​70 жастағы краншы Шәрбан апа

0
6 210

Екі кран тақталарды (плита) әрі-бері тасып жатыр. Бір кранды Шәрбан апа тізгіндепті...


​70 жастағы краншы Шәрбан апа

Зауыттағы тарс-тұрс дыбыстан құлақ тұнады. Темір майыстырып, дәнекерлеп жатқан ағаға сәлемдесіп, Шәрбан апаны іздеп келгенімізді айтып едік, жөн сілтеді.

Біраз жүріп, қарасақ, екі кран тақталарды (плита) әрі-бері тасып жатыр. Бір кранды Шәрбан апа тізгіндепті. Келгенімізді көріп, краннан түсіп, бізге жақындады. Аз ғана жұмыс қалғанын айтып, күте тұруымызды өтінді.


Соны пайдаланып, жұмыс сәтін фото-видеоға түсіре бастадық. Сол жерде жұмыс істейтін ағалар: «Апамыз туралы жазуға келдіңдер ме, журналист қыздар? Ол кісі үйінде қандай зат бар-жоғын білмесе де зауытта қай заттың қай бұрышта жатқанын өте жақсы біледі» деп қалжыңдап жатты.

Бізді жақсы пейілмен қарсы алған ұжымда көңіліміз көтеріліп, бар ынты-шынтымызбен іске кірістік.


Шәрбан Тайшикованың жасы 70-те. 19 жасынан, яғни 51 жылдан бері кран айдайды. О баста мұғалім болуды армандаған екен. Бірақ өмір жолы кран рулін ұстатыпты. Айтуынша, бәрі деп кездейсоқ болған.

1970 жылы Кентауда Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп бітіріп, құжат тапсыру үшін училищеге барған сәтін әлі күнге күліп еске алады. Кран тұрмақ, үйдің жанындағы қырға шығудан қорқатын қыз өзі де білмей, кран жүргізуші мамандығына құжат тапсырады.


«Кран айдауды таңдау ойым болмаған. Бәрі ойламаған жерден болды. Мектеп бітірген соң педагогикалық институттың физика-математика факультетіне оқуға тапсырдым, бірақ конкурстан өте алмай қалдым. Содан кейін „тым болмаса училищеде оқиын“ деп шештім. № 150 кәсіптік-техникалық училищеде зертханашы мамандығын оқытады дегенді естігем. Сонда бара жатып, шатасып, қатар тұрған № 136 училищеге кіріп кетіппін. Қабылдау комиссиясында орыс әйел отыр. Бар білетін орысшамның басын құрап, „лаборант болғым келеді“ дедім. Ол болса, „бізде лаборант оқуы жоқ, қыздарға арналған мынадай мамандық бар“ деп бірнәрсені түсіндіріп жатты.


Арасында кран машинисі дегенді де айтты. Кранның не екенін де білмеймін. „Оқуға түспеймін“ деп те айта алмадым. Орыс апай құжаттарымды тас қып ұстап алған. Сұрап алып, кетіп қалуға орысшам жетпеді. Осылай тіл білмегенімнен кран машинисі мамандығына оқуға қабылданып кеттім. Әкем өмірден ерте озған. Анам мен ағам: „Сен мұны енді қалай оқисың, кранды қалай айдамақсың? Мына тұрған қырға шықсаң, қорқып, қайта түсе алмай отырасың ғой“ деп қатты уайымдады.


Шәрбан апа бала күнінде Кентаудағы шеткі көшелердің бірінде тұрыпты. Көршінің балаларымен ойнап жүріп, қыр басына шығып кетеді. Барлық бала төменге түсіп кеткенде, Шәрбан түсе алмай, ағасын күтіп отырады екен. Ағасы келіп, жетелеп түсіреді. Анасы мен ағасының уайымдағаны да сол — Шәрбанның биіктен қорқатыны болыпты.


Училищеде көптен күткен сабақ басталды. Алғашқы күннен-ақ теориясын жаттап, бәрін ұғып, түсініп алуға тырысты. Бар зейінін аударды. Ең алғаш кранға отырған сәті де көз алдында. Күні кеше болғандай. Әсте ұмытпайды.


„Практикаға барғанбыз. Кран айдап отырған жігіт тоқтап, жоғары шығуымды өтінді. „Қорқамын“ деп айта алмадым. Дірілдеп, әрең шықтым. Жанында 1-2 сағат тұрдым. Ертеңіне сол жердегі жас әйел қорыққанымды сезді ме, бірер кеңес айтып, қорқынышымды жеңуге көмектесті. Небәрі 17 жаста екенмін ғой. Оқу бітірген соң Кентаудағы „Құрылыс материалдары комбинатының“ ағаш өңдеу цехында мұнаралы кран жүргізетін боп, жұмысқа кірдім. Міне, содан бері санасақ, 51 жыл өтті.

Кран айдап келе жатқаныма 51 жыл толды. Мен айдаған ең биік кран 20 метрлік болды. Биік крандар кейін келді ғой. Көзім жақсы көреді, құлағым жақсы естиді. Жыл сайын денсаулығымды бірнеше рет тексеруден өткіземіз. Кентау қаласында істеп жүргенде түн демей, күн демей жұмысқа шақыратын. Вагон-вагон бөренелер әкелетін. Уақытпен санаспай, түннің бір уағы демей, қар-жаңбырға қарамай, сол бөренелерді кранмен түсіріп, реттейтін едік. Бұл да бір керемет кездер екен ғой. Мұнаралы кран айдаған сол кездерді қатты сағынамын».


Краншы апамыз бізге сұхбат беріп жатқанда үлкен жүк көліктері құрылыс басына келді. Енді Шәрбан апа зауыт ғимараты ішіндегі краннан даладағы кранға ауысты. Құрылыс плиталарын жүк көлігіне артып беруі керек. Темір баспалдақпен жоғары өрлеп, жұмысына кірісті. Сырттай бақылап қалдық.


«Жұмысымды өте жақсы көремін. Жұмысқа келсем, бәрін ұмытып кетемін. Уақытты әрқашан қуанышты, көтеріңкі көңіл-күйде өткіземін. Зейнетке шыққаннан кейін, ұл-қызым да, жолдасым да жұмыс істеуіме қарсы болды. „Саған не жетпейді, біз бармыз ғой“ деді. Бірақ маған ақша маңызды емес, өйткені жұмысымды жақсы көремін. Кран айдағанда уақыт қызық өтеді. Жан-тәніммен беріліп, жауапкершілігін сезініп істеймін. Бар ынтамды жұмысқа аударған сәтте ештеңені ойламаймын.


Тіпті күйбең тірліктің бітпейтін мәселесін де ұмытып кетемін. Мұндағы бірге жұмыс істейтін серіктеріммен әңгімелесемін. Үйде отырғым келмейді. „Денсаулық жарап тұрғанда жұмыс істеу керек“ деп, үйдегілерге бой бермей келемін. Соңында отбасым да мені түсінді. Жолдасым жұмысқа өзі алып келіп, алып кетеді. Мені еркімнен тыс жұмыстан шығара алмайтынын бәрі түсінді».

Кран айдаудың еш қиыншылығы жоқ, тек жұмысына жауапты болса, болғаны. Үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Және өзіне сенімді болуы керек екен. «Кран айдау тек ер адамдардың жұмысы» деп ойлайтын қыз-келіншектерді қанша үгіттесе де көндіре алмаған.


«Бір қалауым — менің жұмысымды жақсы көріп істейтін жастар көп болса екен. Әсіресе қазақ жастары алып кетсе деймін. Еңбекке талпыныс болса екен. Кәсібіне жетік, сұраныстағы маман болса екен. Тек батылдық керек. „Мен осы жұмысты істеуім керек“ деген мақсат болуы керек. Кран айдауға қаншама қаракөздерімізді үгіттеп, шақырып, келтіре алмадым.


Көбі қорқады. Ер адамның жұмысы деп ойлап алған. „Бұл ер адам ғана істейтін жұмыс“ деп еш жерде жазылмаған. Біраз қызды жаныма алып, үйретіп те көрдім. Қорқады, батылы бармайды. Бірақ қазір көп болмаса да кран айдайтын қыз-келіншектер бар. Бұл жұмысқа келуден қорқуға еш себеп жоқ».


Шәрбан апа: «Жаратқан денсаулық берсе, шамам келгенше халыққа қызмет етемін. Жұмысымда керек екенімді түсінемін» деп, жұмыстағы қаншама қызық сәттерді есіне алды. Арман-тілегін де айтты.


«Жұмыстан қалмауға тырысамын. Анамның жасын берсе екен. Шешем былтыр 97 жасында өмірден өтті. Немере-шөберелерімді қарап, қызықшылығына куә болып жүрсем, не арман бар. Ұрпағым бақытты болса деймін. Олардың арасынан да кран айдайтындар шықса, қуана қолдаймын».


***

Бұл «Түркістан әйелдері» жобасы АҚШ Халықаралық даму агенттігі (USAID) арқылы америка халқының қолдауымен Internews жүзеге асыратын Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында дайындалды. Beine.Pro шығармашылық тобы мазмұнына тікелей жауапты жəне мазмұны USAID, АҚШ үкіметі немесе Internews көзқарасына сай келмеуі мүмкін.

Авторлары: Әйгерім Бегімбет, Жанерке Хумар