Бұл аллеяға кентаулық ұстаздар қауымының құрметіне орай ерекше атау берілмек.
Кентау қаласының әкімі Даурен Махажановтың тапсырмасымен қала орталығынан "Ұстаздар аллеясының" құрылысы бастау алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Кентау қаласы күннен күнге ажарланып келеді. Көктем шығысымен шағын шаһардың шырайы кіріп, көше бойларында көркі көз тартар бірнеше гүлзарлар орналастырылған. Орталық көше күрделі жөндеуден өтіп, ішкі орам жолдар да қалыпқа келтірілуде.
Алдағы уақытта қала тағы бір нысанмен толықпақ. Кентау қаласының әкімі Даурен Махажановтың тапсырмасымен қала орталығынан "Ұстаздар аллеясының" құрылысы бастау алды. Бұл аллеяға кентаулық ұстаздар қауымының құрметіне орай ерекше атау берілмек.
Қаладағы Абай даңғылынан бой түзейтін аллеяда үлкен қыл қаламнан ескерткіш орнатылатын болады. Маңайында тұрғындардың тыныстап демалуына барлық жағдай жасалынып, арнайы замануи орындықтар мен жарық шамдар аллеяның ажарын одан әрі аша түспек.
Сонымен қатар, аллеяда балаларға арналған соңғы үлгідегі ойын алаңшалар да қойылмақ.