ЕНЕнің көңілін табу АҚЫЛДЫ келіннің қолынан келеді

0
6 457

«Ауа-райы» өзгермеді. Ең жаманы, қара бұлт болса, бірақ, жаңбыр жаумаса қиыны. Енемді осындай бұлтқа теңемеске амалым қалмады. Ішінде не сыр жатқанын біле алмадым. Тас-түйін болып, қабағын түйіп алады да бір ашылмайды. Бұл мені мақтамен бауыздағандай әсер қалдыратын.


ЕНЕнің көңілін табу АҚЫЛДЫ келіннің қолынан келеді

Енені қиялдан жасап алып, өздеріне «жау» санап жүрген тұрмысқа шығып үлгермеген қыздар аз емес.

Қиындықты әр адам өзі қолдан жасап алады. Туындаған мәселенің шешімі тікелей әр адамның өзіне байланысты екендігін түсіну керек.


Енемен тіл табысу, көңілін аулау үшін ерекше қасиеттің де керегі жоқ екен, тек оны ана ретінде сыйлай біл. Алдында құрдай жорғалап, құлдай еңбек етуіңді де қажет етпейді олар. Тек қана жылы сөйле, анаңдай жақын тарт. Қалғаны өздігінен арнасымен аға береді...


Барлығы жақсы болатын... Тұрмысқа шыққаннан кейінгі өмірімнің алғашқы кезеңдерін айтып отырмын. Мінсіз келін болдым деп айта алмаймын. Менің де үлгермей жататын кездерім болатын. Кейде шаршаймын, кейде терең ойға батып, уақытында аяқтай алмай жататын үй тірліктеріне енем көмектесетін.

Кейде ыдыс-аяқ жуылмай, біраз уақыт қалып қойса, енем барып бірде көңілді жүріп, бірде ашуланғанын білдіріп, ыдыстарды салдырлатып, бір-біріне соғыстырса да жуып қоятын. Әрине, мен мұндайда өз айыбымды біліп, бетім қызара түсетін.

Қол сүртетін майлықтарды жібітіп, соңыра жуып қою үшін кір жуғышқа салып қойсам, енем жуыну бөлмесіне кіріп, кір жуғыш ыдыстағы майлықтарды жууға кірісетін.

Мен енемнің соңынан жүгіріп, «майлықтарды жібіп тұрсын деп салып қойған едім. Маған беріңіз, өзім жуып тастаймын» деп қолынан алғанша асығатынмын.

Кейін бұлай жасауды доғардым. Бұл менің ақылсыздығымнан, енеме деген құрметсіздігімнен емес. Өйткені, мен енемді де түсінуге тырыстым. Өйткені, ол кісі күні бойы үйде отырып, зерігеді, бұрын істеп қалған қол тізенің үстіне салып отырғанға көнбейді.

«Қимылдағаным өзіме жақсы, көмек бергенім саған жақсы. Қартайған сайын қан қоюланады, қимылдаған өз денсаулығыма пайдалы, мұрын қанайтын жұмыс емес. Менің де ермек ететін бір ісім болсын да» деп күлетін.

Енем екеуміздің қарым-қатынасымыз өте жақсы болатын. Сол қарым-қатынасымызға салқындық түсуіне өзімнің де кінәм бар...

Отбасымызда жайма шуақ жаз орнап тұрып, күздің де салқындығы түскенін аңғардық.

Таңертең жұмысқа аттанатын күйеуімнің таңғы асын беріп, о жақ, бұ жағынан шығып, әспеттеп сыртқы есіктен шығарып салған соң, ата-енем ұйқысынан тұрғанша он-он бес минут мызғып аламын деп ойлаймын да минуттардың сағаттарға жалғасып кеткенін сезбей қаламын.

stan.kz

"Ұйқымнан" тұрғанда ата-енемнен ұят болды деп қысылып, жатын бөлмемнен ақырын шығамын. Енем қонақ бөлмеде теледидар қарап отырған болады. Үндемей, аяғымның ұшымен асханаға өтемін. Олар да үндемейді. Бір білерім, олар үндемегенімен, бір саусағын ішіне бүгіп отыр. Қылығымның бұрыс екендігін білемін, бірақ, келіндік өмірге үйренісе алмай жүрген алғашқы жылдарда түсіністік танытуға болар ма еді?..

Әуелгіде мұндай жағдай бола қалғанда енем бір ауыз болса да ескерту жасап, ақылын айтып отыратын. Соңғы кездері тіпті, ЖАУ көретін секілді.

Енем үй шаруасындағы әйел болса да көзі ашық, айналада болып жатқан саясат, мәдениет барлығынан хабары бар адам. Сондықтан, мен енемнің көңіл пернесін ояту үшін, араздығын жою үшін, әңгімені осы төңіректен бастадым. Енеме бұл жайлы әңгімелескен ұнайтынын білемін.

«Ауа-райы» өзгермеді. Ең жаманы, қара бұлт болса, бірақ, жаңбыр жаумаса қиыны. Енемді осындай бұлтқа теңемеске амалым қалмады. Ішінде не сыр жатқанын біле алмадым. Тас-түйін болып, қабағын түйіп алады да бір ашылмайды. Бұл мені мақтамен бауыздағандай әсер қалдыратын.

Енемнің осындай жүрегіне дүниенің тәшпүші, шет-қиыры жоқ армандар да сыяды. Бірақ, күйеуімнің тілімен айтқанда «арзымайтын араздыққа» орын жоқ!

Бар даусыммен айқайлағым келеді...

Шарасыздықтан, анама қоңырау шалып, ақыл-кеңесін тыңдағым келетін. Жағдайды өзіме ыңғайлап, «енеме біреу әдейілеп үйретіп қойған. Алғашында жақсы едік, қазір мүлдем менімен ашылып сөйлескісі келмейді. Маған ақыл да айтпайды, сырын да айтпайды. Тіпті, отбасымызға, дастарханымызға қатысты да бірдеңе демейді. Ол өзгеріп кетті» деп «мұңымды» айтайын.

Сонда анам мені жақтап, енемді даттап, жазғырса керек деп қиялданып отырғанымда телефон тұтқасынан анамның: «Әй қыз! Сені мен бүгін танып тұрмын ба? Әлде сенің сырыңды білмейді деп ойлайсың ба? Жастықтың суретін ақ қағазға сызып берсе де құшақтап ұйықтайтының өтірік емес қой?

Ыстық су, суық су, тіпті, дәретхана үшін де сыртқа шығып әуре болмайсың. Барлық жағдайың жасалған үйде саған одан артық не керек? Келін деген отқа да түседі, суға да түседі деп отырған жоқ. Жаның қиналатын жұмыс жоқ ол жерде сен үшін. Бір ғана ата-енеңнің көңілін тауып, он минут ерте тұрып, ыстық шәйін беру қиын болыпты ма?

Құдағиыма рахмет қайта. Оның ұлы жақсы, өзі қашаннан бері жаман бола қалыпты?..» деп айғай салғанда өзім ұялып қалдым.

БІТТІ! Қолдау күткен анамның өзі менімен қосылып енемді жамандамай, өзімді «жерге тыққанда» басқа біреу келіп жұбатар ма еді, «бұл әлі аз саған» деп табалайды да...

Осы орайда «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап...» деген дана Абайдың сөзіне қалайша қайран қалмассың?!

«Не істеу керек? Енемнің көңілін жібітуді, дұрыс келіндік міндетімді атқаруды қалай жолға қойсам болады?» деп көп ойландым. Шынымды айтсам, менде аз да болса жағымпаздық, асты-үстіне түсіп, майда тілмен сылап-сипау деген қасиет те жоқ екен.

иллюстрациялық фото: stan.kz

Келін үшін мұндай қасиеттің аздаған бөлшегі бойында бар болса зияны жоқ екен ғой деген ойда қалдым.

Сүйген жарыңды өмірге әкеліп, оған тәрбие беріп, балиғатқа жеткізіп, қолыңа тапсырған ананың көңілін табу үшін аз ғана тер төксе келіндерге түк те емес қой. Мен осыны түсіндім.

Күні бойы жұмыстан шаршаған менің күйеуім, енемнің ұлы үйге келгенде «суық» лептен денесі тітіркенері анық. Сондықтан, ең дұрысы оған қоңырау шалып «көптен көріспеген достарыңызбен кездесіп, бой жазып, көңіл көтеріп қайтыңыз» деймін. Көз тимесін, жолдасым парасатты адам, мендегі мәселелерді айтқызбай-ақ түсіне алады.

... Таң да атты. Демімді тартып, тереңірек тыныс алып, енемнің алдынан шықтым. «Апа, жақсы жатып, жайлы тұрдыңыз ба? Демалып қалған шығарсыз? Көптен бері сыртқа шықпай да қойған едіңіз, мен тез-тез үйдегі жұмыстарымды бітірген соң, қаланың көрікті жерлерін, киім дүкендерін аралап қайтайық?» деп едім, «көрерміз..» деп қысқа жауап қатты. Мен де ішімнен «күтеміз» дедім.

Болады екен ғой, жымиғаннан езуім түсіп қалған жоқ, күткенім де дұрыс болды. Нәтижесі мен күткеннен әлдеқайда жақсы болды.

Анама шағымданып, ақыл сұрағанша кешелі бері осылай әрекет еткенімде еді, күйеуімнің де қалтасындағы «береке» бұзылмас еді.

Айтпақшы, енемді айнытқан «дұшпанның» кім екендігін білсем... Мейлі, оларды да бір қонақ ету ниетіндемін. Қазірше, сабыр мен мейірім атты көмекшілеріме ризамын.

Жазып алған: Г. ЖҰМАДІЛДАЕВА,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


Отбасылық мәселеде АШУыңызды келтіретін 7 СЕБЕП


16 қадам жасап, өмірге қайта келіңіз!