Танымал әзілкеш, режиссер Дастан Қалдыбаев : ​«Миллиондап берсе де тойға бармаймын»

0
1 161

«Мен өзімді актермін деп есептемеймін»


Танымал әзілкеш, режиссер Дастан Қалдыбаев : ​«Миллиондап берсе де тойға бармаймын»

Актер, режиссер, танымал әзілкеш Дастан Қалдыбаев «Менің өмірім» бағдарламасына сұхбат беріп, шығармашылығындағы жаңалықтармен бөлісті.


- Дастан, сіз көбіне комедия бағытындағы фильмдерді ұсынып жүрсіз. Басқа жанрларға тісіңіз батпай ма, қалай?

- Байқасаңыз, менің «Күшік құда», «Донор», «Студент көке» деген үш фильмімді таза комедия деп айтуға келмейді. Драма аралас, соңғы түсірген «Студент көке» фильмін трагикомедия деп айтсақ қателеспейміз.


- Дегенмен күлкі жағы өте басым...

- Ол енді, мен өзім пәленбай жыл КВН ойнадым, бала күнімнен әзілге жақын болдым. Әзіл әлемінде жүріп, қанша жыл жинаған тәжірибем бар, қолымнан келетін дүниені жасауым керек. Ал енді басқа жанрларды түсіреміз бе, ол жағын уақыт көрсетеді. Бұнымен тоқтап қалмаймыз, бұйыртса. Құдай қаласа, жасымыз алпысқа келер. Ол кезде әзіл де, басқа да бір орында тұрмайды, заманға сай өзгере береді. Сол уақыттарда біздің әзіліміз өтімсіз боп қалар, мысалы. Кім біледі, әр нәрсе уақытымен дейді ғой.


- Сіз түсірген үш фильмде де Қуандық Шәкіржанов басты рөлде ойнайды. Одан басқа актер жоқ па?

- Осы сұрақ маған өте көп қойылады. Мен осылай сұрақ қойғандарға «Қуандық ағаның ойнағаны сізге ұнамай ма?» деп қарсы сұрақ қоятын болдым. Бәрі «ұнайды» дейді. Онда жауабы табылып тұр емес пе? Иә, Қуандық ағадан басқа актерлер жетерлік. Өте көп. Бірақ, әр актердің өз ерекшелігі болады. Қуандық ағаның актерлік шеберлігі мықты. Ол кісімен жұмыс істеу жеңіл, ыңғайлы. Екеуміз біраз уақыттан бері әріптеспіз. Оның аузынан қандай сөз шыққанда күлкілі боп естіледі, не айтса өтімді болады, бәрін біліп алғанбыз.


- Біз «Қуандық ағаны түсіретін себебі, қаламақыны аз сұрайтын шығар» деп ойладық. Ол кісінің гонорары қанша?

- Жоқ, олай емес. Керісінше, Қуандық ағаның гонорары жыл санап өсіп келе жатыр. Ол кісінің гонорарының өсуіне біз де жақсы атсалысып жатырмыз деп ойлаймын. Қазір сұранысқа ие актерлердің бірі, мүлдем уақыты жоқ. Алдын ала, жырты жыл бұрын келісіп, белгілеп қояды.

Алғашқы түсірген «Квартиранттар» фильмі Қуандық ағаға арнап жазылды. Одан кейін «Донор» фильмін жазғанда Қуандық аға жайлы ойламадым. Тың идея, жұртқа өтімді тақырып іздеп, сценарийді жазып болғада Қуандық ағаның образы құйылып, келе қалады. Ендеше, неге ол кісіні ойнатпасқа?!


- Осы ретте Баян Алагөзова жайлы сұрамасқа болмайды. Ол кісі «Күшік құда» фильмінде, «Донорда» да түсті. Үшіншісінен көрмедік...

- «Студент көке» фильмінде ол кісіге лайықты рөл жоқ болды. Ол кісі кәсіпкер әйел, қалталы, қаланың кербез келіншектерінің образына көбірек келеді. Сондықтан кім біледі, болашақта сондай образға тура келіп жатса, ұсыныс білдіретін шығармыз.


- Кино түсіргендер байып кетіпті дегенді естіп жатамыз. Сіз үш кино түсіріп қанша табыс таптыңыз?

- Иә, ондайлар бар. Қаншалықты байып кеткенін білмеймін, бірақ жақсы табыс тапқандар бар. Жоқ, мен әлі оншалықты табыс таппадым. Үш фильм де сәтті, мағыналы боп шыққанымен, маркетинг жағынан кенжелеп қалдық. Жарнамасы аздау боп қалды. Қазіргі жастар әлеуметтік желіде өте белсенді, қаншалықты оқырманың көп, шығарған өніміңді қаншалықты жақсы жарнамалайсың, қаншалықты танымалсың, соншалықты өнімің өтеді. Мен көптен бері экраннан көрінбей кеттім, біздің жұмыс камераның сыртында боп, көпшіліктің көзінен таса қалдым. Соның бәрі әсер етеді екен.


- Түсу, танымал болу өз қолыңызда ғой, түсе бермейсіз бе?

- Менің жасыма сай келетін образ жоқ боп жатыр. Мен түсіріп жатырмын, барлық жерге түсе берем деуге болмайды. Әр образдың мінезі, жас ерекшелігі, фактурасы болады. Сондықтан әр нәрсені өз маманына, лайықты адамына берген дұрыс.


- Болашақта өзіңізге арнап сценарий жазып, басты рөлге түсу ойыңызда бар ма?

- Жоқ, ондай ой мүлдем жоқ. Фильмнің басты рөлін мықты, танымал, тәжірибелі адам ойнауы керек. Ал мен өзімді актермін деп есептемеймін. Актерлік шеберліктен дәріс алмағанмын. Біз тек сол КВН ойнадық. Қарапайым нәрселер қолдан келер, бірақ енді үлкен рөлді бастан-аяқ алып шығу үлкен жауапкершілік, тәуекел. Басты рөлге түскен адам жақсы ойнап қана қоймай, өз абыройымен көрермен жинап бере алуы керек. Ал мен өз деңгейімді білем.


- Кино нарығында бәсекенің болуы заңды шығар. Сіз өзіңіздің бәсекелесіңіз ретінде кімді көресіз?

- Жоқ, мен ешкіммен бәсекелескім келмейді. Қарсыласым жоқ. Өзімнің жұмысымды жасап, қай уақытта көрсеткім келеді, көрсетіп, өз алдыма тіршілігімді жасап жатырмын. Бұйырған халық келеді, бағасын береді, болды.


- Дегенмен де әріптестеріңіздің туындыларын барып, көретін шығарсыз?

- Иә, шақырса, уақытым боп жатса жабық көрсетілімдерге барып, әріптестерімді қолдап, көріп қайтамын. Кішігірім жарнамасына көмектесіп, «Инстаграмға» салып, стористе белгілеп кетемін. Ондай өз арамызда бар, қолдау білдіріп тұрамыз.


- Тағы бір фильм түсіріп қойыпсыз, есітіп қалдық. Оның аты қандай?

- «Онда біреуден туып ал» деп аталады, түсіріп қойдық. Жақында жарыққа шығады. Басты рөлде Жұлдыз Абдукаримова ойнайды. Тұрмысқа шықпаған, кәрі қыздың рөлін сомдайды.


- Тақырыбы ерекше екен, идея қайдан келеді, жалпы? Өз өміріңізге қатысы бар ма?

- Бірден айтайын, бізде көшіру деген жоқ. Бірдеңені көріп алып, «осыған ұқсатып жасайын» деп ойламаймын. Ондайды жек көретін адаммын. Таза ойдан, қиялдан туындайды. Қиял болғанда да өмірде бар, болған жағдайлар ғой, соны ары қарай өрбітіп әкетеміз. Жақсы фильм өмір сияқты болуы керек. Ол үшін ой еңбегі қосылады, неше күн, неше түн авторлармен ақылдасып, пікірлесіп отырып жазылады.


- Тойға шығып, асабалық қызмет көрсетесіз бе?

-Тойда өнер көрсетуді тоқтатқанмын. Бір уақтары, жас кезімізде тойға шығып, өнер көрсететінбіз. Соңғы оншақты жылда тойға баруды доғардым. Миллиондап берсе де бармаймын. Той жүргізу – жеңіл ақша. Дайын сценарийді алып алып, күнде әр тойға барып жүре берсең шығармашылығың тоқтап қалады. Жеңіл келетін ақша арбайды, дамымай қаласың. Күндердің күнінде жасың келеді, сенен де мықты асабалар шығады. Сол кезде екі қолыңды мұрныңа тығып, «ойбайлап» қаласың. Өзім осылай пайымдадым да, тойға тоқтау салдым.


- Әңгімеңізге рахмет, шығармашылық табыс тілейміз.


Сұхбатты «Ютуб» арнасынан ықшамдап жазған - С. МАҚҰЛБЕК.