Қазақстанға қайта оралған​ фотограф ​зейнеткерлікке шықса да сүйікті ісін тастамаған

0
1 496

Оның «Мен Түркiстанды жанымдай жақсы көретiнiмдi түсiндiм» деген сөзi кiндiк қаны тамған туған жермен қауышқанына қуанышты екенiн аңғартқандай.


Қазақстанға қайта оралған​ фотограф ​зейнеткерлікке шықса да сүйікті ісін тастамаған

Саналы ғұмырын фотография саласына арнаған азамат бұл iстен әлi күнге дейiн қол үзген емес. Зейнеткерлiкке шықсада сүйікті ісімен айналысып жүрген түркістандық кәсіби фотограф Николай Апостолидимен ERNUR.KZ тілшісі сұхбаттасқан болатын.

Әрбiр қызықты сәттердi естелiкке айналдыратын фотосуреттердiң адам өмiрiнде алатын орны ерекше. Фотография саласы сол үшiн де қадiрлi, әрдайым өмiршең. Осы ретте соңғы жарты ғасырға жуық уақыт фотография саласына ғұмырын арнап келе жатқан 1981 жылы ашылған “Незабудка” фотосалонының иесi, фотосуретшi Николай Апостолидидi Түркістан тұрғындарының көпшiлiгi таниды.

1949 жылы Сталиннiң жарлығымен Әзiрбайжан Республикасының Баку қаласынан әке-шешесі мен туған-туыстарымен Қазақстанға жер аударылған. Мырғалымсай елдi мекенiне (қазiргi Кентау қаласы) одан соң Түркiстан ауданына (қаласы) қоныстандырылған. Ата-анасы Константин мен Анастасия екеуi де грек ұлтының азаматтары. Өзі 1952 жылдың 25 мамырында Түркiстан қаласында дүниеге келген. Жанұяда үш ұл, бiр қыз.

«Балалық шағым да бүкiл өмiрiм де Түркiстандай қасиеттi қаламен үндесiп жатыр» дейді ол.

- Түркістандағы Н.Төреқұлов атындағы №8 жалпы орта мектебiн (бұрынғы Никитин) бiтiрген соң №14 Түркiстан техникалық училищесiне оқуға түстiм. 1967 жылы тәмамдап, 5-разрядтағы кәсiби фотограф мамандығын алдым. Әскерден келгеннен соң әкеммен бiрге тұрмыстық қызмет көрсету үйiнде орналасқан фотосалонда жұмыс жасадым. Ол кезде жұмысты 6-7 адам болып ұжыммен бiрлесе iстеушi едiк. Содан берi фотография менiң өмiрлiк құндылығыма айналды. Әкем өмiрден өткенде отбасылық кәсiптi жалғастырдым. Көздi ашып-жұмғанша мiне, 45 жылға жуық уақыт өтiптi. “Незабудка” фотосалонының мекен-жайы қаланың көптеген жерiне ауысып тұрған. Оны қала тұрғындары жақсы бiледi. Бiрақ, 2000 жылы мерекелi “Түркiстан қаласының 1500 жылдығы” қарсаңында темiр жол вокзалының маңынан жаңа ғимарат салып, 18 жылдан берi өздерiңiз көрiп тұрған осы мекен-жайымызды өзгертпедiк. Нина есiмдi қарындасым көмекшi болып жұмыс iстейдi, - деп өз өмірінен сырт шертті фотограф.

Заман ағымына қарай ол “Москва-5”, “ФЭД”, “Зоркий-10”, “Киев”, “Зенит” атты фотоаппараттармен жұмыс жасап, бірнешеуін ауыстырған.

«Ол кезеңдерде пленкалар қара және ақ (черно-белое) болатын. Оны “Коdак” атты түрлi-түстi пленкалар алмастырды. Сурет шығару үшiн бiршама уақыт пен төзiмдiлiк керек болатын. Қараңғы бөлмеде пленкадағы суреттердi химиялық ерiтiндiлермен жуу арқылы суреттер шығарылушы едi. Қазiр “Nikon D90”, “Canon 1100” атты цифрлық фотоаппараттар қолданамын. Сурет шығару да оңай ғой қазiргi таңда. Жұмысымыз заман талабына сай компьютер арқылы жасалады», - дейді ол өз кәсібінің тарихынан сыр шерте отырып.

Түркістан жұрты танитын фотографтың кәсiбінен бөлек музыкаға жаны жақын деп естуші едік. Түркiстандағы музыкалық мектепте “Ионика” аталатын электрлi пианино аспабында ойнауды оқып, үйренгендігін де айтып берді ол. Содан Шымкенттегi музыкалық училищеде білім алыпты. Әскерге аттанбас бұрын 5-6 айдың көлемiнде қаладағы мәдениет үйiнiң “Құрдастар” ансамблiне мүше болған екен. Гастрольдiк сапармен Шалқар, Жаңақорған, Арыс сынды қалалар мен аудан орталықтарына жиi барғандығын еске түсірді.

«Жастық шағымнан естелiк болып қалған кезеңдер едi сол шақтар», дейді сағынышпен еске ала отырып.

1992 жылы тарихи отаны Грекияға отбасымен қоныс аударған Николай Константинович бiр жыл өткенде Қазақстанға қайта оралған. Оның “Мен Түркiстанды жанымдай жақсы көретiнiмдi түсiндiм. Сондықтан көп ұзамай қайта оралдық”, - деген сөзi кiндiк қаны тамған туған жермен қауышқанына қуанышты екенiн аңғартқандай.

.