Қазіргі күнде ене де, келін де өз орнын шатастырып алған сияқты. Өз міндеттерін дұрыс атқармаудың, өз орнын білмеудің салдарынан талай отбасыларда ене мен келіннің жүз шайысып, келісімге келе алмау салдарынан талай отбасы ажырасып та кетіп жатыр.
Қазіргі күнде ене де, келін де өз орнын шатастырып алған сияқты. Өз міндеттерін дұрыс атқармаудың, өз орнын білмеудің салдарынан талай отбасыларда ене мен келіннің жүз шайысып, келісімге келе алмау салдарынан талай отбасы ажырасып та кетіп жатыр.
Бұған себеп қыз баланың өз отбасында салт-дәстүрді берік ұстанбағандығында да болуы мүмкін. Ол әрине, отбасынан алған тәрбиесінен асып кете алмайды.
Десек те, ене де өз кезегінде келінге барынша мейірім танытып, отбасына сіңісіп кетуі үшін түсіністікпен қарамаса бір-біріне теріс қарап оытрса, әрине, мұнда ене мен келіннің ара қатынасы дұрыс болмайды.
Қыз бала анасынан көргенді қайталайды. Сондықтан, қыз баланы жастайынан өзге үйдің адамы екендігін ұғындырып, ибалылық пен имандылықты, сонымен қатар, үлкеннің сөзіне құлақ асып, онымен текетіресіп, бетіне келмеу, үлкенді сыйлап, құрметтеу жайында санасына сіңірсе пайдасы болады.
Бұған біз ешкімді де кінәлай алмаймыз. Себебі, қандай ана болмасын, өмірге әкеліп, ақ сүтімен сусындатқан, бары мен нәрін берген қызғалдағының жаман болмағанын қалайды. Барлық ана қызының арлы, әдепті қыз болғанын қалайды. Келін болған шағында да жақсы отбасына барып, сол үйдің адамындай болып, «балдай батып, судай сіңгені» де ата-ана үшін үлкен бақыт.
Тәрбиелеп өсірген қызының ата-анасына жақсы атақ әперіп, маңдайын жарық еткені теңдессіз қуаныш. Перзентінің алдындағы ата-аналық міндеті өтелсе, үміт күткен қызының барған жерінде сыйы болса, әулеттің анасы атанып жатса, ана үшін ең үлкен жетістік.
Келін ішкі сырын, отбасындағы сырттағы адамға айтылмауы тиіс дүниелердің барлығын жасырмай анасына айтып отыруы, одан қалса әлеуметтік желіде жария етуі бұл тек өзіне ғана зиянын тигізеді.
Дәл осындай жағдайдың себебінен де отбасының күйреуі орын алып жатқан жағдайлар да аз емес.
Шаңырақта береке орнауы алдымен енеге емес, ақылды келінге байланысты
Өйткені, именіп тұрған ибалы келінге артық «қиянат» жасауға ешқандай ененің дәті бара бермейді. Егер ене саналы болса, өмір көрген, жақсы мен жаманның айырмасын білетін жан болса...
Келін келген күннен бастап, жаңа отбасындағы адамдардың атын атамау, ат тергеу дәстүрін орындаса, бұл арадағы белгілі бір шекарадан аттап шықпауға септігін тигізеді. Сол себепті қазақтың даналығын, салт-дәстүрін ұстанғаннан ұтыларымыз жоқ. Өйткені, бұл салт келін мен қайын жұрттың арасындағы өзара сыйластықтың қалыптасуына айтарлықтай әсер етеді.
Келіннің жаңа ортаға бейімделуіне тек қана ене жауапты емес, бүкіл отбасы мүшелері тікелей қатысты. Себебі, бүгінде тек енеден ғана жылы қабақ көрмеген келіндер емес, қайынсіңлі, қайынәпкелерден де қыспақ көріп жүрген келіндер жетерлік. Сондықтан, олар көп, келін жалғыз. Келіннің жаңа ортаға жатырқамай кіріп кетуіне сол көпшіліктің көмегі қажет.
Өкінішке орай, барлық адам бірдей емес. Келін сол үйдің адамдарына жанама есім қойып, арадағы сыйластықты сақтаса, белгілі бір шеңберден шығып кетпесе, отбасылық өмірдегі қалған қиындықтардың барлығы да өз жөнімен реттеледі.
Ененің де келінге жекіруі емес, іштарта отырып, саналы келінге сабырмен ақыл-кеңесін айта жүруі де келінді тәрбиелеудің алғашқы сатыларының бірі.
«Анасын көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш» деген сөз де келіннің анасынан алған үлгі-өнегесі шешенің басты рөлді ойнайтынын көрсетеді.
Сондықтан, қызды келіндік өмірге дайындау ананың міндеті. Ал, өз отбасының ішкі ұстанымдарына үйрету ененің мойнындағы жауапкершілік.
Гүлвира ЖҰМАДІЛДАЕВА,
ERNUR.KZ.