Ел басшысына жағдайды баяндаған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы штаб құрылып, қала тұрғындарының жаппай көшірілгенін хабарлады.
Арыс қаласындағы төтенше жағдайға қатысты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оқиға орнына келіп, жағдаймен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Арыстағы жарылыстан кейін қаланы толықтай облыс әкімінің өзі аралап шыққан. Атап айтқанда, балалар бақшасы, қалалық аурухана, аудандық ішкі істер бөлімі ғимараты, тұрғын үйлерді өз көзімен көріп, келтірілген шығынды есептеуді тапсырды.
Жақын орын тепкен ауылдық округтер мен аудан орталықтарында 15 эвакуациялық бөлімшелер ашылды. Эвакуациялық бөлімшелерінде тіркелген адам саны – 2218. Зардап шеккендер ас-ауқатпен және уақытша баспанамен қамтамасыз етілді.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхамбетовтың басшылығымен Ордабасы ауданы, Ақжол ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектепте және Арыс қаласында қала әкімі Мұрат Қыдырбековтың басшылығымен екі штаб ашылды. Штаб құрамына облыс және қала әкімдігінің басқармалары мен жедел қызмет жұмылдырылды.
Сондай-ақ Ордабасы және Отырар аудандарында 2 госпиталь да жұмыс істеуде.
Соңғы мәліметке сәйкес, Арыс қаласында зардап шеккендер саны 52-ге жетті. Оның 34-і ауруханаға жеткізілді. Үш адам ауыр жарақат алса, бір адам қайтыс болды.
Бөген суқоймасы үнемі бақылауда болғандықтан, одан келер қауіп жоқ.
Қазіргі таңда арыстықтарға көмек көрсету мақсатында, облыс әкімдігі жанындағы «Түркістан» әлеуметтік даму корпоративтік қорының есеп-шоты ашылды.
Атап өтейік, Арыстағы жарылыс бойынша 24 маусым сағат 09:20-да өрт сөндіру қызметіне Арыс қаласындағы №44856 әскери бөлімнің қоймасында жарылыс болып, өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен. Облыс әкімі Ө.Шөкеевтің басшылығымен шұғыл топ құрылып, Арыс қаласына барып тиісті жұмыстар жүргізілуде.