Бала мінезін қалыптастыру үшін алдымен мейірімділікті бойына құйған жөн. Қасиетті Құранның беташары саналатын «Фатиха» сүресінің бастамасы да «...Ар рахманир рахим» деп басталады. Яғни, ең алдымен өзінің мейірімділігін айтады. Баланың бойына мейірімділікті құйсақ ол міндетті түрде айналасына отбасынан алған мейірімді шашып жүреді.
Бала мінезін қалыптастыру үшін алдымен мейірімділікті бойына құйған жөн. Қасиетті Құранның беташары саналатын «Фатиха» сүресінің бастамасы да «...Ар рахманир рахим» деп басталады. Яғни, ең алдымен өзінің мейірімділігін айтады. Баланың бойына мейірімділікті құйсақ ол міндетті түрде айналасына отбасынан алған мейірімді шашып жүреді.
Қазақта «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөздің де астарына үңіліп қарасаңыз, баланың үйдегі қылығы түзде де жиі көрініс табады.
Үйінде өте тәртіпті, бауырларына, ата-анасына мейірімді болған бала мектепте «достарына қатыгез, өзінен кішілерге әлімжеттік жасап, мұғалімінің тілін алмайтын тілазар бала болады» дегенге сене қою да ақылға сыймайды. Өйткені, бала қалыбынан асып бейәдеп істерге бой ұрады деуге келмейді.
Ата-анасының мейіріміне шомылып өскен бала жүрген ортасында да сол ғұрыпты ұстанады, іске асырады. Сондықтан, бала тәрбиелеп отырған әрбір ата-ана осыны есте ұстағаны абзал. Бүгінгі заманның талабы сол, ата-анасы көбінесе жұмысбасты болып, балаға жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбесе, бала өз бетімен өсіп жатса, тәрбиенің кемшін тұстары болғандығына анық көз жеткізуге болады. Жұмыстан кешкісін үйіне оралған әйел міндетті түрде бала-шағасының және жұбайының қамын жасап, кешкі тамағын әзірлеп, шашылғанын жинастырып, тек өзіне ғана қарап қалған үй шаруасын атқарып бітемін дегенше уақыт өтеді. Шаршайды. Сондықтан, бұл жерде әке де қол қусырып қарап отырмағаны жөн. Анасы үй шаруасымен қамданып жүрген кезде әке баласына көңіл бөліп, онымен сырласып, әңгімелесуі де бала жанына үңіле білудің бір сатысы.
Бала кімдермен достасып жүр, ол немен айналысады? Оның қызығушылығы неде? Осы сұрақтарға жауап табу үшін әрине, баланың өзімен тікелей әңгімелесу арқылы білуге болады.
Көбінесе, бала тәрбиесін тек қана әйелдің мойнына жүктеп қойып, «шаршағанын» алға тартып артық істен басын алып қашатын әкелерге құлаққағыс. Тым болмаса, балаңыздың сабақ үлгерімін қадағалау, мектептеріндегі жаңалықтармен бөлісіп, достарының қандай балалар екендігін де біліп отыру бала тәрбиесінде айтарлықтай жеңілдіктерді пайдаға асырады. Таңертең баланы ұйқысынан оятқан кезде де ерекше мейіріммен қарап, еркелету сөздерін айтсаңыз, мейірімділігіңіздің ұшқынын көрген баладан қисықтық, қыңырлық мінездердің азая бастағанын сезесіз.
Әрине, «уақыттың тапшылығы» жәй ғана сылтау, балаға күні бойы қасында отырып та ештеңе үйрете алмайтын, тек тамағының тоқтығы мен киімінің бүтіндігін ғана ойлайтын ата-аналар балаға материалдық құндылықтардан гөрі, оның жан-дүниесінде не болып жатқандығын аңғару маңыздырақ. Ол ата-анасының өзімен жақын болғанын, жиі әңгімелескенін, өзіне назар аударып, көңіл бөлгенін қалайды. Сондықтан, келешек ұрпағыңыздың қамын ойласаңыз, балаға ең алдымен, мейіріміділік дәнін себіңіз. Түрлі еркелету сөздерін айтып тұрсаңыз, баланың жаны қатайып, қоғамға қатал көзқараспен қарауы мүмкін емес.
Әжелеріміздің тәрбиесіне зер салып қарайтын болсақ, «құлыным», «алтыным», «жарығым» секілді түрлі жылы сөздерді айту арқылы баланың жүрегіне жылылық орнатып, мейірімділікті дарыта білген.
Қатыгез қоғамда балаға дәл сондай қаталдық қажет десеңіз, баланы таяқпен тәрбиелеймін десеңіз қателесесіз. Мүмкін, мейірім көрмеген, ата-анасымен байланысы кемшіндеу соққан балалардың ортасында ол өзін еркін ұстай алмайды деген қорқынышыңыз да жеңіп кетуі ықтимал. Алайда, балаларыңызды мейірімді болуға үйретіңізші, нәтижесін өзіңіз де байқайтын боласыз. Өйткені, мейірімді баланың жанында шектен шыққандық, өздігінен келіп ұрыну секілді әдеттердің біршама болса да тыйылғанына көзіңізді жеткізуіңізге болады.
Мейірім қуатын бойына сіңірген бала бірте-бірте айналасына да сол мейірім шуағын төгіп жүретін болады. Ол мектепке барғанда да достарымен ұрыс-керіс, төбелес жасамайды. Жасы кішілерге әлімжеттік жасамайды, жасы үлкен мұғалімдеріне сөз қайтарып, салғыласып отырмайды. Ондай жерде білім де болады. Ондай балаларда оқуға деген ынта-жігер де көбірек болады.
Баланы еркелетіңіз, бетінен сүйіп, жылы сөздер айтып, ақылмен түсіндіре білсеңіз, бала деген жас шыбық қой, қалай исеңіз солай қарай иіледі. Яғни, ата-ананың мәпелеуінде өскен баланың болашағы жарқын, келешегінен үмітті, алар асуы да биік болмақ. Сонымен қатар, балаға мейірімділікпен қоса, ұқыптылық, кішіпейілділік пен қарапайымдылық секілді барлық жақсы қасиеттерді бойына сіңіре білу ата-ананың бала алдындағы міндеті.
Баланың тамағы тоқ, киімі бүтін болуымен оның өсуі, қалыптасуы азамат ретінде жетілуіне көмектеспейді. Ол міндетті түрде ата-ананың мейіріміне шомылып өсуі тиіс. Мысалы, баланы жаныңызға ертіп жүріп, кембағал, мұқтаж жандарға жәрдем ету арқылы үлгі көрсетуге болады. Еліміздегі әрбір отбасында осындай тәрбие қарқынды түрде жүріп жатса, еліміздегі экономика, білім саласы, өнер жолындағы жетістіктер де көп кешікпей жетістіктерге жетері анық.
Мейірім шуағы жетіспеген бала қарым-қатынас орнатқанда да сол қағиданы ұстанады. Сондықтан, «бұзық бала», «қиын бала» тәрбиесін ерте жастан бастаған дұрыс.
Гүлвира ЖҰМАДІЛДАЕВА