​«Балам мені Америкаға күйеуге берді»: Айгүл Иманбаева жеке өмірі жайлы бар шындықты айтып берді

0
5 046

«Үлкен тойымыз Майямиде, яхтада өтеді»


​«Балам мені Америкаға күйеуге берді»: Айгүл Иманбаева жеке өмірі жайлы бар шындықты айтып берді

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, актриса, әнші Айгүл Иманбаева тұрмысқа шықты. Жалғыз ұлын үйлендіріп, келін алды. Өнер иесінің тағы қандай жаңалықтары бар? Айгүл Иманбаева бұл жөнінде «Мамский әңгіме» подкастында сұхбат бергенде айтты.


- Жеке өміріңізде де, өнеріңізде де жаңалықтар көп екен. Бәрі құтты болсын! Жалпы, көңіл күйіңіз қалай?

- Көңіл күйім жақсы. Кішкене күптілік бар. Үлкен шаруаларды атқардық, соның жемісін көріп, толқып, кәдімгідей ауырып қалдым. Былайша бәрі жақсы.


- Сіз көпжылдық трансформациядан өтіп, ішкі гармонямен үйлесімде өмір сүріп жатқан сияқтысыз, солай ма?

- Солай, жылдар өзі сондай күйге әкеледі екен. Баяғыда біздің араласып жүрген, психологияны зерттеп жүрген құрбы қыздар «Айгүлден ештеңе сұрамай-ақ қойыңдар, ол біздің қазір киіп отырған аяқкиімді жиырма жыл бұрын киіп, психологияның етін жеп, жілігін шағып қойған» деп айтушы еді. Шынымен де солай, бірақ онымен «біреуге ақыл айтайын, осыдан ақша табайын» деген ниетте айналысқан жоқпын. Менің ішкі жарам көп болды, сұрақтарыма жауап таба алмай, адасып кете беретін жолдарым көп болғандықтан осы саланы зерттедім. Қазіргі жасыма дейін өз-өзімді алдап, ішкі жараларымды жылтырақ маталармен, әлеуметтік желімен бүркеп жауып жүре беруіме болар еді. Қазіргі қыз-келіншектердің көбі әлі де солай өмір сүріп жатыр. Бірақ оның соңы жақсылыққа апармайтынын түсінгендіктен, мен психологияны зерттеп, соңғы он жылда өз-өзімді тани бастадым. Ал соңғы бес жылда тыныштықта, ерекше бір гармонияда өмір сүріп жатырмын.


- Психологияны зерттеуіңіздің бір себебі әкеңізбен болған қарым-қатынаста жатқан сияқты.

- Әкем – Құдайдың маған арнап жазған сценариі болды. Мен енді осы тақырыпта кітап жазуға кірістім. Кейін мемуар жазып шығарармын деген ниетпен баяғы кезден күнделік жазуды әдетке айналдырғам. Қазір байқап қарасам сол күнделіктерімнің барлығы бір-бір мемуарға айналып келе жатыр екен. Бала кез, студенттік шақ, отбасылық өмір, жұмысың, өнерің, соның бәріндегі ішкі арпалыстарың, қуанған, қиналған сәттерің, сезімнің ұшқаны, құлағаны, бәрі жазылған. Бір сөзбен айтқанда Құдаймен сөйлесу ғой.

Бұрынғы күнделіктерімді оқысам Құдайға көп өкпе артыппын, «Неге бұлай, неге олай?» деп сұрап, оған жауап таба алмағам. Ал кейінгідерінде көбіне Құдайға алғыс айтқам. Айтайын дегенім, әкем екеуміздің араласпай, сөйлеспей, түп-тамырымды білмей, балалық ренішпен жүруім, соның бәрі психологияға әкеліп тіреді. Жауапкершілікті өзіме алып, өзім үшін, балам үшін, баламнан тарайтын ұрпақ үшін кірісіп, 40 жылдан аса уақыт араласпаған әкеммен табыстық.


- Енді сіз психологиямен айналысқан уақытта бірінші отбасыңызбен ажырасу, сол кездегі уайым, өкініш өзінің бір түйінін көрсетті ме?

- Менің мамамның әкеммен ажырасуы, яғни отбасылық өмірдегі чипі автоматты түрде маған ауысты. Оның тағдырын мен қайталадым. Енді мен сол чипті менің ұрпағыма өтіп кетпес үшін уақтылы тоқтатып жатырмын. Былайша айтқанда, сол кездегі күйеуге тиіп, ажырасуымның өзі заңдылық сияқты көрінеді. Өйткені мидағы сөрелерді тазаламасаң, бәрібір сол нәрсеге айналып соға бересің.

Қазір менің ішімде бұрынғы жолдасыма деген өкініштің ұшқыны да жоқ. Ол біздің үйдің бір мүшесі сияқты болып кеткен. Баламның әкесі болғасын ауырып қалса да «аман жүрсе екен» деп тілеп, уайымдап отырам. Бір жетістікке жетсе қуанып қалам. Қазіргі әйелінен балалары дүниеге келіп жатса «Асекам жалғыз болмайды» деп қуанамын. Ондай деңгейге жету үшін адамға өре де керек шығар. Абайша айтқанда, толық адамға айналған болармын, бәлкім.

Балам кино түсіріп жатыр, оған Сәбит екеуміз де түсіп жатырмыз. Тура сол түсірілім кезінде Сәбиттің туған күні болып, ол бізді үйіне шақырды. Барып, Диконың шайын ішіп, дастарханын жинасып, бұрынғы енеммен әңгіме-дүкен құрып қайттым. Бұның бәрі риясыз көңілден шығып жатыр. Ал сырттан қараған адамға «мынау бұрынғы күйеуінің отбасына араласып, орталарына түсіп жатыр» болып көрінуі мүмкін.



- Сіз қандай ана болдыңыз? Өнер, бітпейтін жұмыс бала тәрбиесіне кері әсерін тигізбеді ме?

- Балама менің берген ең үлкен байлығым – еңбекқорлыққа тәрбиелгенім және кітапқа баулығаным. Адалдық пен адамдыққа тәрбиелегенім. Балам кітапты мүжіп тұрып оқиды. Біз жарысып тұрып оқимыз. Бойдақ кезінде демалыстарға бірге барушы едік қой, сол кезде алты-алтыдан кітап алып кетуші едік. Соны 15 күнде оқып, бітіріп қою жоспарда болатын. Соңынан пікірталас өткізіп, оқыған кітаптарымызды талдап қайтатынбыз. Менің балаға берген байлығым – осы. Ал енді оның бойындағы ибалылық, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, жөнімен сөйлеп, жолымен жүруді мамам үйретті. Күні-түні мамам қасында болды, тәрбиесімен сол кісі айналысты. Тек бір өкінішім бар, ол – ішімдегі махаббатты шексіз дозада бере алмағаным. Мамам жалғыз, мен жалғыз, балам жалғыз болғандықтан ішімізден біреуімізге бас көтеруге тура келді. Сөйтіп өзім еркек, өзім әйел болып, сыртта көп жүрдім. Соның орнын толтыру үшін енді бала тусам, күні-түні қасында отырамын...


- Ұлыңыз үйленді, енді келініңіз бар. Ене болу қалай екен, жалпы?

- Біздің үйде мамам бар ғой. Ол барда мен әлі бала сияқтымын. Мен қазір Астанада тұрамын, Алматыға мамамның үйіне барсам қолынан түк келмейтін, ештеңе істей алмай қалған қыз бола қалам. Сол себепті ме, үйге түскен келін менің емес, мамамның келіні сияқты. Нан илеуінен бастап, барлық тірлігін мамам көрсетіп, үйретіп жатыр. Келінім де менен гөрі мамамды енесі сияқты сезінеді. Мені өзінің сырласы ма, досы ма, басқаша бір жақыны сияқты қабылдайды.

Келінім текті жердің қызы. Белгілі абайтанушы, жазушы Алмахан Мұхаметқалиқызы деген апай бар, сол кісінің қызы. Әкесі де, шешесі де ғылымның, әдебиеттің адамдары болғандықтан келінімнің тәрбиесі де басқаша. Біздің үйге бірден сіңіп кетті. Мен де, құдаларым да руханият әлемінде еңбек етіп жүргендіктен тіл табысып, жекжат болып кету тіпті жеңіл болды. Келінімнің сол кісілердің қызы екенін танысу шайына барғанда бір-ақ білдім.

Келінім келген кезде «Сен ылғи даму үстінде болсаң, онда балам екеуің өмір бойы бірге боласыңдар. Сенде даму тоқтаса, салпыетек әйелге айналып, баламның баласын бағып, кірін жуып отырар болсаң, онда жағдайың қиын болады» дедім. Себебі мен өз баламның қыр-сырын білемін. Балама бренд заттар маңызды болмауы мүмкін, киім-кешек қызықтырмауы мүмкін, бірақ оның ішкі гармониясы, қасындағы адамының өрелес, деңгейлес болуы өте маңызды. Сондықтан келініме «оқуды, үйренуді, ізденуді тоқтатпа» деп ақыл айттым. Ал менің тарапымнан ене болып, ақыл айтып, сені тәрбиелеуден аулақпын. "Менің жүріс-тұрысым, әжеңнің жүріс-тұрысы саған үлгі. Үн-түнсіз қара да, осы үйдің заңын, ережесін өзіңнің бойыңа сіңіре бер. Мен саған бір сөз айтпаймын. Басыңа орамал тақ, сәлеміңді сал, мынаны істе демеймін. Өзің біліп істей бер" дедім. Содан шүкір, орамалын салып, сәлемін беріп жүр.


- Енді жеке өміріңізге ойыссақ. Жақында тұрмысқа шығыпсыз. Бәрі қалай болды?

- Тылсым дүние деген нәрсеге сенетін адаммын. Ондай жағдай басымнан жиі өтіп тұрады. Қазіргі күйеуімді де осыдан 15 жыл бұрын көз алдыма елестетіп, бейнесін көріп қойғам. Сөйтіп оның кескін-келбетін, бойын, ойын, жалпы, параметрін елестетіп күнделікке жаза бердім. Сосын «қашан тұрмысқа шығасыңдар» деп сұраған адамдарға «менің тойым шетелде болады, паспорттарыңды дайындай беріңдер» деп айтушы едім. Соның бәрі бірінші Алла, екінші өзімнің ішкі сезімім, көргенім ғой енді. Лондонға оқуға кетіп бара жатқан кезде достарыма «Мен күйеуіммен бір-ақ келемін» деп айтып кеткем. Бірақ ол кезде күйеу түгілі жігіт те болмаған еді.

Кездестірейінші деп те іздемедім. Өйткені білім алуға барғам, ағылшыным нашар, сабақ қиын. Сондықтан бар ынтамды оқуға арнадым. Жігіт іздейтін шамам болған жоқ. Сөйтіп жүрген күндердің бірінде осы жігітпен таныстым. 1977-жылғы, менен алты ай кішілігі бар. Ажырасқан, Алматының азаматы. Руы – найман. Соңғы он жылдан бері Америкада тұрады екен. ІТ саласының маманы. Екеуміз де Алматыда, бір универсиетте оқығанбыз. Бірақ бір-бірімізді көрмегенбіз.

Оның қызы студент, Лондонда оқиды. Ортақ достарымыз арқылы таныстық. Алғаш көрген кезде «мынау менің түсімде көрген жігіт қой» деп бірден айттым. Ішім сезді. Менің папама қатты ұқсайды. Ол менің телефон нөмірімді алды, сөйтіп біраз уақыт сөйлесіп жүрдік. Үйленуге ұсыныс жасаған кезде бірден балама звондадым. «Асека, мен не істеймін» деп ақылдастым. Олар бірін-бірі танитын. Жаңа жылды балам, келінім, оның қызы, бәріміз бірге қарсы алғанбыз. Асылжан балам «Мама, біріншіден, бойында комплексі жоқ азамат. Екіншіден, сізге лайықты, білімді кісі. Маған Ерлан аға ұнайды, көкем болғанын қалар едім» деді. Көп ұзамай балам Америкаға келіп, сол жақтың мешітінде біздің некеміз қиылды. Балам әкемнің орнына мені аманат қылып күйеуге берді. Артынша заңды некеге тұрдық. Алматыда үлкендер жағы құдалық істеп, танысып, құйрық-бауыр жеді. Одан Алматыға келгенде күйеуімнің туыстары басыма орамал жауып, келін шайымды бердім. Маһрге машина сұрадым. Ондай салттың бәрін орындадық.


- Енді той қашан болады?

- Ол менен «қазақшалап үлкен той жасағанымды қалайсың ба? Алматыға барып жасайық» деп сұрады.иМен қарсы болдым. «Сол бізге керек пе, кімге тиіпті, күйеуі қандай екен, үстіне не киіпті, қай ресторанда жасады» деп жұрттың сынағаны бізге керек пе?" Осылай дедім оған. Сосын ол «онда Майямиде, яхта жалдап, ең жақын деген достарымызды жинап, кішігірім атап өтейік» деген ұсынысын айтты. Орысша оқыған, достарының көбі шетелдіктер, әр елде тұрады. Соларды шақырмақшы. Мен енді өз тарапымнан келетін қонақтарды реттестіріп, шаруаларымды жайғастырып жатырмын. Алла бұйыртса алдағы ақпан айында деп той белгілеп қойдық.


- Жақында құрбыңыз Баян Мақсатқызы бөпелі болды. Ал сіз балалы болуға дайынсыз ба?

- Ол біздің емес, Құдайдың жоспарындағы дүние. Егер маңдайыма балалы болу жазылса, мен оған дайынмын. Жалпы, біздің қазақта «Ойбай, қартайғанда туыпты» деген қазақтың құрып қалғыр сөзі бар. Отыз бесінде қартайып, қырық бесінде өлімге дайындалатын түсінік тек қазақтарда ғана бар. Мысалы, Америка, Англияда ондай түсінік жоқ. Сондықтан біз дайынбыз. Биылғы жылды балама, баламның киносына арнадық. Бұйыртса келесі жылы бөпелі болып, сүйіншілейтін күнге жетейік.


Сұхбатты «Ютуб» арнасынан аударған – А. Қасымбек.