Ол 11 жылдан бері Шымкентте көше тазалаушы боп жұмыс істейді.
Автор: Әйгерім Бегімбет
Қала көшелерінде сыпырғы ұстап, қоқыс салынған дорба көтерген, не қоқыс арбасын сүйретіп жүретін адамдарды көреміз. Дені – орта жастан асқан кісілер. Қала тазалығына жауапты жандар. Алайда олардың жұмысы қандай ауыр екеніне мән бермейміз, зер салып қарамаймыз.
Олардың бірі – 58 жастағы Оңалгүл Пәрдеқызы. Ол 11 жылдан бері Шымкентте көше тазалаушы боп жұмыс істейді. 45 градус ыстықта қоқыс жинап, арамшөп жұлып, көше сыпырып жүрген апаймен сұхбаттасу үшін жанына бардық. Сәлемдесіп, жөнімізді айтқанда көгал суғаратын судан үстіне бір құйып, сұхбатқа келісті.
Оңалгүл апай қала сыртындағы Жаңаталап елдімекенінде тұрады екен. Аптасына алты күн үйінен қала орталығына қатынайды.
«Таңертең сағат алтыда тұрамын. Жуынып, шай ішіп, шығамын дегенше сағат алты жарым болады. Автобусқа мініп, сағат сегізге он минут қалғанда жұмысқа жетемін. Дүйсенбіден жұмаға дейін таңғы сағат 8-ден кешкі сағат 5-ке дейін жұмыс істейміз. Сенбі сағат 8-ден түске дейін жұмыста боламыз. Жексенбі демаламыз. Міндетім – «Мұз сарайдың» айналасын тазалаймын. Қоқыс теріп, көгалдағы арамшөп жұламын, суғарамын.
Қоқыс жәшігіндегі қоқысты төгіп, жәшік ішін жуамыз. Кез келген жұмыстың қиын тұсы болады. Мысалы, жауын-шашын кезінде, әсіресе, аптап ыстықта күні бойы далада жүреміз. Шымкенттің жазы ыстық. 45-47 градусқа дейін барады. Сондай кезде сыртта жүру қиын.
Соңғы 10 күн қатты ыстық болып тұр. Ыстыққа шыдай алмағанда көгалды суғаратын «шіләңгімен» үстімізге су құйып жібереміз де жүре береміз. Қыста шыршаларды қағып шығамыз. Суықта аяғымыздан сыз өтеді. Жаңбыр қатты құйып жауғанда тығылып тұратын жер таппай қалатын кез де болады. Енді оңай жерде нан жоқ қой».
«Жұмыс таңдамаймын, жұмысымнан ұялмаймын» деген Оңалгүл апай 30 жасында жан жарынан айырылып, 2 баласымен қалған. Жұмыс жоқ, нан тауып жеу мұңға айналған кездерді есіне алды.
«Жастайымнан балабақшада аспаз боп жұмыс істедім. Тоқырау заманы ғой. Көп жұмыс орны жабылып, саудаға шықтым. Адамдардың жағдайы жақсы болмады, сауда да жүрмеді. 30 жасымда күйеуім қайтыс болды. 2 баламды өсіру үшін қандай жұмыс табылса, соны істедім. Түрлі жұмыста жүрдім. Шымкентте қала тазалығына жауап беретін мекеме ол кезде «Жасыл қала» деп аталатын. 11 жыл бұрын сол «Жасыл қалаға» жұмысқа тұрдым.
Содан бері ақ адал еңбегіммен айлығымды алып келемін. Алғашқы айлығым 28 мың теңге болды. Қазір 110 мың теңге аламын. Бізді басқа жұмысқа алмайды. Қазір орта жастағы адамдарға жұмыс табу қиын. Орта жастағыларға табылатын жұмыстың бірі – көше тазалаушы болу.
Бұл жұмысқа келетін жастар да бар. Тұрақтап кетпейді. Біздің жастағы адамдарға осындай жұмыс табылса қуанамыз. Бірге жұмыс істейтін әріптесім 50 жастан асқан. 3 дипломы бар. Ешбір жер жұмысқа алмай, тіке осында келді».
Оңалгүл апай қандай қиындық көрсе де өміріне шағым айта бермейді. Қала тап-таза, жасыл-желек жайқалып тұрса, соған қуанады екен.
«Өміріме шағым айтқым келмейді. Үнемі күліп жүргенді жақсы көремін. Қазір ғана тазалаған жерге адамдар қоқыс тастап, шашып кетсе де, ренжімеуге тырысамын. Гүлдер жайқала өсіп, көшелеріміз таза болса, жаным жадырап, қуанамын. Адамдар тазалықты біліп, қоқысты жерге тастамаса екен. Қоқыс жәшігін жаңа тазалап, жерді қазір сыпырып қойсам да 1-2 минут өтпей адамдар сол жерге қоқыс лақтырып кетеді. 2-3 адым аттаса, қоқыс жәшігі тұр. Барып салуға ерінеді.
Басшылық жұмысымызды да тексеріп келеді. Сондай кезде жауапты аумақты тазаламаған сияқты боп қаламыз. Ыңғайсыз күйге түсемін. Адамдардың тазалық сақтамайтынына қынжыламын. Бірақ шамалы уақыттан кейін ұмытып кетемін. Өмірімде қанша қиыншылық көрдім. Сонда да қол қусырып, «менде жоқ» деп отырған емеспін. Қолдан келген жұмыстың бәрін істей беремін. Ешкімнен алақан жайып көмек сұрағым да келмейді. Аяқ-қолым сау адаммын. Сол үшін өз еңбегіммен жұмыс істеп, нан тапқым келеді. 30 жасымнан бері екі баламды жалғыз өсірдім, екеуін де үйлендірдім. Оларға да «жоқ-жоқ» демей жұмыс істеңдер» деп айтып отырамын».
Оңалгүл Пәрдеқызының бір бүйрегі жоқ. Бұдан біраз жыл бұрын ота жасап, алдырған. Мұны айтпас па еді, денсаулығы туралы сұрағанымызда шет жағасын шығарды.
«3-топ мүгедегімін. Бір бүйрегім жоқ. Мұны да ешкімге айта бермеймін. «Мен үшінші топтағы адаммын, маған жеңіл жұмыс беріңіз» деп те айтпадым. Былтыр ковид болып ауырғанға дейін жұмысымды жүгіріп жүріп істейтінмін. Ковид боп ауырғалы кеуде тұсым ауыра береді. Тез ентігіп қаламын. Укол салдырып келіп, жұмысымды жалғастырып, істей беремін.
Короновирус адамды әлсіретіп тастайды екен. Кейде қатты шаршап қаламын. Үйге барғанда тұра алмай қалатын кездер болады. Сәл жатып барып тұрамын. Үйге барған соң да демалып жата алмаймын. Өйткені келін жұмыста болады. Барған соң балабақшадан немерелерім келеді. Оларға қараймын. Балаларым жұмыстан кешкі сағат жетілерде оралады. Маған «жұмыс істемей-ақ қой» деп айтады. Бірақ оларға көмектескім келеді. Қол қусырып отыра алмайтын адаммын. «Зейнетке шықсам, қажетіме жететін қаражатым болса, немерелеріме берсем» деп ойлаймын. Немерелерім жақсы өмір сүрсе екен».
Жақында Оңалгүл апай Меккеге барып, қажылық парызын орындап қайтты. Оның қажылыққа баруына жомарт жандар көмектесіпті.Меккеде «еліміздің жастары бақытты болса екен» деп, жастардың денсаулығы үшін дұға етіпті.
«Арманым – еліміз аман, тыныштық болса деймін. Өсіп келе жатқан жастар бақытты болса екен. Жақында жақсы адамдардың көмегімен Меккеге барып қайттым. Бұл да бір қызық болды. Бір күні бір жағдайдан қатты көңіл күйім түсіп, жылап келе жатыр едім журналист жігіт хабарласып, Меккеге баратынымды айтты. Сол сәтте Жаратқанға шүкірлік еттім. Қатты қуандым. Алдыңғы ренішімді әп-сәтте ұмыттым.
Осы хабардан бірнеше күн бұрын жергілікті телеарнаның журналисі көше тазалап жүргенімде кездейсоқ жолығып, менен «көше тазалаушы» ретінде сұхбат алған. Сол кезде «Арманыңыз не?» деп сұраған болатын. Мүмкін болса Меккеге барғым келетінін айттым. Жаратқанның бұйрығы шығар, телеарнадан сол сюжет шыққан соң демеуші табылған екен. Кім екенін айтпады. «Өмірде жақсы адамдар бар екен ғой» дедім. Меккеге барғанымда жастарға ұзақ өмір, мықты денсаулық беруді сұрадым.
Қазір не бір жастар үзіліп кетіп жатыр. Мысалы, жақында ғана құрбымнын жап-жас баласы қайтыс болды. «Жастар өлмесе екен, солар аман болсыншы» деп тіледім. Тағы бір тілерім –әйелдердің зейнетке шығу жасын 58 жас қылса екен. Вирус жұқтырып ауырғалы денсаулығым сыр беріп жүр. Пенсияға шығып, бейнетімнің зейнетін немерелеріммен бірге көргім келеді».
***
Бұл «Түркістан әйелдері» жобасы АҚШ даму агенттігі (USAID) арқылы америка халқының көмегімен «MediaCAMP — Орталық Азия бағдарламасы» аясында дайындалды. Beine.Pro шығармашылық тобы ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты жəне ақпарат USAID-тың немесе АҚШ үкіметінің, сонымен қатар Internews ұстанымына сай келмеуі мүмкін.