Мүгедектік санатына шығарып беремін деп 100 мың теңгесін жымқырып кетті

0
1 237

Комиссиямен келісіп мүгедектік санатына шығарып беремін деп уәде еткен.


Мүгедектік санатына шығарып беремін деп 100 мың теңгесін жымқырып кетті

иллюстрациялық фото

Денсаулығына байланысты мүгедектік санатына шығарып беремін деп 100 мың теңге ақшасын алып алдап кеткен. Түркістан облысы Келес аудандық сотында алаяққа қатысты қылмыстық іс қысқартылған тәртіппен қаралды деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Сотталушыға Қазақстан республикасының қылмыстық кодексінің 190-бабының 1-ші бөлігімен айып тағылған. Сотталушы Ф.К. өзінің танысы Н.О.-ның сеніміне кіріп, алдап кеткен.

Комиссиямен келісіп мүгедектік санатына шығарып беремін деп уәде беріп жәбірленушіден 100 000 теңге ақшасын алған. Онсыз да денсаулығы сыр берген жәбірленушіні тақырға отырғызып сан соқтырып кеткен. Келес аудандық сотында қылмыстық істі қарау барысында сотталушы жәбірленушімен татуласып, оған келтірілген зиянды қалпына келтіргені анықталған. Сот отырысы барысында жәбірленуші сотталушыға кешірім беріп, соттан істі тоқтатуды сұраған.

"Бұл ретте сот, сотталушы қазаға ұшыратумен байланысты емес ауырлығы орташа қылмысты жасағанын, ол жәбірленушімен татуласқанын және оған келтірілген материалдық зиянды қалпына келтіргенін назарға алып, Қазақстан Республикасы ҚК-нің 68-бабы 1-бөлігінің негізінде іс бойынша іс жүргізуді тоқтатып, сотталушыны қылмыстық жауаптылықтан босатты,"- деп мәлімдеді Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі.

Айта кету керек, қаулы заңды күшіне енбеген.