КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫ: Түркістандықтар ел қоржынына отызға жуық медаль салды

0
264

16 алтын, 8 күміс және 5 қола медаль олжалады.


КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫ: Түркістандықтар ел қоржынына отызға жуық медаль салды

Көшпенділер ойынында Түркістан облысының өрендері айрықша үлес қосып, 30-ға жуық медаль еншіледі, деп хабарлайды ERNUR.КZ.


Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аяқталды. Дүбірлі сында Қазақстан ұлттық құрамасы айқын басымдықпен көш бастады. Ортақ жеңіске Түркістан облысының өрендері айрықша үлес қосып, 30-ға жуық медаль еншіледі. Нақтырақ айтқанда, 16 алтын, 8 күміс және 5 қола медаль олжалады. Айрықша айтып кетейік, 16 алтынның 10-ын Төлеби ауданының сайыпқырандары иеленіп, ұлттық спортта көш басында екенін көрсетті.


Чемпиондарға тоқталсақ, қазақ күресінен әйелдер арасында барлық қарсыласының жауырынын жерге тигізіп, боз кілемде атой салған түркістандық ару Айжан Жылқыбаева, алыптар сайысында Арыс қаласының бетке ұстары Азамат Мақұлбеков әлемнің 16 елінен келген апайтөс алыптарды қапы қалдырып, жеңімпаз болды. Жамбы атудан үш бірдей спортшы мергендігімен көзге түсіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Жамбы атудың Азия стилінен Батыр Бексауыт топ жарса, Түркі стилінен Ералхан Айкөз чемпион болды.


Ал төрт түркістандық көкпаршы ұлттық құрамада өнер көрсетіп, алтыннан алқа тақты. Қоса кетейік, теңге ілуден Рахат Қамбаров барлық теңгені іліп, жеңістің шыңын бағындырса, шапшаңдық пен ойлау қабілетін талап ететін зияткерлік ойын түрі овариден Әсел Далиева барлық қарсыласынан айласын асырып кетті. Жеңісті жолды асық атудан Айтқұлов Амандос жалғап, алтыннан алқа тағып, ел мерейін асқақтатты.