ЭГОИСТ аналардың балалары БАҚЫТТЫ болады. НЕГЕ?

0
6 967

«Ананың көңілі балада» дейміз-ау. Әйткенмен, ананың да түр-түрі болады


ЭГОИСТ аналардың балалары БАҚЫТТЫ болады. НЕГЕ?

Рас, көпшілігі «Балам – барым, өмірімнің мәні» ұранымен, «Баламның табанына кірген тікен менің маңдайыма қадалсын» деген тілеумен өмір сүреді. Әсіресе, қазақ аналарының басым бөлігі сондай. Алайда, көпшілік арасынан өзін бірінші орынға қоятын өзімшіл аналар да табылады. Бір қарағанда, олардың кей эгоистік әрекеттері дұрыс емес секілді көрінеді. «АНА» деген атына кір келтіретіндей. Бірақ, шынтуайтында осындай эгоист аналардың балалары шынайы бақытты болып өседі екен. Психологтар да олардың көп әрекетінің дұрыстығын айтып, қолдайды. «Неге?» дейсіз бе?


Эгоист аналар қайтеді?

Бәрін мінсіз жасауға ұмтылмайды

Иә, олар бала үшін таза ауаның қажеттігін біледі. Бірақ, егер шаршап тұрса, өзін де, баланы да саябаққа сүйреп әуре болмайды. Бұл үшін балкон не есік алдындағы аула да жарайды деп шешеді бірден.


Баланы шектен тыс өбектемейді

Баланың әр басқан қадамын аңдып, үнемі уайымдап отыру жүйкеге ауыр салмақ түсіреді. Құлап қалса жүгіріп барып үсті-басын қағу, баланың қарны ашқанын не ұйқысы келгенін өзінен бұрын білу – гиперөбектеуші аналарға тән. Ал, эгоист ана бұл үшін жүйкесін жұқартпайды. Айналаны қауіпсіздендіре отырып, құлаған баланың өзі тұруына, келесіде сақ болуды үйренуіне мүмкіндік береді. Қарны ашқанын не ұйқысы келгенін де өзі сезіп, келіп қажеттілігін сұрағанынша күтеді.


Дамытушы орталықтарға шапқыламайды

Мектеп жасына дейінгі балаға өз қатарынан бұрын әріп танудың, ақын-жазушылар жырларын жатқа айтудың, музыкалық аспапта ойнаудың маңызы соншалықты зор емес. Олар үшін анасының жанында ойнап өткізген уақыты әлдеқайда қымбатырақ, пайдалырақ. Осы тұрғыдан алғанда да эгоист аналардың өзін әуреге салмау үшін баласын түрлі дамытушы орталықтарға сүйрелемеуі дұрыс қадам болып шығады.


Соңғы ақшасын балаға емес, өзіне жұмсайды

Әдетте, әйелдер қауымы ана атанғаннан кейін өзін ұмытып, бар жақсыны баласының үстіне жапсырғысы келіп тұрады. Жолдасынан жалынып сұрап алған көйлектің ақшасын сауда нүктесіндегі балалар бөлімінен шықпай жатып тауысып қойғанын аңғармай да қалады. Себебі, ол – бірінші кезекте өзін ойлайтын эгоист ана емес қой. Өзімшілдердің бұл тұстағы әрекеті өзгеше болар еді.


Өзіне қарап, қамқорлық жасайды

Эгоист аналар қандай жағдай болса да өзіне қарауды кейінге қалдырмайды. «Өзіне қарау» дегенде бұл жерде тек сыланып-сипану, үсті-басын тазалау, сұлулық процедураларын жасауды ғана меңзеп тұрған жоқпыз. Мұнда денсаулығын тексерту, тиісті ем мен дәрумендер қабылдау, уақытылы ұйықтау мен дұрыс тамақтану да бар.


Көмекті қалыпты қабылдайды

Эгоист аналар ата-енесінің, жұмыстан келген күйеуінің, тіпті қонаққа келген кісілердің де өзіне көмектесуіне мүмкіндік береді. Егер олар көмекті өздері ұсынбаса, сұрап алады. Қалай болғанда да, «Өзім қараймын, өзім-ақ бағамын, бәріне үлгеремін» деп баламен бір өзі әуре болып жатпайды. Өзгелердің де бір мезгіл қарасуына қарсы болмайды. Есесіне, баладан босаған сол уақытты өзінің жағдайын жасауға жұмсайды.


Сүйікті ісін тастамайды

«Енді оған уақыт жоқ» деп сүйікті ісін, көңілі қалаған шаруаны, демалысты ысырып қою эгоист аналарға тән емес. Дүние өртеніп кетсе де, жан мен көңіл қалауын қанағаттандыруға мүмкіндік табады.


Ерін де естен шығармайды

Қыз-келіншектердің көбі балалы болғаннан кейін күйеуін естен шығарып, онымен бір отбасы екенін ұмытады. Баласы екеуі бір бөлек әлемге айналады. Ал, аздап бойында эгоистігі барлар олай етпейді. Өзіне ер-азаматтың көңілі, махаббаты, қамқорлығы, жақын қарым-қатынас керектігін естен шығармайды. Сол үшін күйеуден де алшақтамай, оған еркелей жүріп өзінің де, ерінің де есебін түгелдейді.


БАЛА БАҚЫТЫның қатысы қанша?

Бұның бәріне бала бақытының қатысы қанша деп отырған боларсыз? Қатысы бар.

Балалар – айналадағы адамдардың эмоциясын бет-жүзінен жазбай танитын, көңіл-күйін көкірек көзімен сезетін эмпаттар. Ал, эгоист аналар өзінің қалауымен, өз таңдауымен, өзіне аса ауыр күш түсірмей күн кешкендіктен, құрбандық рөліне кірмейді. Өмірге өкпелі, қашанда шаршап-шалдығып, қабағы салыңқы, жүзі солыңқы болып жүрмейді. Бақытты, өміріне де, өзіне де дән риза.

Анасының осындай қалпын көріп өскен бала да өзін дәл солай сезінеді. Шектен шыққан өбектеуімен шектеліп, қамқорлығымен қоршалмағандықтан, айналасын тез танып, жылдам дамиды. Бойында анасы қалаған қабілетті қалыптастырумен әлек болмай, өзі қалаған бағытта алға жылжиды. Анасы оны қалай бар – сол қалпында қабылдағандықтан, сенім артқандықтан, өзіне сенімді, шешім қабылдай алатын, тәуелсіз тұлға болып өседі. Ең ақырғысы – балалық шағы өзі қалағандай өтеді.

Осының бәрі оның болашақта БАҚЫТТЫ АДАМ болуына алғы шарт.

Дайындаған: А.Бектұрғанова,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


Балабақшада БАЛАҢЫЗҒА қалай ҚАРАП жатқанын БІЛУГЕ болады


АНАның әр әрекеті ҚЫЗЫНЫҢ ТАҒДЫРЫНА әсер етеді