Түркістан облысы Ордабасы аудандық соты осындай үкім шығарып, екі жылдан бері созылған іске нүкте қойды.
Жас босанған ананың өліміне кінәлі деп айып тағылған екі дәрігер сотта ақталып шықты деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Түркістан облысы Ордабасы аудандық соты осындай үкім шығарып, екі жылдан бері созылған іске нүкте қойды. Ордабасы аудандық ауруханасының қос дәрігері кәсіби міндеттерін орындау барысында абайсызда науқастың өлтіріп алды деген айып тағылған болатын.
Екі баланың анасы жүктіліктің 8-ші айында ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер кесір тілігімен ота жасап, нәресте дүниеге келген. Көп қан жоғалтқан әйел сәбиімен перзентханада біршама уақыт ем алған. Жан сақтау және қалыпқа келтіру мақсатында қажетті ем домын алып, жағдайы жақсарған соң ана мен бала үйіне шығарылған. Алайда аз уақыттан соң жас босанған әйел жағдайы ауырлап тағы ауруханаға жансақтау бөліміне жатқызылады.
Ордабасылық дәрігерлер республикалық және облыстық ауруханаларға әйелді шұғыл жеткізбек боп жанталасқанымен үлгірмей қалған. Үш баланың анасы Ордабасы аудандық ауруханасында қайтыс болған. Дәрігерлер марқұм әйелдің үшінші жүктілігі барысында бір емес, бірнеше рет сырқаттанып стационарлық ем қабылдағанын айтады.
Ауруханада көз жұмған әйелдің туыстары Ордабасы аудандық ауруханасының акушер-гинекологы мен анестизиолог-реаниматологын айыптап шағымданған. 2018 жылдан тергелген іс биыл жыл басында сотқа кеп түскен. Сот барлық материалдар мен сараптама қорытындыларын, куәгерлердің түсініктемелерін зерделеп, қос тарапты тыңдай келе сотталушы дәрігерлердің іс-әрекетінде қылмыс құрамы жоқ деп ұйғарым жасаған. Ордабасы аудандық соты екі дәрігерді де ақтап шығарды. Айта кету керек, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.