Теміржолшы Бүбісара. Ауыр еңбек ететін әйелдер

0
8 242

Қашан қарасаңыз да қолына ауыр қайласын алып, рельсті бақылап, кем-кетігін жөндеп жүргені...


Теміржолшы Бүбісара. Ауыр еңбек ететін әйелдер

Автор: Әйгерім Бегімбет


Сан бағытқа қатынаған әр пойызға қол бұлғап, сондағы жолаушылардың діттеген жеріне аман-есен жетуін тілеп жүретін бір жан бар. Ол – Бүбісара Тұрдықұлова.


Қашан қарасаңыз да қолына ауыр қайласын алып, рельсті бақылап, кем-кетігін жөндеп жүргені. Жол жөндеуші боп, табан аудармастан еңбек етіп келе жатқанына биыл тұп-тура 34 жыл болыпты.


Түркістан облысы, Сарыағаш ауданының Дарбаза ауылындағы теміржол станциясын жолай кездескен ауыл адамдарынан сұрап жүріп, оп-оңай таптық.


Бүбісара апай да теміржол бойындағы жұмысын аяқтап, жанымызға келе қалды. Маңдайын жуған ащы терді сүрте отырып, сұрақтарымызға жауап берді.


– Бұл жұмысқа тағдырдың өзі айдап әкелген шығар. Әйтпесе мектеп бітіргеннен кейін Қапланбек ауылындағы училищеде бухгалтерияны оқыдым. Тұрмысқа шықтым. Ауылда жұмыс жоқ. Күйеуім теміржолда істеді. Әуелі «мастер», кейін бригадир болды. «Үйде құр қол қарап отырмайын» деп, жол монтері боп жұмысқа кірдім.



Кейін балалы болдық. Баланың ас-суын дайындап, марқұм енеме қалдырып кететін едім. Жұбайым екеуміз де таңның атысы, күннің батысы осы станцияда жүрдік. Бүкіл өміріміз, қиындық пен қуанышымыз осында өтті. Өкініштісі жан жарым үш жыл бұрын, 55 жасында өмірден озды. Зейнет жасына да жетпеді. Үш ұл, бір қызымыз бар. Оларды осы еңбектің арқасында өсірдік, – деді Бүбісара апай.

Бүбісара апай жол монтері боп жұмысқа тұрғанда25 жаста еді. Күздің қара суығы. Бұрын-соңды салмағы ауыр темір-терсек көтермеген талдырмаш келіншекке жол жұмысын бел шешіп, бастап кету оңай болмады. Бірінші алған тапсырмасы – рельсті жолға бұру тетігін тазалап, майлау болды.



Кейде бұрандылары босайды, сынып қалады. Ауыстыру немесе қатайту керек. Кезінде бұл станцияда Нурипа, Марина атты әйелдер бірге еңбек еткен екен. Бірақ олар зейнетке шыққан соң, кілең ер адамдардың арасында ауыр жұмыс істеуге Бүбісара апай жалғыз қалды.


Станция басшылығы жеңілдеу жұмысқа ауысуды бірнеше рет ұсынған. Бірақ өзі үйреніп қалған, қыр-сырын білетін жұмыстан кеткісі келмепті. Бірлігі жарасқан ұжымды да қимапты.

– Үкіметтің «Әйелдерді ауыр жұмыстан босату жайлы» арнайы қаулысы шықты. Сондықтан ауыр өндірісте әйелдер саны азайған. Қазір мұндай ауыр жұмысқа алмайды. Ал менің зейнетке шығуыма бірер жыл қалды. Жүктелген міндетті мүлтіксіз орындауға тырысамын. Қыстың суығанда рельстер тартылады. Ал ыстықта балқып, созылады.



Сондықтан кейде жұмысқа ерте шығып, жөндеп қоямыз. Қыста жолды қар басып қалады. Тастар сырғиды. Сондай кезде де демалыс күндеріне қарамай, шығып, тазалаймыз. Кейде өрісте жайылып жүрген мал тура пойыз өтерде жолға шығып кетеді. Жүгіріп жүріп айдаймыз.



Жұмысымыз күнделікті жауапкершілік пен ұқыптылықты талап етеді. Көз алдымыздан қаншама жолаушы, тонналаған жүк өтеді. Олардың аман-есен жеткені маңызды, – деді Бүбісара апай.



Қыстың ызғарлы суығына, жаздың аптап ыстығына, көктем мен күздің жаңбырлы күндеріне қарамастан ауыр темір-терсегін көтеріп, теміржол бойында тер төгіп жүрген Бүбісара апайдан арманын сұрадық. Ойланып қалды.


– Бала-шағамның амандығы, немерелердің қуанышы бақыт сыйлайды. Күнде кешкісін жұмыстан шаршап қайтқанда тәтті қылықтарымен жаныңды жадыратып, шаршағаныңды ұмыттырып жібереді. Арманым – олардың қызығын, өмірден өз орнын тапқанын көру, – деп қысқа қайырды.



"Бала-шаға, немере-шөберенің қызығын көру – кез келген жанның арманы. Тағы да іштей қалайтын арманыңыз бар шығар. Ойланып көріңізші?" – деп, бізде қоймаймыз.

– Күйбең тіршілік армандауды да ұмыттырып жібереді екен. Іштей қалайтын арманым – барша мұсылман баласының қасиетті орны саналатын Меккеге бару. Қағбаны айналу. Киелі, қадірлі мекенді өз көзіммен көргім келеді, – деді сәл ойланып.

– Пойызбен жиі сапарлайсыз ба?



– Жоқ, жиі шықпаймын. Шипажай, демалыс орындарына да барған емеспін. Жұмыстан еңбек демалысы кезінде жолдама беруін береді ғой. «Бірақ сол кезде үйге жөндеу жұмыстарын жүргізіп алайын» дейсің, «той-томалақ, құдалық өткізіп алайын» дейсің, «келінім босанады, оның жағдайын жасайын» дейсің, «кетіп қалсам малға кім қарайды» дейсің.



Әйтеуір ауылдың күнделікті тірлігімен-ақ жылына бір келетін демалысымыз да өтіп кетеді. Зейнетке шыққаннан кейін немерелерімді ертіп, үлкен қалалар мен көрікті орындарды аралағым келеді. Бұйыртса соған да аз уақыт қалды ғой, – деп күлімсіреді.



Бір барғанда ауылда +40 градусты көрсетіп тұрған. Ал теміржол бойында темір мен қиыршық тастар ауа температурасын тағы + 5+10 градусқа көтеріп жібереді екен. Бірер минут жүрсеңіз төбеңізді тесетін аптап ыстық басыңызды айналдырып, әлсіретіп, алып ұратын сияқты. Бүбісара апай бұл ыстыққа да, ауыр жұмысқа да үйреніп қалған. Шыт орамалын басына қаттырақ байлап, күнделікті жұмысын жалғастыруға кетті.


*Бұл «Түркістан әйелдері» жобасы АҚШ даму агенттігі (USAID) арқылы америка халқының көмегімен «МediaCamp – Орталық Азия бағдарламасы» аясында дайындалды. Beine.Pro шығармашылық тобы ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты және ақпарат USAID-тың немесе АҚШ үкіметінің, сонымен қатар Internews ұстанымына сай келмеуі мүмкін.