Әкелердің көбіне ұл күтетіні белгілі. Не үшін екені де мәлім, себебі, ата-бабамыз үшін ұрпақ жалғастыратын ұлдың орны қашанда ерекше болған. Десек те, қызды ерекше құрметтеген ата-бабамыздан да үйренеріміз көп. Әлбетте, әке үшін ұл баланың тәрбиесі, онымен тіл табысу, ойнау, қажеттіліктерін түсіне білу оңайырақ. Ұл баламен «еркекше» сөйлесу де қиын емес. Ал қыз балаға келгенде кез келген әкенің тосылары белгілі. Ойыншығын қуыршақтан бастап таңдайтын оған әкелер қандай кеңес беріп, қалай ойнарын да білмейді. Тіпті, қыз баланың қоятын сұрағына да жауап беру әкелерге қиындық туғызады.
Әкелердің көбіне ұл күтетіні белгілі. Не үшін екені де мәлім, себебі, ата-бабамыз үшін ұрпақ жалғастыратын ұлдың орны қашанда ерекше болған. Десек те, қызды ерекше құрметтеген ата-бабамыздан да үйренеріміз көп. Әлбетте, әке үшін ұл баланың тәрбиесі, онымен тіл табысу, ойнау, қажеттіліктерін түсіне білу оңайырақ. Ұл баламен «еркекше» сөйлесу де қиын емес. Ал қыз балаға келгенде кез келген әкенің тосылары белгілі. Ойыншығын қуыршақтан бастап таңдайтын оған әкелер қандай кеңес беріп, қалай ойнарын да білмейді. Тіпті, қыз баланың қоятын сұрағына да жауап беру әкелерге қиындық туғызады.
Қашанда болмасын, ұлттың қасиеті саналған қыз баланың орны да, тәрбиесі де ерекше ден қоярлық. Ең алдымен болашақ ел азаматшасы, келешек бір ер-азаматтың жары, дені сау ұрпақ анасы саналатын қыз баланың тәрбиесі де алаңдауға тұрарлық.
Не істеу керек? Қыз баланың тәрбиесін түгелімен анасының мойнына арту керек пе?
Жоқ, әрине! Қыз баланың тәрбиесінде әкенің алар орны ерекше. Әке қызы үшін, қызының өнегелі, ибалы, өзіне сенімді болып өсуі үшін анасынан кем түспейтін үлес қоса алады.
Қыз баланың бойындағы әйелге тән нәзіктілік пен ибалылық үйдегі әкеге қарап қалыптасарын білесіз бе? Себебі, өмірге келген қыз бала ер адаммен қарым-қатынас жасауды ең бірінші әкеге қарап үйренеді. Егер әкесі қызына үнемі мақтау сөздер айтып (қызы екі жаста болса да!), оның сұлулығы мен ақылдылығын, мейірімділігін, ептілігін айтып отырса, ол қыз балаға жақсы жағынан әсер етеді.
Керісінше, кемшілігін дөрекілікпен бетіне басса, қыз баласының өзіне деген сенімсіздігі артады. Оны анасынан қарағанда әкесінен естуі қыз баласына анағұрлым ауыр тиеді.
Ұлға қарағанда қыз баласы анасы мен әкесінің арасындағы жылы қарым-қатынасты тез байқап, сезінеді. Ең басты тәрбие де осында жатыр. Қызыңызға жақсы тәрбие бергіңіз келе ме, ендеше, оның АНАСЫН СЫЙЛАУҒА тиіссіз!
Балаларыңыздың анасына сыйластықпен қарап, үнемі назарыңыздан тыс қалдырмауыңыз қажет. Егер солай ете алған болсаңыз, онда қызыңыздың болашақта азаматын таңдауда қателеспейтініне сенімді бола беріңіз! Ол Сіз сияқты ер-азаматты таңдауға тырысады.
Қызыңызбен жиі әңгімелесіп тұрыңыз. Егер қызыңыз сізбен сөйлескісі келсе, қашанда мұқият тыңдаңыз. Тіпті, сіз үшін қиын сауал қойса да өз түсінігіңізше жауап беруге тырысып бағыңыз.
Қызыңыздың нені армандайтынын білесіз бе? Не үшін оны тек анасы ғана білуге тиіс? Сіздің де білгеніңіз дұрыс және соған орай кеңес те айтуыңыз қажет. Ал сіздің кеңесіңіз қызыңыз үшін маңызды екендігін ұмытпаңыз.
Қыз баласына ешқашан қол жұмсамаңыз!
Тіпті, айғайлаудан абай болыңыз.
Әке жағынан қаталдық көрген қыз баласының ер-азаматқа деген көзқарасы дұрыс қалыптаспайды, есейгенде қате қадам жасайтындығына себеп болуы мүмкін.
Егер ашумен ұрсып қойған болсаңыз, кешірім сұрауға асығыңыз. Себебі, сіздің ханшайымыңыз кешіруге тұрарлық. Сонда ған ол Сіздің ашуыңызды туындыратын қателіктерге бой ұрындырмайды.
Қызыңызды еркелетіп тұрасыз ба?
Иә, кез келген қыз баласы еркелетуге лайықты. Дегенмен, еркеліктің де жөні болуы керек. Мұндайда апа-әжелеріміз сол еркеліктен аздап тежеу үшін «қыздың еркесі тәлпіш болады» деген мәтел қалдырса керек.
Оның қалаған қуыршағын алып бердіңіз бе, ендеше, ескісін өзінен кішіге сыйға тартуға немесе қайырымдылық жасап, қажет еткен жандарға беруге үйретіңіз. Қыз баласы қайырымды болуды әкесінен де үйренсе несі бар?
Әке қызын үй шаруасына да үйрете алады. Ол тек үй жинау мен ас әзірлеу ғана ма? Әрине, олай емес.
Көптеген қыз балалар қолдарына балға мен шеге ұстап, «ерлердің жұмысын» атқарғысы келеді. Шкаф, көлік немесе сантехника ақауын жөндегісі келіп әкесінің қасынан жиі табылатын қыз балалар бар. Оның ешқандай әбестігі жоқ. Керісінше, үйренгені жақсы-ақ.
Әкелер де қыз баласымен ойнай алады. Ол міндетті түрде қуыршақ ойнау емес. Мәселен, шахмат, дойбы сияқты ойындарға қыз баласын анасы емес, әдетте әкелері үйрететіні рас. Сол сияқты, түрлі дене жаттығуларын да әкесі жақсы үйретеді.
Әкесі мен қызының арасында ортақ хобби, яғни, сүйіп айналысатын ісі болуы мүмкін екенін білесіз бе?
Ол спорттық ойындар болуы мүмкін. Мәселен, футбол, теннис және т.б.
Қызыңыздың тек әдемі ғана емес, ақылды болғанын да қалайсыз ғой?! Ендеше, оның зияткерлігін дамыта аласыз. Сондықтан, әртүрлі тақырыптағы қызықты кітапты бірге оқыңыз. Ертегі, ғажайып, оқиғалы, тарихи жанрдағы туындылар қызыңызға қызықты болады.
Қызыңызға қорған болыңыз! Қашанда оны қиындықтан, түрлі мәселелерден қорғай алатыныңызды білдіріңіз және көзін жеткізіңіз. Ол ер-азаматтардың әйел адамның қорғанышы екенін түйсінеді. Тіпті, аулада ойнайтын кішкентай сотқар ұл балалардан қорғайтын үйде «азаматы» бар екеніне сенеді. Ал сенімділіктің ұл бала болсын, қыз бала болсын, не беретінін жақсы білсеңіз керек.
Барлық жерде мықты болатын әкелердің баласына дәрігер ине шаншу кезінде әлсіздік танытып, жүрегі тым әлжуаз болып кететіні бар. Тіпті, кейбір әкелер оны көруге жүректері шыдамайды. Мұндайда, керісінше, анасы батыл болып кетеді. Әсіресе, тіс дәрігеріне баласын апаратын әкелер сирек.
Дегенмен, қыз балаға (әлбетті, ұл балаға да) келгенде әкелердің дәрігер алдында күшті, батыл болғаны абзал. Шыдамдылық танытуда үлгі бола білгеніңіз дұрыс. Ол әкесін ешқашан әлжуаз, нәзік екендігін көрмегені жөн.
Анасының айтқанына қарсы шығып, оның рұқсат бермегеніне «жарайды» деуден аулақ болыңыз. Қыз баласына ненің қажетті, ал ненің керек емес екенін анасы көбірек білетініне сеніңіз. Сөйтіңіз де, кішкентай ханшайымыңызға анасының айтқаны дұрыс екендігін түсіндіріңіз. Анасы мен әкесі бір жақ болған соң ертеңгі күні қызыңыз айтқанын айқай мен жылау арқылы орындату әдетінен бойын аулақ салып өетін болады.
Қызыңызға бейне бір хрустальдан жасалған бұйым секілді тым нәзік қарамаңыз. Көптеген қыз балалар жүгіріп ойнағанда, ағашқа өрмелеп, коньки тепкенде анау-мынау ұлдарды жолда қалдырады. Мұндай әкенің міндеті – мүмкін болатын қауіптен сақтандыруды және қыз баланың әрбір іс-қимылына жауапкершілікпен қарауды үйрету. Қыз баланы «қыз ғой» деп дене беленділігін қажет ететін ойыннан шектеуге болмайды.
Міне, қыз баланың тәрбиесіне алаңдаған әкелерге айтар кеңесіміз осындай. Әкенің орны ұлдың ғана емес, қыз баланың да тәрбиесінде ерекше әрі өте маңызды үлесті алады. Әкенің отбасындағы міндеті тек табыс табу ғана емес екендігін түсінген боларсыз?!
Дайындаған Ә.Уалиханқызы.