Мұқағали ақын топ жарды

0
2 109

​Шымкенттік ақын Мұқағали Кенжетайұлы облыстық «Кәнеки тілім, сөйлеші!» байқауында топ жарды,-деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.


Мұқағали ақын топ жарды

Шымкенттік ақын Мұқағали Кенжетайұлы облыстық «Кәнеки тілім, сөйлеші!» байқауында топ жарды,-деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Өнер сайысы Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, шешендік өнерді насихаттау, тұрғындар арасынан сөз өнеріне жақын, тілге шешен, ділмар азаматтарды іздеп табу мақсатында осыменен оныншы рет өткізілді.


Байқауға аудан, қалалар мен жоғары оқу орындарында іріктеуден өткен 15 үміткер қатысты. Облыстық байқаудың мақсаты- еліміздің шешендік өнерін дәріптеп, елге таратуға, жан-жақты насихаттауға, шешендікті заманауи талаптармен, жаңашылдықпен ұштастыра өрістетіп, сөйлеу мәдениетін көтеруге қол жеткізуге игі ықпал ету болып табылады.

Биыл 10-шы рет ұйымдастырылып отырған шешендік өнер сайысы «Сәлемдесу – салтымыз», «Таза, мінсіз асыл сөз ой түбінде жатады» және «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» атты үш кезеңді қамтыды. Шараны ОҚО Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нысанбекова Гаухар Әкімбекқызы құттықтау сөзбен ашып берді.

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге Облыстық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының қызметкері Кенжетайұлы Мұқағали лайық деп танылды.

бірінші орын Кентау қаласы № 6 А.С.Пушкин атындағы жалпы орта мектебінің мұғалімі Қарамендеева Мәдина Бағадатқызының қанжығасына байланды. Екінші орын Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті Сұлтанбек Ерасыл Жұмаханұлына және Ордабасы ауданы Шұбар жалпы орта мектебінің мұғалімі Буксикбаева Назгул Канымергенқызына табыс етілді. Үшінші орынмен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті Әбдіғали Мөлдір және Сарыағаш ауданындағы № 6 Ж.Аймауытов атындағы жалпы орта мектебінің мұғалімі Жолдасова Арайлым Рахматулақызы, Шардара ауданындағы Б.Соқпақбаев жалпы орта мектебінің мұғалімі Ділдабек Нұрболат Жиенбекұлы марапатталса, «Қазақтың төбе биі Төле би» атындағы номинация Созақ ауданындағы Ж.Қаламбаев атындағы жалпы орта мектебінің тәлімгері Шаримбеков Думан Нәлібекұлына, «Қаз дауысты Қазыбек би» номинациясы Отырар ауданы Балтакөл ауылдық клуб меңгерушісі Төлешов Сейітқұл Жиенханұлына, «Әз Әйтеке би» номинациясы Арыс қаласындағы Аққала жалпы орта мектебінің мұғалімі Байтемиров Буралхан Асылханұлына, «Үздік заманауи киім үлгісі» арнайы жүлдесі Төлеби ауданындағы «Мағжан» бөбекжайының тәрбиешісі Шәріп Жансая Сапаралықызына беріліп, жүлделі орындармен қатар байқауға қатысушылардың барлығы дипломдар және сый-сияпаттармен марапатталды.