​Құрылысшылар Малика, Рысгүл, Гүлсім. Ауыр жұмыс істейтін әйелдер

0
7 127

«Тұрғындары үйді істеген адамға үнемі алғыс айтсыншы» деп жұмысты сапалы орындаймыз...


​Құрылысшылар Малика, Рысгүл, Гүлсім. Ауыр жұмыс істейтін әйелдер

Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы мұнда көпқабатты тұрғын үй мен түрлі әкімшілік, бизнес нысандар құрылысы қарқын алған. Құрылыста адам жұмысшы көп. Қыз-келіншектер де жетерлік. Сондай құрылыс алаңдарының біріне келіп, 12 қабатты үйдің кіреберісіне жақындадық.


Есік алдынан үш әйел мен бір топ ер азамат қарсы алды. Үйдің сыртқы жұмысы аяқталып, ішкі әрлеуі басталыпты.

«Шымкенттен журналистер түсіруге келе жатыр» дегенді естіп, ішкі әрлеуімен айналысатын апайлар боянып, шашын тарап, тап-таза, әп-әдемі киімін киіп, дайындалған екен. «Теледидарға шықсақ, әдемі боп түсейік» деп сәнденіп алған едік, қайдан білейік«, деп күліп, бізді ішке бастады. Жоғары қабаттарға көтерілдік.


«Бізге қарамай, мән бермей, күнделікті жұмыстарыңызды істей беріңіздер» деген соң, жұмыс киімін ауыстырып, іске кірісті. Сұрақ қойып, сөйлетіп жүрміз.


Мейірбике болған Малика

Малика Атаеваның жасы 37-де. Мамандығы — мейірбике. Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылындағы аудандық аурухананың балалар бөлімінде 14 жылға жуық еңбек еткен.


Күйеуінің жұмыс бабымен Түркістанға көшеді. Бірақ екі ортада қатынап жұмыс істеу қиындайды. Түркістаннан мейірбеке мамандығы бойынша жұмыс табыла қоймайды. Отағасының ғана табысына қарап отырғысы келмей, құрылыста жұмыс істеуді ойлайды. Бұрын-соңды сылақ сылап көрмеген екен.


— Біраз уақыт үйде отырдым. Бір адамның тапқаны жетпейді екен. Содан күйеуімнің жанына жұмысқа шықтым. Басында «жұмыс табылғанша істей тұрамын» деген едім. Жұмысы ауыр, бірақ табысы жақсы екен. Үш жылдан асты. Осы құрылыстан нан тауып, несібемізді айырып келемін. Әуелі сылақшылардың көмекшісі болдым.


Ештеңе істеп білмеймін. Қоспаға суды не көп, не аз құйып қоямын. Терлеп-тепшіп дайындап берсем, сылақшының бірі: «қою» дейді, енді бірі «сұйық» дейді. Шелек болса, ауыр. Қайта кері алып кетемін. Бір жұмысты 10-15 рет істеген кезім де болды. Жылағым келетін. Қайта-қайта дайындап, қолым үйренді. Ешкім де бірден шебер болып тумайды екен, — дейді Малика.

Иә, аз уақытта Малика кәнігі сылақшыға айналды. Қолы қолына жұқпайды. Астана, Алматы, Шымкентте мектеп пен балабақша, көпқабатты үй мен жеке ғимараттардың ішін әрлеген. Тапсырыс берушінің қалауына сай тиянақты орындап береді.


«Таңертең келіп, киімімізді ауыстырып, жақсылап шай ішіп аламыз да жұмысқа кірісеміз. Сосын жігіттер барып, кранды алып келеді. Біз суымыз пен қабымызды көтеріп, құрылыс ортасына кіреміз. Қай бөлмеде жұмыс болса, сол бөлмеге тасимыз. Осылайша күніне «козелға» мың шығып, мың түсеміз. «Штукатурка» береміз. Бұл да оңай емес, қолымызды ала алмай қаламыз. Сулы эмульсия жағамыз.


Жұмыс істеуге қажет заттың барлығын жанымызға қойып, қабырғаға тор қадап шығамыз. Тор (сетканы) қадаған соң саңылауларын бітейміз (шпаклевка). Тегістейміз (грунтовка). Содан кейін тағы саңылауларын бекітеміз. Әрине, мұның барлығы ауыр еңбек, бірақ амал жоқ, істейміз. Ақша табу керек. Бізге айлықты тұрақты жалақы емес, істеген жұмыс көлеміне қарай төлейді. Сондықтан жұмысты тезірек бітіріп, көбірек ақша алу үшін кейде түнгі сағат 12-ге дейін жұмыста қалып қоямыз. Жалқаулығың ұстамаса, жақсы ақша табатын жер. Жұмыс өте қиын. Соған шыдай алатын адам келуі керек».


Ол құрылыста жұмыс істейтін әйелдер көбейгенін айтады. Біз барған құрылыс алаңындағы төрт үйде 15 шақты әйел жұмыс істейді екен.

– Ақшасы жақсы жұмыс, бірақ денсаулыққа зиян. Кей күндері екі бүйрегіміз ауырып, тұра алмай қаламыз. Кейде төсек тартып, жатып қаламыз. Өзім мейірбике болған соң, ауырсынуды басатын дәрі ішіп, келіскен жұмысты уақытылы бітіріп береміз. Қоспаны араластырғанда шаң-тозаң мұрнымызға кіріп, ауамен өкпеге барады. Бұл да химиялық заттар ғой. Өкпеміз толып, жөтеліп қаламыз. Тиын-тебенге ауыр жұмыс істеп жүрген әйелдер қаншама. Оларға жақсы ақша тауып, машина, үй алып, ешкімнің қолына қарамауы үшін «құрылысқа келсін» дер едім. Өзіміз осы еңбектің арқасында кредитімізді жауып, үй салдық, машина алдық, – деді Малика.


Малика құрылыста жұмыс ауыр болса да көңілге қуаныш сыйлайтын кездер боп тұратынын айтады. «Пәтерден пәтерге көшіп жүрген бір отбасына баспана болады» деген ниетке қуанып қаламыз дейді.

— Шымкентте №65 мектепте жөндеу жұмысын істедік. Сол жұмысты бітіргенімізде мектеп директоры алғыс айтып, көзіне жас алып қалды. Бұл бір есте қаларлық тамаша кез. Ақша ғана емес, алғыс алу қандай керемет. Сол кезде қосыла жыладым. Көп ұзамай, ол апайдың өмірден озғанын естідім. Пейіште нұры шалқысын.

Қазір осы үйлердің ішін әрлеп, сырлап жатырмыз. Бұл пәтерге де бір отбасы қоныстанады ғой. «Олардың баспаналы болғанына үлес қосып жатырмыз» деп ойлап, қуанамыз. Бұл үйлер көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға беріледі.


«Олар ертерек үйлі болсыншы» деп жұмысымызды тезірек аяқтауға тырысамыз. Біз бұған дейін салған үйлерде адамдар тұрып жатыр. Сол үйлердің жанынан ары-бері өткенде кеудені қуаныш кернейді. Бұл да бір ерекше сезім екен. «Тұрғындары үйді істеген адамға үнемі алғыс айтсыншы» деп жұмысты сапалы орындаймыз. «Ертең бір ақау шығып, мынаны кім істеген» деп сыртымыздан боқтап, адамдар ренжіп жүрмесін, өз үйіміздей жасайық» деп айтып отырамын. Жұмыстың жауапкершілігі үлкен, соны сезінеміз, — деді Малика.



«Арманым — баспаналы болу»

Маликамен бірге жұмыс істейтін Рысгүл Шалабаева – 38 жаста. Баласын жалғыз тәрбиелеп отырған ана.


— Құрылыста жұмыс істеп жүргеніме 3 жыл болды. Бұған дейін түрлі жұмыс, дәлірегі табылған жұмысты істедім. Еден жуушы болдым, асханада істедім. Мен де мұнда келгенше құрылыстан еш хабарым болмады. Қап көтеру, су тасу, оларды жоғары қабатқа шығару — өте қиын.


Бір күнде 10-ға жуық қап арқалап кіреміз. Қазір бұған да үйреніп қалдық. Барлығын осында келіп үйрендім. Баламды асырау үшін жұмыстың ауырлығына қарамадым. Жалғызбасты анамын. Бұл жұмыс бүйрек пен өкпеге зиян. Бірақ сонда да істейміз. Бұған дейін 5-6 объектіде істедім. Басқа қалаларда да болдым. Менің арманым — баспаналы болу. Үйіміз болса екен. Балам екеуміз соны армандаймыз. Жалғызбасты ана ретінде тұрғын үй кезегінде тұрмын, — дейді Рысгүл.



«Балаларымды өсіріп, шетелге қыдырсам екен»

42 жастағы Гүлсім Шалабаева бұған дейін асханада жұмыс істепті. Асхананың да жұмысы ауыр, айлығы мардымсыз екен. Сондықтан құрылысқа ауысыпты.


— Асхананың жұмысы да ауыр. Сол жақта алатын ақшадан бұл жақтың ақшасы көп болды. Асханадан кеткен соң, бір өзім адамдардың үйіне жөндеу жұмысын істеп жүрдім. Сөйтіп бір күні құрылысқа келдім. 5 жылдан асты. Бала-шағамыз үшін жүрміз. 2 балам бар. Күйеуім екеуміз перзенттеріміздің болашағы үшін аянбай еңбек етіп келеміз. Құрылыстың қиыны — кешке дейін тынбай жұмыс істейміз.


Қаншалықты көп жұмыс бітірсек, соншалықты ақша аламыз. Сондықтан демалуға көп уақыт жұмсамаймыз. Әйел адамға өте ауыр жұмыс. Көмекші боп жүретін ер адамдар болмаса қиын. Бригадада кемі 2-3 ер адам болу керек. Бір объектіні 10-15 күнде бітіріп шығамыз. Біздің қолтаңбамыз қалған үйде адамдар тұрып жатқанын көріп қуанамыз.


«Еңбектің қуанышты сәті» деп соны айта аламын. Осы жағынан жұмысымды ұнатамын. Құрылыста кез келген адам істей алмайды, жылдам, пысық, жауапкершілігі мол, ережеге бағынып жұмыс істейтін адам болуы керек. Арманым — бала-шағамды өсіріп, шетелге қыдырсам екен. Жасым 40-тан асты. Әлі күнге дейін ешбір шет елге шықпадым. Тіпті бас қаламыз — Астананы да көрмедім. Сондықтан ел аралап, жер көргім келеді, — деді Гүлсім Шалабаева.


***

Бұл «Түркістан әйелдері» жобасы АҚШ Халықаралық даму агенттігі (USAID) арқылы америка халқының қолдауымен Internews жүзеге асыратын Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында дайындалды. Beine. Pro шығармашылық тобы мазмұнына тікелей жауапты жəне мазмұны USAID, АҚШ үкіметі немесе Internews көзқарасына сай келмеуі мүмкін.

Авторлары: Әйгерім Бегімбет, Жанерке Хумар