Еркебұлан Кенехан: "Қайраттың анасы 500 доллар гонорар бергенде азсынғанымыз рас..."

6
15 372

Еркебұлан Кенехан. Ол жігіттің атын танымасаңыз да, әндерін білетініңізге шүбәміз жоқ. Сүйгеніңіз салып кеткен жара сыздаған сәтте Қайрат Нұртастың орындауындағы «Өкпелей бершіні» талай тыңдаған шығарсыз?! Ал кейде сүйіктіңізге деген махаббатқа теңеу таппағанда Төреғалимен «Жүрегіме теңеймін» әнін бірге орындаған да боларсыз? Бұдан өзге көптеген хит әндердің сөзін жазған ақын, журналист жігітпен сіздерді де жақынырақ таныстырғымыз келді. Межелі уақыттан тұп-тура 1 сағат, 34 минутқа кешігіп келген әріптесіміздің себебіне сеніммен қарап, кеше кешкісін әңгімелесіп қайттық.


Еркебұлан Кенехан:

Ескерту: Автор және редакцияның жазбаша рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады.

Еркебұлан Кенехан. Ол жігіттің атын танымасаңыз да, әндерін білетініңізге шүбәміз жоқ. Сүйгеніңіз салып кеткен жара сыздаған сәтте Қайрат Нұртастың орындауындағы «Өкпелей бершіні» талай тыңдаған шығарсыз?! Ал кейде сүйіктіңізге деген махаббатқа теңеу таппағанда Төреғалимен «Жүрегіме теңеймін» әнін бірге орындаған да боларсыз? Бұдан өзге көптеген хит әндердің сөзін жазған ақын, журналист жігітпен сіздерді де жақынырақ таныстырғымыз келді. Межелі уақыттан тұп-тура 1 сағат, 34 минутқа кешігіп келген әріптесіміздің себебіне сеніммен қарап, кеше кешкісін әңгімелесіп қайттық.

Сәлем, Еркебұлан! Қалыңыз қалай? Алдымен өзіңізбен жақынырақ таныссақ, білуімше Ұлттық Университеттің түлегі екенсіз...

- Иә, кешіккенім үшін кешірім сұраймын, спорт мектебінде жұмыс істейтін едім, шаруаларға байланысты кеш шығуыма тура келді. Өзім туралы айтар болсам, 1991 жылы Бәйдібек ауданында дүниеге келгенмін. Мектепті ауылда бітіргеннен кейін, журналистика факультетіне түстім. Оған себеп болған 9 сыныптан бастап өлең жазғаным, одан бөлек түрлі байқауларға, оқуларға қатысып жүретінмін. Содан өзіме мотивация алған сияқтымын, әйтпесе, оған дейін журналист боламын деп армандаған емеспін.

- ЖурФак бітірдіңіз, танымал хиттердің авторысыз. Бірақ неге спорт мектебінде жүрсіз?

- (Күліп) Біраз бастан өткен жағдайлар да бар, оның бәрін ақтарып айтудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Қазір ОҚО Ұлттық спорт мектебінде баспасөз хатшысымын. Сол жердегі шараларды БАҚ арқылы хабарлап отырамын. Ал «хит» болғанда былай басталды бәрі, әнге сөз жазамын деп ойламадым. Оған ұстазым, жерлес ағам Жарылқасын Дәулет түрткі болды. Алматыға барған адам жерлестерін жағалайтыны бар ғой, сол сияқты біз де ағамыздың жанында жүрдік. Ол кісі маған қолдау білдіріп, көз қырын салып жүріп, әнге сөз жазуды үйрете бастады. Әнге сөз жазудың да өзіне тән қыр-сыры болады, соны үйрете бастады. Солай әнге сөз жазып кеттік, бірақ поэзиям кемшін қалып қойды. Оған көңіл бөлемін деп жүріп уақыт та өтіп кетіпті... 11-сынып оқып жүргенімде Жарылқасын ағам мұрындық болып кітабымды шығарып берген.

- Танымал әншілермен жұмыс істеу қалай басталған еді?

- Әнге сөз жазуды бастағаннан кейін, әуесқой сазгерлермен жұмыс істей бастадым. Алғаш рет Ерғали Көшербаев деген ағам менің «Өкпелей берші» деген өлеңіме ән жазды. Оны өздеріңіз білетіндей, Қайрат Нұртас орындады. Ол уақытта мен екінші курс оқитынмын, әрі қарай бір-біріне жалғасып кете барды.

- «Өкпелей берші» кең танылған әндердің бірі, сол хиттің гонорары қанша болып еді?

- Қайраттың мамасы әні мен сөзіне 500 доллар берген. Жасыратыны жоқ, азсынғанымыз рас. Оны бөлісе келе 100 долларын өзім алдым. Ал 400 долларын Ерғали көкеме бердім, өзіміз солай келістік. Ол кезде мен болашақта ақшаға жазамын деген мақсат қойған жоқпын. Маған өзімнің сөзімде жазылған әндерді танымал әншілердің айтуы қызық болды. Бірақ оған жететініме сендім! Менің түйгенім, өлеңге басыңнан өткен жағдайларды немесе өзіңнің сезінгеніңді бере білсең, сосын әннің буынына бағынбай, өз еркіңмен жазсаң, содан кейін оны әнге айналдырса шынайы шығады.

- Ол кезде бұл сома студент үшін жараған да шығар. Дегенмен одан кейін Қайратқа көп хиттар сыйладыңыз. Тиісінше ақысы да өсіп отырған шығар?

- (Күліп) Иә, әрине қазір еш ренжітпейді. Келісілген бағамызды береді. Қайрат бауырымыздың өзі де бір кездескенімізде алғысын айтқан болатын. Қазір ақша мәселесінде түсініспеушілік жоқ әрі өзім де ақшаның соңында кеткен адам емеспін. Бұйыртса, әлі талай хиттар сыйлаймыз.

- Өзіңіз көбінде әнге сөз жасасыз ба, әлде керісінше ме? Мысалы, инстаграм парақшаңызда «Әнге мәтін жазамын» деп жазып қойыпсыз...

- Мен екі жағдайда да жаза беремін. Алғашында Жарылқасын ағам әндерін беретін, соның табиғатын сезіну, әннің сұрап тұрғанын беру деген сияқты дүниелерді сол кісіден үйрендім, сондықтан мен әнге де сөз жаза беретін болдым. Бірақ оны «қатты» меңгеріп алғаным сонша, менің поэзияларым да әннің мәтінінен аспай қалды. Мұны біреу маған батырып айтып сынаған жоқ, бірақ өзіме солай көрініп жүр. Жақсы ақынмын деп айта алмаймын, бірақ жақсы оқырманмын. Дегенмен менің шығармашылығымдағы дүниелердің 60 пайызына өзім сөз жазсам, 40 пайызы менің сөздеріме жазылған әндер болып келеді. Мысалы «Өкпелей берші» сөзі жазылып болғасын ән жазылды, алғашқы «Шақыршы мені қасыңа» деп аталатын «Диарт» орындайтын әннің де бірінші мәтіні жазылған.

- Өзіңіз жаңа жақсы оқырман екеніңізді айттыңыз. Қазіргі таңда әннің сөздері көп сыналады. Сіз қаншалықты мән бересіз? Мысалы өзіңіз бірге әнге сөз жазып жүрген Құрманай әпкеміздің сөздері көп сыналып жүр...

- Өзіме келер болсам, маған біреу сын айтса дұрыс қабылдаймын. Қазіргі әннің сөзіне деген пікірлерді бір адам әсер етіп өзгерте алмайды. Бірақ сонда да мен ғажап дүние тудырмасам да, мазаққа қалатын дүние жазбаймын. Оған жібермеймін, өзім үшін жауап беруге тырысамын. Сосын әншімен жұмыс істеген кезде кейде сөзін түсінбей жататындар болады. Ондайлармен амал жоқ, түбінде байланысты үземіз, менің сөзімді қабылдамайтындарға реніш жоқ, басқаларымен жұмыс істей береміз. Ал Құрманай әпкеге мен сын айта алмаймын. Бірақ кейбір әндері ел-жұртқа ұнамай жататындығы, ол кісі өте тез жазады. Аз уақытта жазып беруге тырысады. Бірақ әннің сөзі кірпияз дүние, егер асықпай қараса Құрманай әпке осал ақын емес. Сондықтан оның жеңіл сөздеріне ештеңе дей алмаймын, арасында ондай жеңіл дүниені мен де жазып жүрген шығармын.

- Сіздің сөзіңізді түсінбей, байланысты үзген әншілер көп пе?

- Ондайлар көп, бірақ олардың атын атап, түсін түстеудің де қажеті жоқ. Өйткені оларды көпшілік тани бермейді. Бірақ басым бөлігі орыс тілді, орысша ойлайтын, Шахановша айтқанда: «орысша түс көретіндер!», бірақ қазақша айтқысы келетін жандар. Бұл қоғамдық емес, жеке бастың мәселесі болғасын оны жария етудің қажеті жоқ.

- Қазір сіздің сөзіңізде жазылған әнді Мақпал апамыз да орындап жүр. Жалпы өзіңізге кіммен жұмыс істеген шабыт береді?

- Алмас Мұхтарұлы деген сіздің жерлесіңіз бар, сол кісімен жұмыс істеген шабыт береді. Тек шығармашылық қана емес, достық қарым-қатынастамыз. Бір жазда екеуміз отыз шақты дүние жазған болатынбыз, олардың бәрі бірден иесін табуы мүмкін емес, бірақ алдағы уақытта иелері табылады деген ойдамын. Ішінде танымал болып үлгергендері де бар, мысалы Қайрат Нұртастың орындауындағы «Ұяң қыз», «Шіркін-ай», Төреғалидің «Жүрегіме теңеймін» деген сияқты хиттары. Одан бөлек иесін күтіп тұрғандары да жетерлік. Қазір Алмас екеуміз Бақытжан Тоқтасын есімді кішкентай бауырымызды байқауларға қатыстырып, ортақ дүние жасап жүрміз. Жасөспірімдердің табиғатына сай дүниелермен де айналысып көргіміз келеді. Сонымен қатар, өзімнің ең қатты жақсы көретін әншім Мейрамбек Беспаевпен жұмыс істегім келеді. Бірақ жұмыс істегім келеді дегенмен де, адамдарға өзім «Менің сөзімді орындаңызшы» деп ұмтылмаймын. Тек кездесіп жатсақ, айтуым мүмкін. Мейрамбек ағамыздың талғамын жақсы көремін, оған сай сөз жазғым келеді. Негізі көбінде әншілерге менің сөздерім сазгерлер арқылы барады.

- Бірінші рет 100 долларға жазылған сөздердің гонорары қазір көтерілген шығар?

- Көтерілді, бірақ соншалықты көп те емес.

- Жақында «Төреғали авторларға мардымды гонорар бермейді» дегенді естідім. Ол кісімен сіз де шығармашылық байланыстасыз ғой, осы сөз қаншалықты рас?

- Сіз менің әңгімемді естіп қойған жоқсыз ба? (Күліп) Мен айттым ғой жаңа, әншілерге менің сөздерім сазгерлер арқылы барады. Екі әніме де ақша алмадым, оны өзім де сұраған жоқпын, ол да «сен авторсың ғой» деп гонарар берген жоқ. Мүмкін ұмытып та кеткен шығар, өкпе де жоқ. Авторы екенімді концерт, сұқбаттарында айтып жүр. Төреғалиды өзім бір-ақ рет көргенмін. Қазір ол бір өзі емес, команда болып жұмыс істейді ғой, бұл жағдайды командасындағы адамдар да шешіп тастай алатын еді. Оның үстіне бұл шығармалар бірден орындалған жоқ, «әне-міне орындаймын» деп жүргенде 1 жыл өтті, ол кезде ұмытылып та кетіпті. Ол бұл әндерді 1 жылдан кейін шығарды ғой...

- Демек екі әніңізге де тиын да алмадыңыз. Негізі замандасыңыздың соңғы кездегі оқиғаларына қалай баға берер едіңіз?

- Меніңше Төреғалидікі дұрыс емес! Өзі де оны мойындап, кешірім сұрап жатыр. Бұл қаншалықты маған қойылатын сұрақ екенін білмеймін, бірақ сіз сұрағасын айтайын. Арасында жоқпыз, егер айтылып жүрген әңгімелер шын болса, Төреғалидікі қате! «Адам түсініскенше, ат кісінескенше» дейді, өзінің белгілі бір себептері бар шығар?! Қасында жүрген жоқпыз ғой...

- Өнерде жүрген жансыз ғой, сол жақтағы қандай жағдайларға «әттеген-ай» деп қарайсыз?

- «Әттеген-ай» дейтінің - авторлардың еңбегі қатты көрінбейді. Мысалы гонорардың аздығы, бұны айтқандығым өнерді саудаға салғандығым емес, қазіргі қоғам арғы жағында ештеңе жоқ болса да, арсызды қолдап тұр. Мүмкін біз жарнамаға жұмыс істей алмай жатқан шығармыз?! Әрі халыққа танымал еместігіміз, шығармашылық потенциалымыздың төмендігі себеп болып жатқан болар. Одан кейін, тағы бір кемшілігі авторлардың аты аталмайды. Қазақ эстрадасында санаулы ғана Сәкен Майғазиев, Төреғали сияқты жігіттер ғана авторын қоса айтып жүреді.

Тағы бір мәселе кез келген адам қаласа әнші болатын заман болды. Ақшасы болса көшедегі адам да оқыстан бұрылып ән айта салады. Олар жақсы ән жаздырып, соны айналдырып айта беруге болатынын біліп алды. Бір шаблонмен жүздеген тойларды атқарады, ақша табуды ғана көздейтіндер көп. "Ұялмаған әнші болатын" заманның өзі келді, даусы болмаса да әнші болады. Егер таланты болса, оған дау жоқ, бірақ өз ісі емес екенін біле тұра аға буынның алдын орап жүргендер бар.

- Сіздің бірнеше өлеңдеріңізді оқып шыққан едім, ішінде мұң басым сияқты. Соның бірі «Өмір тұман, сәттері көп шуақсыз...» деп басталады. Шынымен шуақсыз күндеріңіз сондай көп пе?

- (Күліп) Енді әр адамның сезінгеніне, табиғатына байланысты ғой, өзім лирик ақынмын. Жеке өміріме қатысты осы кезге дейін ондай күндердің болғаны рас. Оған өзімнің де кінәм бар шығар? «Тағдырды адам өзі жасайды» дейді, сондықтан өмірге кінә артпаймын. Өзіміздің де жастығымыз, албырттығымыз болды, ешкімнен жаманшылық, сатқындық күтпейтін кездер ғой. Өзімнің сондай үлкенді-кішілі алып жүрген соққыларым бар. Оны ашып айтудың қажеті жоқ. Менің ұққаным, өмірді шынайы қабылдаған сайын депрессияға көп түсесің. Өмір болған соң алдану арқылы ғана алданбауға үйренесің!

- Сіздің әр шығармаңызды бір оқиға бар екені көрініп тұрады. Соның ішіне ерекше тарихы барын айтып беріңізші?

- Ерекше тарих... (күліп) әркімнің тарихы өзіне ыстық қой, студент кезде өзімнен екі жас үлкен қызға ғашық болғанмын. Сол қыз екеуміздің бар жоғы 3 айлық махаббат тарихымыз бар. Белгілі бір себептерге байланысты ол қызбен арамыз ажырады. Қазір күліп еске аламыз ғой, бірақ ол кез мен үшін мұңлы болды. Сол уақытта «Шақыршы мені қасыңа» деген өлең шықты, ол әнге айналды. Ұмыта алмай біраз жүрдім, өзімді әнмен де жұбата алмадым. Бірақ ол қыз өзге біреуге тұрмысқа шығып кетті. Кейін тағдырға көндігіп, «Өкпелей берші» жазылған болатын, бұл әндердің өзіне жазылғанын ол білді. Қайрат Нұртас осы әнді орындап жүргенде сол қыз әлеуметтік желіде «Сенің әндерің алдымнан шыға берді ғой...» деп жазған болатын. Айтуынша, бірде Қызылордаға автобуспен бара жатқанда жолда жүргізуші үзбей қойған екен. Одан түсіп, ауылына қарай таксиге отырса тағы да «Өкпелей берші» қосылып тұрыпты...

- «Жүрекпен келші...» деген өлеңіңіз бар екен, айналаңызда жүрексіздер көп пе? Жалпы күткеніңіз жүрекпен келді ме?

- Жетеді ғой, жүрексіздер. Бірақ жүрекпен әлі келген жоқ! Қайда жүр екен өзі (күліп)? «Әрекетіңе берекет» дейді, әрекет еткенсіп жүрміз...

- Жақсы, жаныңызда жүрегі бар жандар көбейсін деп тілейміз! Сұқбатқа келіскеніңіз үшін рақмет!


Фото: erkebulan_kenekhan

Автор: karashash_esenbay

ERNUR.KZ