Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің тапсырмасымен қолға алынған жаңа жоба Арыс қаласында жалғасын тапты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің тапсырмасымен қолға алынған жаңа жоба Арыс қаласында жалғасын тапты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында аймақ басшысы Жансейіт Түймебаевтың тапсырмасымен қолға алынған жобаны Оңтүстік Қазақстан облысы мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен «Оңтүстікфильм» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырып отыр. Бұған дейін Қазығұрт және Отырар аудандарында өткен кино апталық енді Арыс қаласында өз жалғасын тапты. Қалалық мәдениет үйінде жиналған жұртшылық санында шек жоқ. Шараның ашылу салтанатына Арыс қаласы әкімінің орынбасары Сапар Дәрібай қатысып, келушілерге жоба туралы мағлұмат беріп өтті. Сонымен қатар әкім орынбасары өз сөзінде жоба аясында көрермен назарына көрсетілетін фильмдердің жас ұрпаққа берер тәрбиелік маңызы мол екенін жеткізді. Құттықтау сөзден соң тарихи анимациялық фильмдерді көрермен назарына ұсыну жолында тынбай еңбек етіп жүрген "Оңтүстікфильм" мекемесінің директоры Батырхан Дәуренбеков, "САҚ" киностудиясының суретші-аниматорлары Оңласын Бурибеков пен Шыңғыс Сапар Арыс қаласының әкімі Мұрат Болатұлының арнайы Алғыс хатымен марапатталды.
"Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың "Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында "Отырарды қорғау", "Күш атасы-Қажымұқан", "Киелі Қазығұрт" тарихи анимациялық фильмдері, "Көне жетігеннің сыры" атты 13 сериялы көркем фильм мен "Ұлы Жібек жолы бойындағы көне қалалар" деректі фильмі, Отырар ауданы әкімдігінің тапсырысымен "Отырар дастаны", "Көне құмыраның сыры" анимациялық фильмдері түсірілді. Аталған туындылар қазіргі таңда жергілікті телеарналарда көрсетілуде. Сондай-ақ, облысымыздың аудан, қалаларында өтіп жатқан кино апталық да рухани құндылықтарды кеңінен насихаттауға бағытталған қадам",-дейді "САҚ" киностудиясының директоры Нуриддин Паттеев.
Арыс қаласында бастау алған апталықтың ашылу салтанатында көрермен назарына "Ерлік" көркем фильмі және " Отырарды қорғау", "Күш атасы - Қажымұқан" анимациялық фильмдері ұсынылды. Айта кетерлігі, облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасындағылардың айтуынша, «Кино – руханияттың жаңғыру көзі» жобасы аясында қолға алынған Оңтүстікте түсірілген көркем және анимациялық фильмдер апталығы өңіріміздің өзге де қала, аудандарында жалғасын табатын болады.