​«Америка екінші тынысымды ашты»: Композитор Марат Омаров АҚШ-та киноға түсіп жатыр

0
1 559

«Алпыстан ассам да білуге, үйренуге, жаңа нәрсегі көруге асықпын»


​«Америка екінші тынысымды ашты»: Композитор Марат Омаров АҚШ-та киноға түсіп жатыр

Созақтан шыққан композитор, әнші Марат Омаровты білмейтін жан жоқ шығар. Ол кісінің «Анашым» деген бір әнінің өзі аналарға арналған әнұранға айналды десек артық болмас. Талай туындыны жарыққа шығарып, талай жүректі әнімен тербеген өнер иесі енді АҚШ асып, шығармашылығын дамытып жатыр.

ERNUR.KZ тілшісі Марат Омаровпен сұхбаттасып, қазіргі тыныс-тіршілігі жөнінде әңгімелесті.


- Аға, әңгімемізді жағдай сұраудан бастайықшы. Мұхиттың арғы жағындағы өмір қандай екен?

- Армысыздар, қазақ елі! Мұхиттың арғы жағындағы Америкадан жалынды сәлем! Жағдайымыз шүкір, бірқалыпты өтіп жатыр. Әрине, бүкіл әлемді шарласаң да туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас деген рас екен. Кіндік қаның тамған жерің қашанда ыстық, сағынамыз.

Бұл менің АҚШ-қа төрінші рет келуім. 2012-жылы алғаш рет Бибімариям қызым жетінші сыныпта оқып жүрген кезде Голливудта өткен «Бақытты балалық шақ» атты байқауға қатысып, бас жүлде алғанбыз. Содан кейін 2016-жылы Наурыз мерекесі қарсаңында Хьюстон, Бостон қалаларында концерттік сапармен келіп, әнімізді айттық. Одан кейін, 2019-жылы Нью-Йорк, Лас-Вегас қалаларында тағы концерт өткіздік.

2021-жылы арнайы елшіліктің шақыруымен қазақтың туын көтеру мақсатында келдік. Ол кез біздің Қазақстанымыздың тәуелсіздігіне 30 жыл толған мерейтоймен қатар болды. Уолл-стрит деп аталатын қаржы биржасы орталығында көк байрағымыз желбіреп, қазақша әндерім шырқалған болатын. Келгендегі мақсатымызды орындап, елге қайтпақшы болғанда елшіліктегі азаматтар «Марат аға, сіздің әндеріңізді ел жақсы біледі, сүйіп тыңдайды, соларға арнайы концерт беріп, 20 қаланы араласаңыз» деп ұсыныс білдірді. Мен қуана келісім бердім. Сөйтіп Америкадағы 20 қаланы аралап, ән кешімді өткіздім. Туған жерін, елін сағынған қазақтардың ерекше қошеметіне бөленіп, керемет әсер алдым. АҚШ-та қазақтардың саны өте көп екен.

Тура сол концерттік сапар барысында қызым Бибімариям үлкен, үздік би командасынан грант ұтып алып, солардың құрамына енді. Жолдасым Перизат пен қызым Бибімариям Лос-Анджелеске ұшып келді. Негізі 3, 6 айда елге қайтамыз деген жоспарымыз болған. Бірақ қызым «Әкетай, Нью-Йорк фильм академиясына кинорежиссерлікке оқуға түскім келеді» деп тілегін айтты. Содан визаға өтініш беріп, осында қалуға шешім қабылдадық. Бұл бір жағынан бізге де қызық болды, қызымыздың батыл қадамына қуандық, болашағын ойладық. Екінші жағынан, елшіліктегі адамдар «Сіз бүкіләлемдік композиторлар ассоциациясының мүшесісіз, сіздерге «талант виза» деген беріледі. Соны алсаңыз, елге емін-еркін кіріп-шығып жүре бересіз деп айтты. Қазір сол құжатпен өмір сүріп жатырмыз.


- Сізді Голливудта киноға түсіп жатыр деп те естідік. Осы жөнінде кеңірек тарқатып айтып беріңізші.

- Нағыз киноиндустрияның отаны – Голливуд. Бұл жерге келіп, өзін мойындату, әлемдік нарыққа шығатын киноға түсу барлық актердің арманы болса керек. Сондықтан мен қызым Нью-Йорк фильм академиясына оқуға түскен күннен бастап қызымды кастингке апарып жүріп өзім де актер болып кеттім. Кастинг директорлары «Сіздің типажыңыз келеді екен» деп мені пробаға шақырып, эмигранттар туралы «Малена» деп аталатын фильмге түсуге қабылдандым.

Бұл - криминалды-экшн жанрындағы фильм. Мен фильмде оққағардың рөлін сомдаймын. Туынды эмигранттардың өмірі жайлы, оның ішінде Малена деген қыздың Мексикадан Америкаға өтіп келгендегі бастан кешкен қиындықтары көрсетіледі. Бәрі ағылшын тілінде.

Осы ретте сценарийге қатысты бір оқиғаны айта кетейін. Бір жерінде мен біреуді атып құлатуым керек екен. «Ондай болса мен ешкімді атпай-ақ ұрып құлатсам бола ма» деп өтіндім. Олар ұсынысымды қабылдап, мен үшін сценариді өзгертті. Түсірілім тобымен тез тіл табысып кеттік. Фильм таяу уақытта прокатқа шығады. Бұйыртса, тамашалай аласыздар.

Одан кейін «SOS продакшн» деген кинокомпания комедиялық фильмге шақырды. Мен енді бүкіләлемдің композиторлар ассоциациясының мүшесі болғасын, қолымда «талант виза» болғасын сол кинокомпаниямен келісім-шартқа қол қойдық. Алдағы уақытта аталмыш компания шығарған фильмдерге түсемін, саундтректерін жазамын. Мысалы, «Анасы бар адамдар, ешқашан қартаймайды» деген әнімнің мелодиясын олар саундтрек ретінде өздеріне алды. Және де айта кететін жағдай, осы жердегі продюсерлік орталықпен келісім-шартқа қол қойып, менің барлық әндерімді ағылшын тіліне аударуды қолға алдық.


- Ағылшын тілі демекші, өзіңіз ол жағынан қиналып жатқан жоқсыз ба?

- «Бұдан ертерек неге келмедім екен!» деген өкінішім бар. Бірақ бір түсінгенім, жаңа нәрсені үйрену үшін алпыстан ассаң да кеш емес екен. Қазақстандағы әріптестерім Майра Ілиясова, Жеңіс Ысқақовалар «елде де жап-жақсы өмір сүріп жүр едіңдер ғой, қалай қорықпай кеттің, жүрексінбедің бе, қиналмадың ба?» деп таңғалып сұрақ қойды. Жоқ, ешқандай қиналмадық. Бәрі адамның өзіне байланысты екен. Осы жақта жүріп қайта көзім ашылды. Мұнда көп мүмкіндік бар. Өзім ағылшын тілін толық білмеймін, бірақ қазір арнайы колледжде оқып, үйреніп жатырмын. Өйтпесе болмайды. Себебі алда жоспар көп, мақсат айқын. Тіл білмесең оған жету қиын.

Қазір енді Нью-Йорк фильм академиясы «Моя история» деген тақырыппен фильмді түсіруге ұсыныс білдіріп жатыр. Соған кірісеміз. Мінекей, осындай шаруалармен жүрміз. Менің ең негізгі мақсатым - Қазақстан мен Американың арасында достық көпірін салу. Соңымдағы өскелең ұрпаққа өз ізімді қалдырып, айта жүрер әндер жазсам деймін.

Алда атқарар жұмыс көп. АҚШ-та тұратын жастардың қазақ тілін ұмытып кетпеуі үшін арнайы ұйымдар ашып, тұрақты түрде кездесулер ұйымдастырсақ деп отырмыз. Одан бөлек енді алдағы 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына әндер шығарсақ деген жоспар бар. Оған байланысты да ұсыныстар түсіп жатыр.


- Аға, өмірді қайта сүру мүмкіндігі берілсе, өз өмірбаяныңыздан нені алып тастар едіңіз, не қосар едіңіз? Жалпы, жүріп өткен жолыңызға көңіліңіз тола ма?

- Мен жеті жасқа толғанда Шәмші Қалдаяқов атамыз бата берген еді. 1991 жылы Республика сарайында алғаш рет жеке концертімді бергенде Асқар Тоқпанов арнайы келіп, «Марат, сен махаббаттан жаралған жансың. Ана туралы, әке туралы, балалар жайлы әндерді көптеп шығарып, шырқап жатырсың. Енді саған тілерім, мұхит асып әлемді мойындата бер. Өнердің биік шыңынан көріне бер» деп ақ батасын берген. Сол кісілердің ақ батасымен, Алланың қалауымен енді осы жаққа келіп, екі елдің арасына достық көпір салып, мәдениетін жалғап жатқаныма өзі разымын. АҚШ менің екінші тынысымды ашты.

Сонау сырлы Созақтың құмына аунап, ауылдың арығына шомылып, топырағын кешіп жүрген қара домалақ бала едім. Құдай бақ беріп, талант беріп халыққа әнім тарап, қошеметіне бөлендім. Енді міне, АҚШ-ты мойындату жолында еңбек етіп жатырмыз. Тағдырыма өкпем жоқ. Осы өміріме шүкіршілігімді айтамын.


- Рахмет, аға! Ойдағы арман-мақсаттарыңыздың бәрі орындала берсін! Шығармашылық табыс тілейміз.


Сұхбаттасқан – А. ҚАСЫМБЕК.

ERNUR.KZ