Танымал айтыскер әрі спортшы кез келгенмен қарсыласуға дайын екенін мәлімдеді

0
4 318

Ол айтыс сахнасында өзіндік қолтаңбасымен аяқ басып келе жатқан айтыскер. Одан бөлек спорт шебері, әрі кәсіпкер. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз - қарап көзіңіз тоятын сұлу, айтыскер, спорт шебері, кәсіпкер Мөлдір Айтбай. Әдемі айтыс пен мөлдір жырлардың иесінің жеке өмірін және сіз бен біз білмеген құпиясын ашуға тырыстық.


Танымал айтыскер әрі спортшы кез келгенмен қарсыласуға дайын екенін мәлімдеді

Ескерту: Автор және редакцияның жазбаша рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады.

Ол айтыс сахнасында өзіндік қолтаңбасымен аяқ басып келе жатқан айтыскер. Одан бөлек спорт шебері, әрі кәсіпкер. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз - қарап көзіңіз тоятын сұлу, айтыскер, спорт шебері, кәсіпкер Мөлдір Айтбай. Әдемі айтыс пен мөлдір жырлардың иесінің жеке өмірін және сіз бен біз білмеген құпиясын ашуға тырыстық.

Қарашаш Есенбай: Қайырлы күн, Мөлдір. Сұқбат беруге келіскеніңіз үшін рақмет! Сіздің айтыстарыңыздың барлығын дерлік көрдім, көрермен пікірлерін де шолып шыққан едім, барлығы дерлік сізге өздерінің ықыластарын жазыпты. Сондықтан өзіңіздей қызды елге жақынырақ таныстырсақ деген ниетіміз болды, сөзіміздің бастауы өзіңіз туралы болсыншы...

Мөлдір Айтбай: Сәлеметсіздер ме! Жақсы пікірлеріңіз үшін көп рақмет! Мен Айтбай Мөлдір Абдуманапқызы. 1991 жылы 26 қарашада Қызылорда қаласында, қарапайым отбасында дүниеге келгенмін. Алдымда үш ағам бар. 1998 жылы мектепке барып, 2009 жылы қазақ-түрік лицейін бітірдім. Сол жылы Қорқыт ата университетіне филология факультетіне орыс тілі мен әдебиеті мамандығына грантпен оқуға түстім. Содан кейін оны бітіріп бірнеше қызметтер жасадым, қазір Алматы қаласында тұрып жатырмын. Әкем қарапайым көлік жүргізушісі болған, 2008 жылы өмірден өтті. Ал анам «Сыр айнасы» газетінде бас редактор болып, зейнетке шықты.

Қарашаш Есенбай: Ал айтыс сахнасына келу тарихыңыз қалай болған еді?

Мөлдір Айтбай: Айтыстан бұрын мен поэзия жаздым. Әлі де айтыс пен поэзияны қатар ұстап келе жатырмын. Ең бірінші анам газетте істеп жүрген кезінде пародия деген нәрсе жазатын, яғни ол жерде танымал әннің сөзін күлкілі сөздерге өзгертеді. Сол бір күні анам пародия жазып отыр екен, теледидардан Мәдина Сәдуақасованың «Айхай сарбаздарым-ай!» деген әні болып жатқан, мен сол жерде отырып МАИ қызметкерлеріне арнап жазыппын. Оны мамам газетке шығарыпты. Сол газет шыққан соң мені облыстық МАИ-дың инспекторы іздеп келген (күліп). Сонда:

«Көше қиылысында тұрады екен,

Мас шаферға торларын құрады екен.

Қандашама дұрыс жүрсе де,

Шаферлар ғана кінәлі екен.

Айхай ГАИ-ларымыз-ай, МАИ-ларымыз ай,

Құтты болсын пара алған тойларыңыз-ай!

Айхай ГАИ-ларымыз-ай, МАИ-ларымыз ай,

Сауап керек адамға ойланыңыз-ай!» деп өлең жазған екенмін.

Бірақ өзім білмейін, мен кішкентай кезімнен өлең жазатынмын, бірақ мойындамайтынмын. Өйткені мен спортты өте жақсы көрдім. Алдымдағы үш ағама еріп дзю-до, еркін күрес деген мектептерге барып жүрдім. Сосын 7 сыныпта қазақ-түрік лицейіне оқуға түскен соң, ол мектепке бара алмадым. Себебі ол мектеп басқа жақта, ал мен басқа мектепте оқыдым. Сосын 9 сыныпта еркін күрес мектебіне қайта бардым, бірнеше жетістіктерге де жете бастадым. Сол кезде анам спорттан бас тартып, ақындық жолды жалғауымды өтінді. Сол өтініш бойынша мен спортты қойдым.

Сол инспектор іздеп келген кезде бүкіл лицей менің өлең жазатынымды білді, сол жылы облыстық Абай оқуларына бірден қатыстырып жіберді. Сонда «Менің анам» деген туындыммен бас жүлде алдым. Сөйтіп Республикалық Абай оқуларына Семейге жіберді. Содан кейін менің ақындық жолым басталып кетті десем де болады. Көркемсөз оқу, айтыс, спектакль сияқты дүниелердің бәріне мені қатыстыра беретін. Сөйтіп аяқ астынан айтыс сахнасынан бірақ шықтым. Сол 2006 жылы кішігірім айтыстарға қатысып жүрдім, ал бір жылдан соң бірінші рет Таразда өткен «Асанбай Асқаровтың 85 жылдығына» арналған республикалық айтыста 3 орын алып, республикалық айтыскерлер құрамына кіріп кеттім. Байқамаған жерден болды, өзі адам ештеңені жоспарламайды екен ғой. Ал айтыс бір келсең шыға алмай қалатын сахна екен.


Қарашаш Есенбай: Дегенмен айтысқа баулыған ұстазыңыз бар шығар?

Мөлдір Айтбай: Мені айтысқа нақты баулыған ұстазым жоқ. Кішкентай кезімде сол 7-8 сынып оқып жүргенімде Мұхтар Ниязов пен Нұрмат Мансұров Қызылорда қаласынан өнер мектебін ашты. Сол өнер мектебінде маған айтыс дегеннің не екенін ұғындырып, қалай болу керек екенін үйретті. Жалпы айтысқа баулыған осы екі ағам деп айтуға толық құқым бар. Негізі өзімнің анамда айтыскер, қазір проза, сатира жазады. Негізі өнерге келуімде сол кісінің арқасы ғой, мені өнерге баулыған анам - Қазына Өзденбаева.

Қарашаш Есенбай: Айтыстағы мақамыңыз әдемі екен. Бұл әуенді таңдап алуыңызға не себеп болған еді?

Мөлдір Айтбай: Бұған дейін бірнеше мақамдармен шығып жүрдім, мысалы «Әгигәгім-ай» деген Аманжолдың мақамымен, сегіз буындық қысқа мақамдармен... Қазіргі мақамымды да «осы мақам менікі» деп таңдап алғаным жоқ. Ең бірінші Шымкентте Нұрлан Есенқұловпен айтысқанда сол Әзімбектің мақамымен айтыстым. Білмеймін, сол әуен жаныма жақын болды, негізі өзім ол айтысқа дайындықсыз барғанмын, тіпті мақамды да ойластырмағанмын. Тура сол жерде сол мақаммен шығып едім, бірақ халыққа ұнады. Өзіме де айтуға да ыңғайлы, суырып салған кезде ойыңды жинақтауға да, буынды түсіруге де қолайлы. Әсіресе соңғы түйінді айтатын кезде біздің ойымыз жиналмай кетеді. Сол жерде оның буыны басқа мақамдарға қарағанда ұзақтау болғандықтан септігін тигізеді. Әйтпесе осымен айт немесе айтайыншы деген ой болған жоқ. Жалпы бұл бір кездейсоқтық десек болады.

Қарашаш Есенбай: Жаңа өз сөзіңізде айтып қалдыңыз, спортты жақсы көрдім деп. Әрі өзіңіз біршама уақыт шұғылданған да екенсіз. Оны жалғастырмай кетуіңізге түрті болған анаңыздың сөзі ме?

Мөлдір Айтбай: Иә, мен бала кезден спортты жақсы көрдім, ол менің арманым болды. Жалпы қанда бар нәрсе жатпайды ғой, анам ақын болмайтын жерден мені босқа сүйреген жоқ. Өлең жазатынымды, жаза алатынымды білген соң сүйреді. Десе де, менің арманым спорт болған еді. 2015 жылы «Мөлдір-өлең» атты алғашқы кітабымды шығарып, жазушылар одағында тұсауы кесіліп жатқан кезде бұл менің емес, анамның арманы екеніне көзім жетті. Содан кейін өз арманыма қол жеткізгім келді. Өйткені 40-50 жасқа келіп, «Мен кезінде валейболмен айналысып едім...» немесе «Мен де кезінде ән айтып айтып едім...» деген апаларымыз көп қой, бірақ ешнәрсеге жетпеген. Мен солар сияқты бос әңгіме айтқым келген жоқ, сондықтан 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап спортқа ден қойдым. Дзю-до немесе еркін күресте бәсекелестің көп екенін байқадым, оның үстіне мен біраз уақыт айналыспағандықтан ол жақта жетістікке жету көпке созылатынын байқап, ережесіз жекпе-жектің негізі болып табылатын панкратион және грэпплинг деген спорт түрлерімен айналыстым. Сол жылдың наурыз айында, жаңағы Шымкенте Нұрланмен айтысатын «Наурыз айтыстың» алдында, 8 наурыздың қарсаңында мен Қазақстан чемпионы болдым. Сосын Азияға жолдама алдым, мамыр айында Азия чемпионатына қатысып Азия чемпионы болып келдім. Содан кейін сол грэпплингтен Қазақстанның спорт шебері атандым. Қыркүйек айында әлем чемпионатына баруым керек еді, бірақ мен одан бас тартып айтысқа кетіп қалдым. Өйткені ол спортпен мәңгілік айналыса алмайтынымды түсіндім. Әрі қарай қыз баласы беті көгеріп, қолы сынып жүруге лайық емес екенін ұқтым. Бастысы мақсатыма жеттім, мүмкіндігімді көрдім шүкіршілік етемін. Сондықтан сөзбен болсын, іспен болсын кез келген адаммен қарсыласуға дайынмын (күліп).

Қарашаш Есенбай: Охо, сіздің құпияларыңыз енді ашыла бастады ғой... Қазір спорттан кеттіңіз, айтыскерліктен басқа да айналысатын кәсібіңіз бар шығар?

Мөлдір Айтбай: Айтыскерліктен басқа осы жылы «Мөлдір» деген баспа үйін ашқанмын. Сол баспа үйінен кітаптар шығарып жатырмыз, менің қазіргі табыс көзім сол баспа үйім деп айтсақ болады. Еш жерде жұмыс жасамаймын, мемлекеттік немесе басқа да орындарда жұмыс жасау үшін тәртіп керек, ал мен тәртіпсіздеумін (күліп). Оған қоса, айтыскер болу үшін еркіндік керек, ал еркіндікке кәсіптен басқа ештеңе мүмкіндік бермейді. Сондықтан осылай жасауды жөн көрдім.


Қарашаш Есенбай: Қазіргі кезде жастардың дені кәсіпкерлікке ауысып жатыр. Сіз жас кәсіпкер ретінде айтыңызшы, өзіңнің ісіңде табысты болу үшін қандай қасиет керек?

Мөлдір Айтбай: Кәсіпкер болу үшін мидың қызметі керек. Енді менің миым қатты істейді деп айтпай-ақ қояйын (күліп). Мысалы менің екі кітабым «Мөлдір-өлең» атты кітабым 2015 жылы, ал осы жылы «Сыйлық» атты кітабым шықты. Сол екі кітапты шығару барысында мен баспалар арасындағы айырмашылықты көрдім. Мысалы аты шулы баспалардың қызметі өте қымбат, ал ешкім білмейтін баспаларда өте арзан болады. Қазір кітап шығарғысы келетін адам көп, біреу соғыстағы атасы туралы жазғысы келеді, біреу өзінің атын өшірмеу үшін шығарғысы келеді, ол кісілер жоғарыдағы айырмашылықты сезінбейді. Мен сол ортада жүргеннен кейін біразын көрдім және мемлекеттік тапсырыспен кітабым шықпаған ақындардың бірімін (күліп). Сол себепті осы кәсіпті таңдадым. Менің қолымнан сұлулық салоны, фитнес зал немесе сауда дегендер келмейді екен. Өзіме жақынын таңдадым, жеке кәсіпкер болу үшін нақты қасиет керек деп айта алмаймын. Бірақ миды жұмыс істету керек. Көзін таба білу керек қой.

Қарашаш Есенбай: Енді әңгімемізді қайта айтыс тақырыбына қарай бұрсақ... Сахнада өзіңізден қайсарлық, өжеттік көрініп тұрады. Бұл мінез қыздың тағдырына әсер етеді деп жатады. Осы тұрғыда, өз өміріңізге әсер еткенін сездіңіз бе?

Мөлдір Айтбай: Айтыстағы қайсарлық дегенде, мен өмірде де сондаймын. Сахнада қайсар қыздың маскасын киіп, өмірде биязы болып қаламын деп айта алмаймын. Дәл осы мінезіммен шығамын, өмір бойы осылай қала беруімде мүмкін. Әлі күнге бойдақ жүруімнің де бір себебі осы шығар (күліп). «Заманның түлкі болса, тазы болып шал» дейді ғой, мына заманда қайсарлық та керек сияқты. Бірақ көрінгеннің бетінен алып, бәрімен айтыса кететін бетбақ емеспін. Орнымен, жөнімен, ретімен керек уақытында от алатын қайсарлық. Мінезімнің осындай болғанына ешқандай өкпем жоқ. Қатал емеспін, бірақ енді мейірімді де емеспін. Екеуінің ортасында жүремін, қайсарлық деп отырғаныңыз сол тікмінезділік шығар?! Иә, жасандылықты, екіжүзділікті ұнатпаймын. Сол мінезбен біраз жерде бір кісілермен келіспей қалған кезімде болған. Бірақ олар сол келіспей қалуға лайықты кісілер және олармен келіспей қалғаныма әлі күнге қуанамын. Ал тағдырыма зиянын тигізіп жатқан жері жоқ. Жүрегіме жақын адамдарға өте мейірімдімін деп ойлаймын.

Қарашаш Есенбай: Жасандылықты, екіжүзділікті жек көресіз. Ал өнерде әділетсіздік көп болады ғой. Сол әділетсіздікпен бетпе-бет келген кезіңіз бар ма және сол кездегі сіздің әрекетіңіз қандай болды?

Мөлдір Айтбай: Иә, ол рас әділетсіздік өмірде, оның ішінде өнерде көп болып жатады. Ол кездегі менің әрекетім үнсіздік және шынайы жымиыс қана. Мен бас жүлде аламын деп тұрған жерде орынға ілікпей қалатын немесе осы біттім-ау деген жерде бас жүлде алып кетіп жатқан жерлерім көп. Сондай кезде менің ойлайтыным, бұл - Алланың қалауы.

Қарашаш Есенбай: Сіз үшін сахнада кіммен тартысқан ұнайды, болашақта кімдермен кездескіңіз келеді?

Мөлдір Айтбай: Батырға оң-солының бәрі бір дегендей, мен үшін қарсыластың айырмасы жоқ. Нақты осы адаммен шыққым келеді деп айтын жан жоқ. Жәй ауылда қазақ тілі, әдебиетінен сабақ беріп жүрген адаммен де, 60 жастағы қартпен де, 13-тегі енді домбыра ұстап жүрген баламен де айтысамын. Ешқашан маған қарсылас кедергі тудырып немесе пайдасын берген кезі жоқ. Ол сахнаға шыққан соң жауым деп есептей алмаймын. Айтыс сахнасындағы жұп бір арбаға жегілген екі ат сияқты. Егер біреу қатты шауып, біреуі қалып қойса арба сүйрелмей қалады. Соңғысы сүйріліп өледі. Қатарласып шабатын немесе сенен оза шабатын адам болса ілесіп отыруға тіпті жақсы. Ең бірінші Таразда Ахметжан Өзбековпен айтысқан болатынмын. Сол кезде өзіңнен биік, тәжірибелі ақынмен айтысқан жақсы екенін түсіндім. Енді қазір айтыс сахнасында жүрген атақты, атақты еместермен де айтыстым. Нақты бір адамды айта алмаймын, бәрімен де айтысқым келеді.


Қарашаш Есенбай: Жақсы. Енді өзіңіздің поэзия жазатын қырыңыз бар екен, әрі айтыскерсіз. Бірақ осы екі тараптың өзара бітіспейтін даулары бар. Жазба ақындар мен айтыскерлер арасындағы текетірестің қай жағындасыз?

Мөлдір Айтбай: Айтыс ақындарымен жазба ақындардың арасындағы текетірес дегенде, мен өзім екі жағында ұстап жүргендіктен ол жағын жақсы білемін. Біздің көп поэзия ақындары айтыскерлерді мойындамай жатады, ал айтыс ақындары поэзия жасатындарды тым қияли, өзіне бір шар жасап алып соның ішінде өмір сүреді, өз тағдырларын өздері мұңға батырып жүр деп ойлайды. Бір қарасаңыз екеуі де ұйқастың айналасы болып көрінгенімен екеуі екі түрлі әлем, екі түрлі өнер. Айтыскер ақын бір сәтте бір кітаптық өлең айтып тастай салуы мүмкін, поэзия ақыны сол бір кітаптық өлеңді өмір бойы жазуы мүмкін. Айтыс ақыны мықты, поэзия түк емес деп те айта алмаймын. Кейде айтыс ақындары поэзия ақыны жазған бір шумақты жазу үшін өмір бойы ойлануы мүмкін. Көбінде айтыскерлердің сөзіне тиек болатын Бұқар Жыраудың, Махамбеттің, Абайдың өлеңдері, бұлар әлі күнге бізге қорек. Өйткені соны теңеу қылып, мысал етіп айтып отырамыз. Ол екеуі бір-бірінсіз өмір сүре алмайтын, бірақ бір аспанға сиыспайтын ай мен күн сияқты деп айта аламын. Айтыс ақыны немесе поэзия ақыны мықты деп айтқым келмейді. Өзім екеуінде де жүргендіктен айырмасын түсінем, салмағын сезінемін. Екі жаққа да үлкен құрметпен қараймын.

Қарашаш Есенбай: Жақында сіздің сөзіңізде жазылған әндер халыққа тарай бастады. Бірақ әнге сөз жазу кəсіп түріне айналып кетті, сапасы да жойылып жатыр деп айтатындар көп. Сіз жазба ақын, əрі айтыскер ретін оның мазмұнына қаншалықты мəн бересіз? Тапсырыспен сөз жазу қиын емес пе?

Мөлдір Айтбай: Қазір ән мәтінінің сапасы еліміздегі ешқандай органмен, мәдени басқармамен тексерілмейді. Сондықтан "Құдағи, бір би" дегенді де әнге айналдырып жатыр. Көбі жеңіл сөзге құмар, бір өзім қазақ сахнасындағы ән мәтінін жөндеймін деп айта алмаймын. Бастапқыда жеңіл сөз болмауына, ұйқассыз кетпегенін қалайтынмын. Ал қазір дұрыс айтасыз, кәсіпке айналды. Менің де кәсібім сол болғандықтан, орындаушының талабына сай жеңіл сөз десе жеңіл, тағдырлы сөз десе тағдырлы жазып бере беремін. Мәтіндерді тексеретін арнайы комиссия құрылмай, менің қолымнан ештеңе келмейтіні белгілі.

Қарашаш Есенбай: Мөлдір, өзіңізбен сөйлесіп отырып бар өнерді бойыңызға жинағаныңызға қызығып отырмын. Десе де қыз баланың мұраты бәрімізге белгілі ғой. Жаңа бойдақ жүргеніңізді айтып қалдыңыз... Жалпы сөз байласып жүрген адамыңыз бар ма? Тойдың ауылы жақын ба?

Мөлдір Айтбай: Сөз байласқан адамым бар, Алла қаласа жар, ана атанамын деген мақсатпен өмір сүріп жүрмін. Үнемі сұқбаттарда айтып жүремін біз өзі айтыстарда біреудің жары, келіні болып кетіп жүреміз ғой. Сол ауылға барсаң әжелер орамал салып, келінсің деп жатады. Оңтүстіктің қызы болғандықтан салт-дәстүрді жақсы білемін. Жар болуға дайынмын, қалғаны Алланың жазуымен. Бұйыртса, келесі жылға жоспарымыз бар.

Қарашаш Есенбай: Мен де сізге бақыт тілеймін. Сұрақтарымызға жауап беріп, уақыт тапқаныңыз үшін рақмет!