«Толықтығымның кесірінен махаббатта жолым болмады»
Әлеуметтік желіде көпшілікке блогер болып танылып, бірте-бірте кино актрисасы атанып кеткен Айшолпан Байтүгел «Парадокс» подкастына сұхбат беріп, жеке өмірі, шығармашылығы жөнінде әңгімелеп берді.
- Айшолпан, сен желіде «Айшолпан Хеппинес» деген атпен танылдың. Оны әлгі желілік маркетингте істегенің үшін солай атадың ба?
- Мен ондай желілік маркетингте істемеймін. Геморройдың мазін сатқан емеспін. Кейбіреулер түнгі сағат 3-те «сондай мазь бар ма» деп хабарласады. Кейде адамдардың соншалықты сұранысын көріп, әлгі жақпа майды сатып кеткім келеді. Бірақ менің «хеппинес» деп ағылшынша қосқаным, «бақытты» деген мағынаны білдіреді.
Мен парақшаны ашқанда блогерліктің иісі де шықпаған-етін. Бір құрбымнан сол сөзді есітіп, мағынасын сұрап, ұнаған соң жаза салғам. Қазір енді қарап отырсам, блогерлікті жүргізіп талай оқырманға күлкі сыйладым ғой, атымды дәл тауып қойған екенмін.
- Негізгі мамандығың қандай? Ол салада жұмыс істемедің бе?
- Жоғары білім алғам. Құдайға шүкір, әке-шешем оқытқан. Кейде менің «в» әрпіне тілім келмей қалады. Сонда оқырмандарым «оқымағансың ба, сауатты сөйлесей» деп жазып жатады. Сондықтан айта кетейін, биология пәнінің мұғалімі мамандығын алып шыққанмын. Бірақ мұғалім боп істемедім, себебі ол маған ұнамайтын мамандық болды.
- Онда ол оқуға неге түстің?
- Мен негізі қазақ тілі пәніне өте жақсы едім. Мектепте тіл жағынан байқауларға қатысып, Абайдың өлеңдерін жаттап, айтысқа қатысып, жан-жақты атсалысып жүруші едім. Бірақ солай болып қалды енді. «Театр өнеріне немесе журналистика саласына оқимын» деп айтқанымда мамам «Ол екеуі де жарамайды, театрда айлық аз, ертең күніңді көре алмай қаласың. Одан да билогияны таңда, стоматолог боласың» деп ақыл айтты. Тіс дәрігері болам деп биологияны таңдадым, бірақ балл жетпей, мұғалімдікті таңдап, Қызылордада оқып шықтым. Бірақ өте нашар студент болдым, өзім ұнатпаған сала болғасын қосымша жұмыс істеп, сабаққа ара-арасында барушы едім.
- Қосымша қандай жұмыс істедің?
- Бастапқыда өзіміздің дүкеніміз болатын, сонда істедім, кейін төрт жыл сауда өкілі боп, әр дүкенге тауар ұсынып, жарнамалап жұмыс істедім.
- Бір сөзіңде «блогер болып ояндым» деп айтыпсың. Бұл қалай болды, айтып берші.
- Блогер болуды ойлаған емеспін. Бірақ бала күнімнен пародия жасағанды ұнаттым. «Шаншардағы» Туканың, Жұлдызай әпкенің өнерлері тик-токта хит бола бастады. Сөйтіп аузымды жыбырлатып, солардың айтқанын қайталап, өзімше видео түсіре бастадым. Соған жұрттар пікір жазса, қуанып, күліп, мотивация алып жүргенмін. Бір күні ресейлік бір блогердің «үш минуттық макияж» деген видеосын көрдім. Осылай түсіріп көрейін деп, отырып түсіре салдым. Ол көрерменге жақсы өтті, біраз адам жазылды. Сосын «Тик-ток стрим» дегенге қатысып, ақша тапқым келді. «Маған мың адам жазылса, «стримге» қатысады екем, жазылыңыздаршы» деп өтініш жасадым. Азанда ұйқыдан тұрсам 10 мың адам тіркеліп қалыпты. Солай басталып кетті бәрі.
Рилс деген не, қандай видео түсіру керек, ештеңеден хабарым жоқ. Оқырмандарым «салсай, түсірсей» деп сұранатын, солардың айтқан нәрселерін түсіре беріп, танымал боп кеттім. Күннен күнге оқырманым көбейе берді. Оқырман саны 70 мыңға жеткенде Айнұр Тұрсынбаева мен Құралай ханымды көріп, соларға еліктей бастадым. «Арманға жету үшін былай істе, бүйт, сөйт» деп неше түрлі ақыл айтады, соның бәрін бұлжытпай орындаймын. Күн құрғатпай айтқандарын жасадым. Бірақ дым нәтиже шықпады.
Бір күні көңіл-күйім түсіп кетті де, «Не боп кетті, арманға жақындаймыз ба десек неше түрлі шарттарды шығарып, алыстатып жібердіңдер ғой» деп видео түсірдім. Сол халыққа кең таралып, Айнұр Тұрсынбаева мен Құралай ханымға да жетіпті. Олар менің видеомды өз парақшасында бөліскен екен. Ертеңіне жұлдыз болып ояндым.«Инстаграм» парақшама бірден 10 мың адам жазылды.
-Солай сен кинопродюсер Гүлнұр Мамасарипованың көзіне түстің, иә?
- Оқырман саны 40 мыңға жеткенде Гүлнұр Мамасарипова хабарласып, «киноға түскің келе ме» деп сұрады. «Келінжан» телехикаясына. Басында сенген жоқпын, «бәлкім айтып қоя салған шығар, кейін менен де мықтысын тауып, айнып қалатын шығар» деп ойладым. «Гүләпше, болды ма, киноға түсетін болдым ба» деп қайта-қайта сұрадым. «Болды, көпшіліктен сүйіншіңді сұрай бер» деп айтты. Сонда да кино басталғанша сенбей жүрдім. Өйткені Гүлнұр әпше 3-4 ай хабарсыз кетіп қалды. Үмітім үзіле бастағанда Алматыға шақырды ғой.
- Сенің блогерлік қырыңды, тик-токқа шыққаныңды, киноға түсе бастағаныңды ата-анаң қалай қабылдады? Олар сені мұғалім болады деп ойлаған шығар?
- Әкем менің әлі күнге нақты немен айналысатынымды білмейді. «Келінжанға» түсіп, ол эфирден көрсетілгенде барып, онда да жұрттар тойда «Мынау Айшолпанның әкесі ғой» деп бірге суретке түскенде аузы ашылып, «Менің қызым бірдеңе бүлдіріп қойды ма?» деп мамамнан сұраған ғой. Сол күні видеоқоңыраумен маған хабарласып, «Сен не істеп жатырсың?» деп бәрін сұрап, біліп алды. Ал анам бәрін білді, әлі күнге дейін мені қолдап, демеп отырады. Бұл салада ақша бар екенін, онымен жақсы табыс тауып, өмір сүре алатынымды мамам жақсы білді. Бірақ туыстарым әлі күнге дейін түсінбейді. Мамама сөйлеп, «Мына қызға қой демейсің бе?! Ертең қалай күйеуге тиеді, бұны енді ешкім алмайды» деп қарсы шыққан. Сонда да мамам «ешкімнің сөзін тыңдама» деп мені қолдады.
- «Келінжаннан» алған гонорарың қанша болды?
- Мен негізі Гүлнұр Мамасарипова ақша бермейтін шығар деп ойлағам. Тегін түсуге де дайын едім. Өйткені бұрын-соңды киноға түспегем, тәжірибем жоқ. Мені таңдағанының өзі үлкен жетістік болған еді. Бірақ ол кісі 21 күндік түсірілімге 630 мың теңге алдым. Бұл менің өмірімдегі ең көп тапқан айлығым болды. Сонымен несиемнің біреуін жаптым.
- Жеке өмірің жайлы айтып берші, құпия болмаса...
- Мен толық қызбын, осы толықтығымның кесірінен махаббатта да жолым болмады.Сөйлесіп көрген жігіттерім болды. Бірақ 99 пайызы менен бас тартты. Ол туралы қиналмай айта беремін. Кездесуге шығып келемін, келесі күні "блоктап" тастайтын. Бірнеше рет кездесуге шықтым, жақсы көрген адамдарыма өзім айтқан кездерім де болды. Бас тартты. Бірақ мұны өзіндік ирониямен қабылдадым. Кез келген дүниені айта алсаң, мойындай алсаң, жеңіл екен. Өмірімде маған ешкім ғашық болған емес. Меніңше жігіттердің менен бас тартуына басты себеп сол кездегі ішкі хәлім деп ойлаймын. Сол кезде қандай комплекс болды, бәрі алдымнан кезікті. Қазір мен өз-өзімді жақсы көремін.
- Дұрыс, Айшолпан. Бақытты бол, арманыңа жете бер!
Сұхбатты «Ютуб» арнасынан ықшамдап жазған – А.ҚАСЫМБЕК.