Қыста ЖАУРАМАУ үшін қалай КИІНУ КЕРЕК?

0
2 338

Мұны білетін бе едіңіз?


Қыста ЖАУРАМАУ үшін қалай КИІНУ КЕРЕК?

Тамаққа тоюмен іс бітпейтіні белгілі. Негізгі көңіл бөлу керек нәрсе – киім екені де екінің біріне аян. Тек, дұрыс киіну жағынан кейде білімсіздік танытамыз.


Өз жылуым өзімде болсын десеңіз, «көпқабатты» стилін ұстаныңыз. Сеніңіз, бір кофтаның сыртынан ішік-тон орансаңыз да, бойыңыздың жылы болуы екіталай. Ал, бірінің сыртынан бірі киілген майка, жейде, кеудеше, жемпір және ең сыртынан киілген жеңіл күртеше жылуды әлдеқайда жақсы сақтайды. Өйткені, әрбір киім – ол жұқа болсын, қалың болсын, бір қабат қорған. Міне, сол себептен «қабат-қабат қаттама» болудан қорықпаңыз да, қысылмаңыз да.


  • Киімдер қозғалуға кедергі келтірмеуге тиіс

Денені қыспайтын, керісінше, кең болып тұратын киімдер киіңіз. Қимыл-қозғалыс еркіндігі дененің жылуды жақсы бөлуіне ықпал етеді. Дәл қазіргі «оверсайз» сәнді болып тұрған кезде бұл да қиын шаруа емес.


  • Киімдеріңіз бөлме температурасынан жылы болсын

Киілетін киімді алдын-ала жылыту – жылы жүрудің тағы бір амалы. Шкафтан ала сатып кисеңіз, сыртқа шығысымен-ақ суыққа бой алдырады. Абзалы – жасанды жолмен жылыту. Ол үшін кимес бұрын біраз уақыт жылытқышқа іліп қоюға немесе ыстық су құйылған құтыға орап қоюға болады.


  • Анаңызды тыңдаңыз

Үйден шығарда үстіңізге бір қарап өтіңіз де, осы түріңізді көргенде анаңыз не айтар еді, соны ойлаңыз. Егер «басыңа ки», «қолғабың қайда?», «мойныңды ора» деген сияқты жаттанды үн жетсе, міндетті түрде құлақ асыңыз. Қазір мұндай аксессуарлардың сәнді де стильді түрлері толып тұр. Таңдағаныңызды алып, әрі жылы, әрі сәнді болып жүруге кедергі жоқ.

Осы орайда бес саусақты биялайдан көрі саусақсыз қолғаптың жылырақ болатынын айта кетейік.


  • «Табаннан өткен суық миға барады»

Бұл сөз де біразымыздың жадымызға бала кезден жазылған. Жазған – тағы да аналарымыз. Және олар дұрыс айтады. Аяқ жылы болмаса, басқа киімдермен бойымды жылытамын деу бекер. Сондықтан:

  • Үйден шығарда аяқкиімнің іші міндетті түрде жылы болсын. Ол үшін алдын-ала жылы бөлмеге кіргізіп қойыңыз немесе шығар алдында шаш кептіргішпен екі-үш минут ыстық ауа үрлеп жіберіңіз.
  • Аяқкиімнен су өткен болса, үйге дейін шыдамай, шара қолданыңыз. Полиэтиленді пакет тауып, шұлық орнына киіп алған абзалырақ. Кимес бұрын аяғыңызды құрғатып, кептіріңіз. Терлетіп, аздап жағымсыздық туғызуы мүмкін. Алайда, суықтаудан сақтайтыны үшін шыдауға болады.
  • Аяқкиімнің табанынан суық өтпейтіндей болсын. Мұны да алдын-ала қамдау керек. Ұлтарақ – міндетті. Мүмкін болса, ұлтарақ астына жұмсақ пенопластты алюминий жұқалтырдан төсеп жіберсеңіз, тіптен жақсы. Ол суық та, су да өткізбейді.


  • Әшекейден бас тарта тұрыңыз

Металдан жасалған әшекей бұйымдарыңызды жылы мезгілге сақтап қойыңыз. Қыста олардың қажеті шамалы. Киімдерге ілініп, кедергі келтіреді, суық тартып, денені тоңдырады дегендей... пайдасынан зияны басым.

Киім-кешек иесінің сәні мен сұлулығы үшін ғана емес, тәнінің жылулығы үшін де қызмет етсін.

Дайындаған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ