Білім саласындағы жемқорлық төмендеп келеді

0
1 655

Аталған жаңсақ мәліметтерді Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі теріске шығарды.


Білім саласындағы жемқорлық төмендеп келеді

ERNUR.KZ. Таяуда Түркістан облысы әкімдігі мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендету мәселелері талқыланған жиыннан БАҚ-та қате мәліметтер жарияланды.

Аталған жаңсақ мәліметтерді Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі теріске шығарып, төмендегіні хабарлайды.

Атап айтқанда, мәжілісте ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғ.Тұрсынбаев соңғы үш жылда республика бойынша білім саласындағы жемқорлық аясында 513 қылмыстық іс қозғалып, 305 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеген. Бұл республикалық көрсеткіш болып табылады.

Ал, Түркістан облысында соңғы үш жылда білім саласында сыбайлас жемқорлыққа қатысты 50 жағдай тіркелген. Бүгінде бірқатар тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Жыл басынан бергі жағдайға тоқталсақ, облыстық білім басқармасының басшысы И.Сағындықовтың мәліметінше, 2018 жылдың 8 айында облыс аумағында білім беру ұйымдарының лауазымды тұлғаларымен жасалған 6 сыбайлас қылмыстық іс тіркелген. Оның 4-уі мектеп директорлары болса, 1-уі техникалық қызмет көрсетуші мен бір жетекші маман тартылған. Бұл ретте айта былтырғы тиісті мерзіммен салыстырғанда арнайы жұмыстардың нәтижесінде, өңіріміздегі ахуал жақсарып, бес фактіге азайып отыр. Өткен 2017 жылдың 8 айында сыбайлас жемқорлыққа қатысты 11 жағдай тіркелген болатын.

Бүгінде басқарма тарапынан сыбайластықтың алдын алуға бағытталған облыстық деңгейде тиісті жұмыстар атқарылуда. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына жолдама беру және кезекке қою процессін автоматтандыру қолға алынып, бүгінгі күнге 481 мекеме немесе барлық 1368 мектепке дейінгі мекемелердің 35 пайызы осы жүйемен жұмыс жүргізуде. Жыл соңына дейін balabaqsha.sitcen.kz порталына балабақшалардың 100 пайызын қосу жоспарлануда. Жүйе қызметімен бүгінде 12 мыңнан астам бүлдіршін балабақшаға орналасқан.

Облыстың 902 (100%) мектебінде jumys.sitcen.kz жүйесі ендірілген. Бүгінге дейін аталған жүйе қызметі арқылы 933 бос жұмыс орын жарияланып, 321 адам жұмысқа орналасқан.