​Әйелдердің қылмысқа баруына не себеп?

0
2 790

Қазіргі кезде «Жалған құжатпен үйін тартып алыпты», «Күйеуін пышақтап өлтірді», «Есірткі сатқан жүкті әйел ұсталды», «Баласын қоқысқа тастаған әйел табылды» деген ақпараттарды жиі еститін болғанбыз.


​Әйелдердің қылмысқа баруына не себеп?

иллюстрациялық фото

Әрбір жанұяның үкілеп өсіріп отырған қызы, ертеңгі күнгі бір ер-азаматтың жан серігі, адал жары, болашақ ұрпақтың анасы, келешек ақ жаулықты әжелер. Сондай-ақ әлеуметтік салада қоғам қайраткері, қолына қару ұстап, ерлермен бірдей елін, жерін, отанын қорғаушы. Бірақ заман ағымының қазіргідей еуропалық бағытқа бет алып, қарқынды өзгеруінде қылмыскер нәзік жандылардың көбейіп кетуі жанға батады.

Қазіргі кезде «Жалған құжатпен үйін тартып алыпты», «Күйеуін пышақтап өлтірді», «Есірткі сатқан жүкті әйел ұсталды», «Баласын қоқысқа тастаған әйел табылды» деген ақпараттарды жиі еститін болғанбыз. Мұндай келеңсіз жағдайлардың көбейіп кеткені соншалық, аса көп мән бере бермейтіндей дәрежеге жеттік. Себебі нәзік жандылар тарапынан жасалатын қылмыс күннен-күнге өршіп барады. Қылықты қыз, ибалы келін, аяулы жар, ардақты ана, кемеңгер әже болатын нәзік жанды қыздар қауымы неге қылмыс жасайды? Не себеп? Осынау сұрақтар мазаны алады. Бірақ сауалдың жауабын бір- екі себеп-салдармен шектеп қоюға болмайтындай.

Өмірде түрлі жағдайлар болады, неше түрлі отбасы бар. Ондағы қарым-қатынас пен тәрбие, әлеуметтік жағдай да сан қилы. Біреуі баюды алдыңғы кезекке қойса, екіншісі «қайтсем балаларыма нан тауып беріп, тұрмысымды түзеймін» деп жүргендер, ал енді бірі ақша мен дүниесінің арқасында істейтін шаруасы жоқтар. Тіпті қылмысқа қолдары қалай барып, қалай жасағанын білмей қалатындар да баршылық. Бұл жерде баса айта кететін нәрсе – ол ішімдік және нашақорлыққа тәуелділік. Арақ пен есірткі еліміздің тамырына тереңдеп балта шауып жатыр. Соның салдарынан сүттей ұйып отырған әп-әдемі отбасының шаңырағы ойран болып, бала-шағасының берекесін қашырып, әйелін сабаған отағасылар көбейген. Мұндай отбасылық мәселелердің көбейюі, әйел шыдамының шегіне жеткендігі, ол әйел не кетіп тынады, не қылмысқа барады. Күнделікті күйбең тіршіліктің жүйкеге түсірер салмағынан құтылу үшін, күйеуімен қосыла ішіп, соңы орны толмас өкінішпен аяқталып жатқандар да жеткілікті.

Бір ғана мысал, былтырғы жылғы егіздерін өлтірген ерлі-зайыптылар. Балаларды буындырып өлтіріп, тоңазытқышқа салып қойған. Ішкен арақтан естерін жиған соң барып, не жасағандарын түсініп, өкінгенде тым кеш болды. Мысалға ала берсек, бұндай әрекеттер өте көп. «Әкенің жақындығы жездедей деген», әкенің мейірімі аздау болар, ал, аналар бауыр еті балаларын қалай өлімге қияды? Ащы судан көп ұрттап қойып, не істегендеріне есеп бере алмай, абыройынан айрылып, мезгілсіз жүкті болып, ар-ұяты кеш мазалап, балаларына қоқыс жәшігі мен әжетхана «сыйлаған» аналар да жеткілікті.

Әйелдер арасындағы қылмыстың басым бөлігін ұрлық, есірткі дайындау, тасымалдау, сақтау немесе сату құрайды екен. Есірткі заттарын шекара асыруда, сатуда жүкті әйелдеріміз бен немере бағып жүретін апаларымыз алдыңғы қатарда тұрған көрінеді. Бұл реттегі қылмыс жасаушы нәзік жандылар тек ақша тауып, отбасын асырау, күнін көру мақсатында жұмыссыз жүргендер. Әрине, қазіргідей қоғамда материалдық тапшылықтың салдарынан, отбасын асырау үшін, біле тұра қылмысқа баратындар.Тіпті кейде балаларын асырай алмай, оларды тастап кетіп немесе өлтіріп жатқандар да жетерлік. Мұның көп жағдайы әйел баласының жүйкесінің әлсіздігінде, эмоцияға берілгіштігінде болса керек.

Сондай – ақ бүгінгі таңда әлеуметтік желіні пайдаланбайтын жан кемде- кем болар, сірә. Тіпті мектеп жасындағы кішкентай балапандарымыз да ғаламтор құрбандары. Ондағы небір видеолар ұлдың да, қыздың да, ойын бұзары сөзсіз. Қазақ қызына тән емес, дәстүріміз бен дінімізден алшақ дүниелерді жасап жатқандары да қаншама. Ашық-шашық киініп, жартылай жалаңаштанған, түнгі клубты бермей, кальян шегіп, түтіні будақтаған суреттерімен бірге көптеген қыз- келіншектеріміз әлеуметтік желілерді бермейді. Тіпті ел алдында жүрген үлгі болар жұлдызды қыздарымыз да жалаңаштанған тәндерін желіге салуға құмар-ақ. Рең бастары әжептеуір, ибалы қыздарымыздың да аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, небір былапыт сөздер айтып жатқанына куәсің. Былапыт сөздері мен шаш жұлысқан, бет жыртысқан төбелестерін де ұялмай желіге жүктеп қояды. Енді ғана өсіп, жетіліп келе жатқан жас ұрпақтың осындай жағдайларға еліктегені салдарынан болар, қазіргі кезде мектеп жасынан жүкті боп қалып жатқан қыздарымыз да жүректі қан жылатады. Келешек ана болады деген қыздарымыз мектеп қабырғасында оқып жүріп, бала туып, түрлі сорақылықтар жасауда. Ал сол сорақылықты бүркеу үшін аналары қылмысқа барады. Қай кездері бүкіл Қазақстанды шулатқан, шақалақ сәбиді жүріп келе жатқан көлік терезесінен лақтырып жіберген ана ше?. Сарағаштағы төрт баласы бар, екеуін буындырып өлтірген ана ше? Жас қыз емес, ақыл есі дұрыс, салихалы келіншек, отбасының берекесі болып отырған аналар осылай жасаса, өскелең жас ұрпақтың қандай ессіздіктерге баратынын айтудың өзі қорқынышты.

Сондай – ақ қоғам белсендісі, іскер әйел боламын деп, істі болып жатқандар да жетерлік. Көптеген қыз-келіншектеріміз, ақша үшін адам сатып жезөкше етіп, бала сатып бай болам деп жүріп, атақ абыройдан ғана емес, отбасынан да айрылып, темір тордың нанын жеп жүр. Алдау, жалған құжат толтыру, алаяқтық яғни біреудің мүлкін тартып алу, иемдену, банктерден несиелер алу арқылы түрме төрінен орын алып жатқан нәзік жандылар бұл. Бұлардың көбі экономикалық салада айлыққа жұмыс жасағандар, дүниесі жетерлік, тек аса бай болуға деген ынтызарлықтың арқасында көп асап қойғандар болса керек. Дәрігерлік салада да бала сатып, былыққа батқан қыз-келіншектерді де ауыз толтырып айта аламыз. Тек осылардың барлығының оқыған, көзі ашық, көкірегі ояу, барлық заңдылықтардан хабардар жандар екеніне сенгің келмейді.

Ең ауыр қылмыстардың бірі, адам өліміне қатысты жағдайларда да нәзік жанды қыздарымыздың қатысты кездері жиілеп кетті. Бұның барлығын күйеуін немесе жігітін қызғанған әйел мен қыз, өгей балаларынан құтылғысы келіп өлтірткен ана, қасақана болсын, абайсызда болсын жасап жатқан нәзік жандылар. Алматыдағы 11жасар өгей ұлын күйеуіне деген ашу-ызасын алу үшін, туған ұлына өлтірткен ана болса, өзінен шыққан балаларды да аямады. Қаншама адамның тағдырын темір торға тоғытты.

Бүгінгі таңда көлік тізгінін ұстаған қыздарымыздан да келетін қауіп көп. Табиғатынан нәзік қыздарымыз бен келіншектеріміз темір тұлпарларын игере алмай, қаншама өмірлерді қасақана болмаса да қыршынынан қиып түсті. Алматы облысындағы балабақша қоршауына көлігімен соғылып, бір баланың өліміне және бірнеше баланың ауруханаға түсуіне себепкер болған әйел бір ғана мысал бола алады.

Міне, әйелдер қолымен қасақана немесе жазатайым жағдайда жасалған қылмыстарды мысалдап келтіріп тауыса алмасымыз анық.

Енді нақтырақ сандармен қарастырсақ, Халықаралық түрме реформасы ұйымының 2016 жылғы есебіне қарағанда, Қазақстан түрмелерінде отырған 43 мыңға жуық адамның 3 мыңы – әйелдер болған екен. Елдегі алты түрмеде отырған бұл әйелдердің 40 пайыздан астамы – ұрлық және мүлікке байланысты қылмыспен, 30 пайызға жуығы – есірткіге қатысты қылмыспен, ал 20 пайыздан астамы адам өліміне қатысты ауыр қылмыспен сотталғандар көрінеді.

Бостандықта жүргенде олардың 73 пайызы айлық төленетін қызметтер атқарған болса, 17 пайызының жеке бизнесі болған екен.

Қазақстан түрмелерінде отырған әйелдердің 75 пайызының үйлерінде қалған балалары бар екен. Ол балалардың 45 пайызы кәмелетке толмағандар.

Міне, еліміздегі қылмыскер нәзік жандарымыз осындай адам шошырлық цифрларды құрап отыр. Мұны тоқтатуға немесе алдын алуға бола ма? Бұл қазіргі қоғамдағы шешуі қиын күрделі сұрақтың бірі.

Аяулы жар болатын, алыптар мен ғалымдарды, ғұламалар мен ел билеген азаматтарды дүниеге әкелетін аналарымыз, адамгершілік ауылынан алыстамай, мейірім- шапағаттарын жоғалтпай жүрсе екен. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген ата-бабамыз. Ал бесікті тербететін әйел – ана. Сондықтан да алып мемлекеттің біріне айналу үшін, бесік тербеткен аналарымызды, ана болатын қыздарымызды батыс мәдениетінің жат қылықтарынан жеріндіріп, түзу жолда жүруін, еліктемеуін қадағалайық. Сонда өмір соқпақтарына қажымайтын, жүйкелері болмашыға мүжілмейтін, болашаққа тек қана саналы, дені сау ұрпақ әкеліп, ұл-қыз тәрбиелейтінімізге сенімдімін.

Эльмира Әбілаханқызы,

ERNUR.KZ.