Қанағат Мұстафин: "Әр кино туындымда ұлттық болмысты беруге тырысамын!"

0
2 924

​"16 қыз" атты романтикалық фильмнен кейін, сіздерді режиссер Қанағат Мұстафин "Той любой ценой" атты комедияға шақыруда. Күні кеше Алматы қаласында аталмыш кино картинаның БАҚ өкілдеріне арналған жабық көрсетілімі болды. Жылдың жаңаруымен жарыққа шыққалы тұрған киноға сәттілік тілеп, режиссері Қанағат Мұстафинге көрсетілімнен кейін хабарласып, фильм жайындағы сауалдарымызға жауап алдық.


Қанағат Мұстафин:

"16 қыз" атты романтикалық фильмнен кейін, сіздерді режиссер Қанағат Мұстафин "Той любой ценой" атты комедияға шақыруда. Күні кеше Алматы қаласында аталмыш кино картинаның БАҚ өкілдеріне арналған жабық көрсетілімі болды. Жылдың жаңаруымен жарыққа шыққалы тұрған киноға сәттілік тілеп, режиссері Қанағат Мұстафинге көрсетілімнен кейін хабарласып, фильм жайындағы сауалдарымызға жауап алдық.

Қарашаш Есенбай: Қайырлы кеш, Қанағат аға! Сізді кезекті киноңыздың халыққа жол тартуымен құттықтаймын! Осы кино туралы толық айтып берсеңіз... Неліктен комедия жанрында кино түсіргіңіз келді?

Қанағат Мұстафин: Рақмет, Қарашаш! Бұл кино туралы айтар болсақ, Мақсат деген басты кейіпкер өзінің туған қарындасы Ажардың қыз ұзату тойының алдында тойға арналған ақшаны жоғалтып алады. Жоғалтып алып өзі жұмыс істейтін телеарнаға келеді. Ата-анасы "Мейрамхананың ақшасын төледің бе?" дегенде ғана ақшаны таксиде қалдырып кеткені есіне түседі. Ал енді жағдайды түзету керек. Оны қалай түзететінін ертеңнен бастап кинотеатрдан көруге болады. Шытырман оқиғаға толы, сондықтан сюжетін толық айтпай-ақ қояйын. Бұл қазақ кино тарихындағы ұзату тойға арналған алғашқы кинокомедия. Ешқандай ерсі әзілдер жоқ, сондықтан балаларыңызбен бірге отбасыңызбен көруге болады. Бұл кино - біздің халқымыз үшін наурызға арнайы дайындаған сыйымыз.

Қарашаш Есенбай: Кино картинаны аяқтауға қанша уақыт және қаржы кетті?

Қанағат Мұстафин: 28 күн, оның 2 күні Астанада түсірілді. Ал қаражаты 270 000 $.


Қарашаш Есенбай: Бұл картина алғашында «С новым счастьем!» деген атаумен танылды. Кейін «Безумный тойға» өзгерткілеріңіз келіпті. Соңында неліктен «Той любой ценой» атауына тоқталдыңыздар?

Қанағат Мұстафин: Иә, осылай бірнеше рет өзгерген болатын. Алғашында біз мұны дүниежүзілік жаңа жыл мерекесіне шығарамыз деген ойда болдық. Сондықтан атын «С новым счастьем!» деп қойғымыз келген. Түрлі жағдайларға байланысты ол уақытта бітіре алмадық. Кейіннен Наурызға арнап түсіріп, өз дәстүрімізді көрсеткіміз келді.

Қарашаш Есенбай: Фильмге түскен актерлар қалай таңдалды? Басты кейіпкердің бірі - Ақбота Сейтмағанбет. Ол арнайы кастингтен өтті ме, әлде өздеріңіз шақырдыңыздар ма? Мұның астарында қандай да бір пиар-ход бар сияқты ма?

Қанағат Мұстафин: Фильмге түскен актерлердің барлығын дерлік өзіміз таңдадық. Кастинг мүлде болған жоқ деп айтсақ та болады. Басты кейіпкер Шако мен Айымға сценарий арнайы жазылды. Бұл киноға түскен актерлермен өзім бұған дейін де жұмыс істегенмін. Сондықтан олардың қабілетін, жұмыс істеу тәсілдерін білетінмін. Сондықтан кастинг жасаған жоқпыз.

Қарашаш Есенбай: Бұл киноның алдындағы «16 қыз» фильмі жақсы қаржы жинаған болатын. Ал бұл туындыңыздан қандай үміт күтесіз?

Қанағат Мұстафин: Әрине, жақсы касса жинаса қуанамыз. Бірақ айта кетер жайт бұл кинода дұрыс идеология бар. Аталмыш картинамызда Наурыз мерекесін көрсетіп, салт-дәстүрді көрсеттік. Ол өсіп келе жатқан ұрпаққа арналады. Өйткені қазір көбі дәстүрлермізді біле бермейді. Осыдан кейін қызығушылық туындайды деп ойлаймын. Негізі өзім әр туындымда қазақтың дәстүрін көрсетуге тырысамын. Мысалы осыған дейінгі «16 қызда» бел-құда дәстүрін айтсақ, осы жолы Әз Наурыз мерекесін сапалы көрсетуге тырыстық. Өзіме ұнады!

Қарашаш Есенбай: Енді режиссер ретінде пікіріңізді айтыңызшы. Қазақстандық әріптестеріңізден кімдердің туындыларын жоғары бағалайсыз?

Қанағат Мұстафин: Қазір жас режиссерлер шығып келе жатыр, олардың туындылары шынымен керемет! Болашақта одан да жоғары болады деген сенімдемін. Бірақ мына режиссер деп ағаларымды бөліп айта алмаймын. Себебі біреуді ренжітіп аламын деген ой емес, әр режиссердің әр туындысы ұнайды. Мысалы Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» картинасы, Рүстем Әбдірәшовтың дебюті «Ауылдан келген қыз», Дәрежан Өмірбаев ағамыздың «Кардиограмма» деген киноаларын ұнатамын. Ал режиссерлердің арасында мына кісі деп атай алмаймын. Себебі бір туынды сәтті, бірі сәтсіз шығады. Дегенмен қазір тенденция бар, бәсекелестік үлкен. Осы жылы отандық 65 картина жарыққа шығайын деп жатыр. Наурыз айының өзінде 7 картина көрерменге жол тартты. Саннан сапаға өтетінімізге сенімдімін.

Қарашаш Есенбай: Отандық режиссерлердің барлығы дерлік киноны орыс тілінде ұсынады. Оған қазақ тіліне деген сұраныстың жоқтығын себеп етеді. Сіздіңше, біз осы жағдайды жою үшін не істеуіміз керек?

Қанағат Мұстафин: Бұған дейінгі «16 қыз» атты туындым таза қазақ тілінде шыққан болатын. Ал «Той любой ценой» қазақ-орыс тілінде шығып жатыр. Бұл тенденцияны жою үшін не істеуіміз керек дегенде, орыс тілін 100 пайыз жою керек.! Басқа ешқандай амал жоқ. Себебі Астана, Алматы, Қостанай, Повлодар деген жерлерде көбінде екі тілде сөйлейміз. Таза қазақ тілді отбасының өзінде соңғы сөздері «ааа, ок! Давай-давай» болып бітеді. Бұл бізге кеңес өкіметінен қалған ғой. Бірақ болашақта таза қазақ тілінің өзі қалатына сенемін.

Қарашаш Есенбай: Рақмет, Қанағат аға! Сәттілік тілейміз!

Қанағат Мұстафин: Сіздерге де рақмет айта отырып, барлық оқырмандарды Әз Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Ұлыстың ұлы күні тек бақыт пен береке алып келсін. Демалыста сіздерді отбасыңызбен біздің кинода күтеміз. Бұл киноны бар жүрегімізбен жасадық. Кинодан соң жақсы көңіл күймен қайтатындарыңызға сенімдімін!

Ескерту: "Той любой ценой" киносын 21 наурыздан бастап еліміздегі кинотеатрлардан көруге болады.


Фото: kanagatmustafin

Автор: karashash_esenbay

ERNUR.KZ