсындым, қабылданбады». Бірақ сол мені қайрады, соңында қазір сахнадан өздеріңіз көріп жүрген нұсқаға тоқтадық. Үлкен станок (пандус) арқылы, жоғары жағы көрініс беріп тұратындай (30-35) градус биіктікпен жасадық, себебі ол станокты біз экран ретінде проекциямен кей бір сахналарда қолдандық. Бірақ ол актерлерге ыңғайлы емес, көбі ренішін де білдірген. Десе де өз нұсқамды қалдырдым, ол ойымды режиссер Т. Жаманқұлов та қолдады.


- Қойылымда сахнадағы үлкен қақпа бірден назар аударады. Оны қою туралы ой қайдан келді?

- Үлкен тылсым дарбазаның өз идеясы бар, ол метафора ретінде жасалынған аспанмен астасқан биік қақпа. Ол ашылады, жабылады, кейіпкерлер қақпа арқылы кіріп – шығып жүреді, бірақ көрерменді оның ар жағында қандай әлем бар деген ой орап алады, оны қою арқылы сол қақпаның сыртында жайлы, еркін, жарық бейбітшілік өмір бар екенін беруге тырыстық. Бергі жағында тоқал тамның ішіндегі бала мен ананың арманы. Ол қақпа ашылып-жабылған кездегі үрей беріп тұратын әуендер (дыбыс эффект) де арнайы қойылды.

Одан бөлек қойылымда қарны ашқан балаларына анасы «кішкене бидай болса быламық жасап беремін, ұйықтай беріңдер, ұйықтағанда аш екендеріңді сезбейсіңдер» деп түрлі ертек-аңыз айтып береді. Осы арқылы адам тек тамақпен емес, рухани сенім, тәрбие де арқылы да тоюы керек деген ойды беруге тырыстық. Бұл қойылымды ұрпақ тәрбиесінде ерекше мәні бар, әсер ететін құрал дер едім.


- Бұл қойылымның тақырыбы әлі өзекті ғой...

- Ол сонысымен классика. Қай жағынан алсақ та көрерменге берері көп.


- Қойылымға актерлер «кейіпкерінің өмірін елестетіп, тіпті протатип тауып соны зерттеп дайындаламыз» деп жатады. Ал қоюшы-суретші өз туындысын қалай дайындайды?

Негізі материалды оқығасын адамға бір сезім келеді, оны түсіне білу керек. Одан бөлек басқалардың жасағанын қарап, зерттеу жасаймыз. Тек сол материалмен шектелмей сол тақырыпқа қатысы бар басқа шығармаларды да оқимыз, ізденеміз.

Жақсы шешім шығуы үшін бірінші кезектебілім, тәжірибе, одан соң түйсіне алатын режиссер болуы керек. Сол кезде әдемі тандем шығады деп ойлаймын.


- Біз сізге сондай сәтті тандемдеріңіз көп болсын деген тілек айтамыз. Сұқбатқа келісіп, уақыт бөлгеніңізге көп рақмет!