Кезекті басқосу Кентау қаласында өтті.
«Дәстүрлі құндылықтар керуені» тақырыбындағы көшпелі іс-шара Кентау қаласына келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Бүгінде облыс аумағында облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың арнайы тапсырмасына сәйкес, халыққа мәдени, рухани, діни тұрғыда түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында «Дәстүрлі құндылықтар керуені» тақырыбындағы көшпелі жиындар өтуде. Кезекті басқосу Кентау қаласында жалғасты.
Онда қала әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев жиынды ашып, кездесудің маңызы мен міндетін түсіндіріп өтті.
Түркістан облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог, дінтанушы маманы Файзулла Тайтелиев, облыстық халық шығармашылығы орталығының бөлім басшысы Шолпан Мамытханова, дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директорының орынбасары Мәди Бесбаев байыпты баяндама жасап, жастарды жат ағымдардан сақтандырудың жолдарын түсіндірді.
Қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы Мұратбек Абдуллаев салт-дәстүр жайында және рухани жаңғыру аясында біршама мәселелерді атап өтті.
Жиын соңында көпшілік тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер мен сұрақтарға сала мамандары кең көлемде жауаптар берді.