Әйелдің қандай қылығы, әрекеті ер азаматты жасытып жібереді?
Әрине бірде-бір әйел мұны әдейі жасамайтыны анық. Ешбір әйел отбасылы бола тұра жалғыз өзі шешім қабылдап, бар жауапкершілікті мойнына алғысы келмейді. Бірақ кейде әйелдер өзіне біліне бермейтін кейбір әрекеттерімен еркектің ер азаматтық қасиетін жойып жібереді екен.
Отбасылық өмірдің бірнеше жылынан кейін көптеген әйелдер жанындағы ер азаматын енжар, алдына қойған мақсаты жоқ, жалқау, қамқорлық, тосын сыйлар жасауға құлықсыз етіп көре бастайды. Мұндай кезде әйелдер бар кінәні ер азаматқа артып, сондай болуында өзінің де үлесі бар екенін мойындағысы келмейді. Бірақ, отбасылық өмірдің жақсы немесе жаман болуында ерлі-зайыптылардың екеуінің де үлесі теңдей жүреді, ол екі жақтың үлесінің нәтижесі.
Әйелдің қандай қылығы, әрекеті ер азаматты жасытып жібереді?
Әйел құтқарушы рөлінде өмір сүретін болса
Құтқаруды көп ретте қамқорлық, махаббатпен шатастырып жатады. Әйел бар күш, жігерін салып ер азаматына көмектесіп, үйдегі мәселелерден қорғап, оны өзі шеше салып немесе көңіл күйі түспеуін қарап, нағыз мінсіз әйел болуға тырысады. Бұл отбасын, арадағы қарым-қатынасты нығайта түседі деп ойлайды. Егер осындай мінсіз болсам мені ешкімге айырбастамайды, бәрі керемет болады деген сеніммен өмір сүреді. Еркектер істей алатын жұмысты да істей алатынын дәлелдеп, «Мен басқа әйелдер сияқты, нәзік, ақсаусақ емеспін, отбасымның бақыты үшін бәрінен де тайынбаймын» дегенді білдіргісі келеді.
Алайда, бұл әйелдердің үлкен қателіктерінің бірі. Әр нәрсенің шекарасы болатыны секілді қамқорлықтың да белгілі бір шекарасы болуы қажет. Бірақ әйелдер озық, алда болу үшін аянбай жұмыс жасайды, өздерін белсенді ұстайы. Ер азаматқа өз бетінше мәселені ойлануға, шешуге, өз жағдайын түсінуге мүмкіндік бермей, оның кеңістігін тарылтады. Жақсы ой ниеті теріске кетеді: ер азамат бейғам, дәрменсіз біреуге айналады.
Егер әйел жақсы серіктес бола алмаса
«Еркек – бас, әйел - мойын» деген мақалды көпшілік тікелей мағынада, әйел басты қалаған жағына бұра алады дегендей түсінеді. Оның үстіне көптеген аналар қыздарын «еркекті алдап жеңу керек, оған бірін айтсаң, бірін айтпа» деп өсіреді. Адамды сүйіспеншілік, махаббатқа емес, бақталас біреуді басып озуға дайындап жатқандай тәрбиелейді. Мұндай ортада өскен қыздарға отбасын құрғаннан кейін тек екі таңдау ғана бар сияқты көрінеді: күйеудің айтқанынынан шықпай құрбан болу немесе бәрін өз қолына алу.
Ешкімнің де құрбан болғысы келмейді. Егер құрбан болмаймын деп мінез көрсетіп, тіке айтатын болса, онда арада бақталастық, күрес басталады. Бұл деген үйде үнемі айқай-шу, келіспеушілік, күйеуден жасырып ақша жинау. Ал екінші таңдау, тек күйеудің айтқанынан шықпай, өз ойы, өз пікірі жоқ өмірді сүру.
Мұндай өмірде бастысы – сыйластық, жаныңдағы адамға қызығып қарау деген болмайды. Әйел бар билікті қолға алғанда ер азаматы қызықсыз болып қалады.
Ер азаматын балаларының әкесі ретінде ғана көретін болса
Бала дүниеге келген соң ерлі-зайыптылар жаңа рөлдерге ие болады. Ондай кезде көптеген әйелдер күйеуін «әкесі» деп шақыруға көшеді. Солай әйелдің бар ықыласы балаға ауып, жолдасы екінші орынға сырғиды. Мұндай отбасының бар әңгімесі балалары мен үй-тұрмысы төңірегінде ғана болады: не сатып алу керек, қандай үйірмеге беру қажет, кешкі, түскі асқа не жасаймын дегеннен аспайды. Құштарлық, романтика, «түнгі іс» деген жаймен басыла бастайды. Алайда «түнгі істің» ер азамат үшін айтарлықтай орны бөлек. Ол еркекке сенімділік береді.
Әйелдің ер азаматты сынауы мен бағаламауы
Талап ету, наразы болу, өзгелердің күйеуімен немесе басқа ер азаматтармен салыстыру, еркектің өзін-өзі бағалауын төмендетеді. Әйел адам сын айтып жағдайды жақсартуға тырысады. Жолдасы сөзіне құлақ асып, түзеледі деп ойлайды. Алайда мұндай амал ер азаматтың сенімін жояды және бірдеңе істеуге деген құлшынысын төмендетеді. Ең дұрысы сыйластықпен, айқай-шусыз әңгімелесу.
Ер азаматтардың әлемі бәсекеден құралған. Сондықтан ол жұбайынан тек қана өзіне ыырза болғанды, мақтағанын, тамсанғанын күтеді. Оның тек табысына ғана емес, жеке басына қызығу, назар аудару, ер азаматтың бойындағы кұш-қуатын, энергиясын арттыра түседі.
Дайындаған: Э. Әбілханқызы