​36 жылдан бері сауыншы Бағлан. Ауыр жұмыс істейтін әйелдер

0
6 506

«Сиыр, бие саууды келін боп түскеннен кейін үйрендім. Бұған дейін мұндай тірлік жасап көрмеген едім», — деп əңгімесін бастады.


​36 жылдан бері сауыншы Бағлан. Ауыр жұмыс істейтін әйелдер

Шымкенттен шығып, Қазығұртты бетке алып келеміз. Күн ұясынан көтерілмей, Тұрбат ауылына жетіп алу — мақсатымыз. Сілтідей тынған дала. Қараң-құраң бейнелер. Ауылға жақындағанымызда таң ағарып, айнала айқын көріне бастады. Тұрбат — Өзбекстанмен шекарадағы жапсарлас ауыл. Таңғы сағат 6.00. Ауылда қыз-қыз тіршілік басталып кетіпті. Бірі малын байлап, енді бірі от жағып, ошақ басында жүр.

Ысмайыл ата кесенесінен өтіп, Бағлан апайға қоңырау шалдық.

«Сол үлкен жол жаңа көпірге тірейді. Сосын топырақ аралас тас жол шығады. Тағы біраз жүргенде база көрінеді. Сол жерге келгенде тағы бір хабарласарсың» деп тұтқаны қойды. Таңмен таласа оянатын кісілер күнделікті шаруасына кірісіп кетсе керек. Айтқан бағытта жүріп, ауыл шетіндегі үйге таядық. Қақпа сыртынан «адаспай тез-ақ таптыңдар ғой, қош келдіңдер» деп, отағасы Бақыт ағай күле қарсы алды. Бағлан апай шелегін ұстап, қора жақта жүр екен. Он шақты сиырды сауып, өріске жіберуі керек. Үй иесіне ердік.

Бақыт ағай əр сауынды сиырдың алдына шөп тастады.

Бұзауын енесінің бауырынан тартуға көмектесіп жүр. Бағлан апай сиырды балаша еркелетіп, шелегін алып, жақындады.

Бір қызығы — əр сиырдың мінезі мен түр-түсіне қарай ат берген. Жуас болғаны үшін Момынай атанған сиыр, қарын тұсы ақ түсті болғаны үшін Қарнақ атанған қара сиыр.

Бағлан Қасымбекова — 57 жаста. 1986 жылы 21 жасында Қазығұртқа, көпбалалы отбасына келін боп түседі. Соған дейін кітапханашы боп жұмыс істеген. Шағын ауылда жұмыс табылмайды. Күйеуі — үйінің тұңғышы. Соңынан ерген үйелмелі-сүйелмелі тоғыз бауыры бар екен.

«Сиыр, бие саууды келін боп түскеннен кейін үйрендім. Бұған дейін мұндай тірлік жасап көрмеген едім», — деп əңгімесін бастады.

«Ата-енем өте еңбекқор, қол қусырып қарап отырмайтын, шаруа адамдары еді. Атам — колхоздың бау-бақшасына қарауыл. Диханшылықпен айналысады. 10 баланы сол еңбегімен өсірді. Келін боп түскенімде күйеуімнің бауырлары əлі жас болатын. Мектеп жасындағы балалар мен бүлдіршіндер. Ең кенжесі — қайынсіңлім 3 жаста. Қызым сияқты өсті. Келін болған соң ауылдың «күнде нан пісіру, күнде кір жуу» деген сияқты тірлігіне араласып кеттік. 90-жылдары одақ тарады. Отбасымызда адам саны көп болған соң, еншімізге де көбірек үлес жер тиді. Атам қараған бауда алма-алмұрт, өрік, шабдалы, бәрі-бәрі бар еді. Күйеуім үйдің үлкені болған соң барлық жауапкершілікті мойнына алды. Жеміс сатып, ақша қылдық. Қандай мəселе болса да шешті. Іні-қарындастарын үй қылып, ұлды ұяға, қызды қияға қондырды. Бәріне өз баласындай қарап, аяғынан тұрғызды. Атамыз 2000 жылы қайтыс болды. Сол кезде әлі шаңырақ көтермеген ұл-қыз бар еді. Бəрін жайына қондырып, жайғастырдық. Мұның барлығына ақша керек. Сол кезде үйде екі бие болатын. Бұған қоса, басқа адамдардың биесін ақысына сауа бастадық. Сауыншылық осылай келді».

Баудағы алма бір жылы жақсы өнім берсе, келесі жылы жеміс салмайды. Ауылда егін мен малдан басқа жұмыс жоқ. Сондықтан қой алып, уақ малды көбейтпек болады. Жылқыға құрық салады. Ұлдары мектеп бітіріп, жоғары оқуға түсіп, ауылдан қалаға аттанғанда қой мен жылқыны сатып, сиыр ұстауға көшеді.

«Ірі қараны 2017 жылдан көбейте бастадық. Күнде таңертең сағат 5-те тұрамын. Әуелі сиырларға жем-шөбін беріп, содан кейін сауамыз. Қазір суалып қалды. Сондықтан 10 шақты сиырды 1 сағатта сауамын. Кейін сүтті қайнатып, айран ұйытып, май аламыз. Баяғыда күбі пісетін едік.

Қазір бір жақсысы — машинаға айналдырып аламыз. Бірақ күбіге піскен май бəрібір басқаша ғой. Майы жақсы түсіп, құрты дəмді болады. Сүт көп кезде ғана машинаға айналдырып, басқа уақытта күбі піскенді жөн көрем. Осылайша сиыр сауып, сүт пісіріп, күбі пісіп, түскі сағат 12-ге дейін барлық жұмысты бітіреміз. Түстен кейін құрт жасаймыз, нан жабамыз, қора тазалаймыз. Әйтеуір ауылда тірлік көп. Уақыт зымырап өте шығады».

Бақыт ағай ошақ басына қап-қап тезек əкеліп берді де, сиырларды өріске қарай айдап кетті. Бағлан апай шелек-шелек сүтті ошақтағы дəу қазанға құйып, от тұтатты.

«Ауыл тірлігінің ауырлығы жас күнімде білінбейтін еді. Ойнап-күліп, барлық жұмысты жапырып істеп тастаушы едім. Жас келген соң, ауырлайды екен. Кейде белің ауырады, кейде аяғың ауырады. Əсіресе, қыста қиын. Күн суықта қолыңды мұздай суға салып, сиыр сауу, күбі пісіп, май алу, күбіні тазалау, отын-суыңды қамдау, бəрі-бәрі ауыр жұмыс. Қысы-жазы құрт, сары май істеп, сатамыз.

Сиыр жаңа бұзаулағанда сүт молайып, күніне 50 литрге дейін сүт аламыз. Құрт, сарымай сатып аптасына 40-50 мың теңгеге дейін табамыз».

Сүті аз 10 сиыр сауғанша сүтті 5 сиыр сауған жақсы. Бағлан сауыншы мұны кейін келе түсінгенін айтады.

«Қазір бұрынғыдай сүтті сиырлар кемде кем. Мал базарда да алдап сатады. 2-3 күн саумай желінін ісіріп, базарға әкеледі. Мұны білмей, байқамай сатып аламыз. Ауылға әкелгенде бір-ақ мәлім болады. Саннан сапа дұрыс екенін түсініп жүрміз. Сиыр көбіне қыста бұзаулайды. Буаз сиырды бөлек қамап, қарау керек. Егер бұзауы ерте туса, күтім жасау да екі еселенеді. Енесі сүтті болса, жас бұзау қомағайланып көп еміп қояды. Сосын тура жас бала сияқты бұзаудың да іші өтіп ауырады. Мұның бәріне қарау керек. Балаға қалай қарасаң, бұзауға да солай қарайсың. Суық жерде жатып қалмауы керек. Бұлар да топырақ жалайды, сондай кезде бор сатып салуымыз керек. Уақытылы екпе салдырамыз».

Сиыр сауу кейінге ысырып қоя салатын шаруа емес. Күн сайын екі мезгіл уақыт бөлуге міндеттейтін тірлік.

«Осы сиырлар сауылмай қалмасын» деп той-жиыннан өте көп қалып қоямын. Көбіне отағасы барады. Себебі «малды сауып, жем-шөбін берем» дегенше тым кеш болады. Туысқандар да бұған үйреніп қалған. «Бағлан сиырларын қимайды» деп әзілдейді. «Бұзауын емізе салсаң болмай ма?» деп те өкпе-ренішін айтып жатады.

Бірақ бұларға адам сияқты күтім жасамаса болмайды. Әр сиырымның сыры маған мәлім. Бір сиырлар қатал түр танытып, мінез көрсеткеніңді қалап тұрады. Енді бірі сылап-сипағанды жақсы көреді. Мен де тойға барғым келеді. Бірақ тіршілігіміз осы ғой. Тұрбаттағы біз отырған жерде газ жоқ. Малдың тезегін жағып, тамақ пісіріп, су қайнатамыз. Бәз-баяғыдағыдай тезек істейміз. Көң оямыз. Тандырға нан жабамыз».

Бар өмірі ауылдың қыз-қыз қайнаған тірлігімен сабақтасып жатқаннан кейін де қаланың у-шу өміріне үйренісуі қиын. Қалаға барса, бір-екі күн жатып, шудан шаршап, ауылға қайтқанша асығады екен.

«Қалада балаларым тұрады. «Соларға барып, 10 күндей демалып жатайын» деп ойлаймын да бірақ жата алмаймын. Ары кетсе 2-3 күн боламын. Немерелерімді көріп, мауқым басылып, сосын сиырларымды уайымдай бастаймын. Сөйтіп, ауылға қайтамын. Маған ауыл жақын. Қалада тұра алмаймын. Əркімнің өз орны бар.

Күйеуім, балам мен келінім, бәрі-бәрі көмекші. Басында сұхбатқа келіспеген себебім — ауылда бəрі сиыр сауады ғой. Соны ойладым. Тағы ойланып, «жастарға үлгі болсын, оларды ынталандырып, қызықтырсын» деп, сұхбатқа келістім.

Жастар мұндай жұмыстан қашпауы керек. Қалаға барып, пəтерден-пəтерге көшіп, бала-шағасымен сабылып жүргенше, «анау жоқ, мынау жоқ» деп жыламай ауылға келіп, жақсы өмір сүруіне болады. Жас, бойында күш-қуаты бар кезде тірлік қылу керек. Әрине, ауылда қазір жайылым жер аз, басқа да мәселелер бар. Бірақ бар нəрседен қашпаған жөн. Бәрі еңбекпен келеді. Арманым — балаларым адал өмір сүріп, азамат деген атқа лайық болса, немере-шөберенің қызығын көрсек, сол, басқа не керек. «Бақытым — балаларым» дейтін халықпыз ғой».



***

Бұл «Түркістан әйелдері» жобасы АҚШ Халықаралық даму агенттігі (USAID) арқылы америка халқының қолдауымен Internews жүзеге асыратын Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында дайындалды. Beine. Pro шығармашылық тобы мазмұнына тікелей жауапты жəне мазмұны USAID, АҚШ үкіметі немесе Internews көзқарасына сай келмеуі мүмкін.

Авторлары: Әйгерім Бегімбет, Жанерке Хумар