Отырарда осындай тақырыппен салтанатты жиын өтті.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай Республикамыздың түкпір-түкпірінде түрлі іс-шаралар өтуде. Еліміз үшін ерекше орны бар бұл күннің лайықты аталып өтілуіне отырарлықтар да өз үлесін қосуда. Соның дәлелі — аудандық орталық мәдениет сарайында «Кемеңгер Елбасы - ырысы елімнің» атты салтанатты жиын өткізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Бұл салтанатты жиын Отырар ауданында мереке қарсаңында өткен барлық іс-шараларды қорытындылады. Жиын ашық деп жарияланған соң аудан әкімі Ерлан Айтаханов отырарлықтарды мерекемен құттықтады.
- Елбасы мен Тәуелсіздік — егіз ұғым десек болады. Елімізді күллі әлемге жақсы қырынан танытқан Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі ересен. Әлемнің алпауыт елдерінің лидерлері де Елбасымыздың халықаралық саясаттағы қадамын, жер шарындағы бейбіт өмірге шақырған үндеулерін зор құрметпен қабылдайды. Осындай фактілердің өзі Нұрсұлтан Әбішұлының халықаралық деңгейдегі аса зор беделін білдіреді. Биыл жетінші мәрте аталып өтіп отырған Тұңғыш Президент күні баршаңызға құтты болсын!- деген аудан басшысы елеулі еңбегі үшін Елбасымыздың Жарлығымен марапатталған бір топ отырарлықтардың кеудесіне медальдар тақты. Сондай-ақ, мереке қарсаңында әр сала бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлестерін қосқан қызметкерлер аудан әкімінің арнайы Алғыс хаттарымен марапатталды.
Мерекелік жиын аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.