ҰБТ... Оқушылардың бойында қорқыныш, үрей де басым болады. Кейде алған біліміне сенімді болған оқушылардың өздері де сын сағат туғанда бойындағы қорқынышын жеңе алмаудың себебінен білгенін ұмытып немесе шатасып кетуі де орын алып жатады. Ал, ойдағыдай нәтижеге қол жеткізе алмаған оқушылардың көңіл-күйінде өзгерістер болып, өзін өзі тұңғиыққа батырып, қобалжудан арыла алмай өміріне де «балта шабудың» алдында тұрады.
фото: old.aikyn.kz
Оқу жылы аяқталуға жақын қалды. Мектепті бітіретін түлектердің алдында сынақ тұр. Бұл алдағы өміріне дұрыс қадам басу, мамандық таңдауда жаңылыспау.
Он бір жыл бойы алған білімнің қаншалықты дәрежеде екендігін де сынға салып, тексеретін де уақыт жетті.
Алайда, оқушылардың бойында қорқыныш, үрей де басым болады. Кейде алған біліміне сенімді болған оқушылардың өздері де сын сағат туғанда бойындағы қорқынышын жеңе алмаудың себебінен білгенін ұмытып немесе шатасып кетуі де орын алып жатады. Ал, ойдағыдай нәтижеге қол жеткізе алмаған оқушылардың көңіл-күйінде өзгерістер болып, өзін өзі тұңғиыққа батырып, қобалжудан арыла алмай өміріне де «балта шабудың» алдында тұрады.
Мұндай жағдайды болдырмас үшін ҰБТ кезеңінде өзін өзі қолға алу, сабырлы болу, ішкі сенімді нығайту жолдарын үйреніп алғанымыз да артықтық етпейді. Әрине, бұл орайда ұстаздар қауымы да, мектеп психологы да балалармен бірлесе жұмыс істейді. ҰБТ кезінде бойдағы қорқыныш пен үрейді болдырмаудың, қобалжудың алдын алудың маңызы өте зор.
Сондықтан, біліммен қоса, ең алдымен оқушының бойына сенімділікті ұялата білу керек. Психикалық күштерден, стресс пен қорқыныштан арылту ең маңыздысы.
Ұлттық бірыңғай тест тапсыру кезеңіне дейінгі дайындықта нені есте сақтау қажет?
Ең алдымен, оқушының тамақтану рационын басты назарға аламыз. Күніне 3-4 рет құнарлылығы жоғары, дәруменге бай тағамдармен тамақтану керек. Грек жаңғағы, сүт өнімдері, ет, жеміс-жидек пен шоколад сияқты тағамдарды мейлінше жиі жеу қажет. Бұл емтиханға дейінгі кезең. Ал, емтихан кезінде көп тамақтанбауға кеңес беріледі.
Физикалық және ақыл-ой еңбегін кезектестіре атқарып отыру да бала үшін тиімді. Өйткені, денсаулық бәрінен маңызды. 20-30 минут сайын көзді тынықтырып, жаттығулар жасап отырудың да маңызы зор. Көзді кітаптан немесе компьютерден алып, жан-жаққа қарау, теледидар көру уақытын шектеу.
Сонымен қатар, оқушылармен психологиялық тест жүргізудің де берері мол. оқушының психологиялық деңгейінің қай шамада екендігін аңғару үшін, осыған орай, оны қаншалықты жаттықтыру қажет екендігін білу үшін қажет болады.
Моральдық тұрақтылығын тексеріп көру үшін тест жасап көріңіз. Мұны оқушылардың өз бетімен жасауына да, ата-ана немесе мұғалімдерінің атсалысуымен де жасауға болады. Ол үшін:
- Мен әрқашан айтқан сөзімде тұрамын және басқалардың алдындағы міндеттерімді орындаймын.
- Мен жолдастарыма әрқашан шын жүректен көмектесемін.
- Әділетсіздікті көргенде өзімді қолайсыз сезінемін.
- Адамдардың тәртіпсіздік пен дөрекілігі үшін өкініш білдіремін.
- Мен кекшіл адам емеспін, басқаларға кек сақтамаймын.
- Мен жануарларды жақсы көремін.
- Мен үлкендерді сыйлаймын, жасын құрметтеймін.
- Өзіме де өзгелерге де әрдайым адал болуға тырысамын.
- Өз мәселемді шешу жолында басқаларды да ұмытпаймын.
- Сыйлық жасағанды ұнатамын, өзгелердің қуанышы арқылы өзім ләззат аламын.
«Иә» деген жауап үшін 1 ұпайдан қосып отырыңыз.
Осы тестке жауап алу арқылы нәтижемізді көрейік. 1-3 ұпайға дейін: Моральдық тұрақтылық қалыптаспаған. Сіз өзіңізге қарағанда басқаларды көбірек үлгі тұтасыз. Сеніміділігіңізді шыңдау үшін ойлануға кеңес береміз.
4-6 ұпай: Моральдік нормаларды жақсы ұстанасыз. Қоғамда осы нормалар ішкі қажеттілігіңіз болып қалыптасу үшін әлі де еңбек етуге тиіссіз.
7-10 ұпай: Сізге айналаңыздағылар қызығарлықтай жансыз. Бірақ, солай екен деп босаңсуға болмайды.
Өзіңізді әрі қарай да бақылауда ұстағаныңыз жөн болар.
Әрине, ұстаздар үшін әр оқушымен жеке-жеке жұмыс істеуге мүмкіндік жоқ. Сондықтан, әрбір ата-ана баласы үшін осындай жаттығуларды бірге жасап, балаңыздың болашағы үшін атсалысқаны жөн. Ең бастысы, мектепте алған білім ересек өмірге қадам басар сәтте пайдаңызға жарауы үшін білгеніңізді қобалжудың әсерінен ұмытып қалмау маңызды. Ең бастысы, бойыңызда сенімділік болсын!
Дайындаған: Г. Жұмаділдаева
ERNUR. KZ