Өмірзақ Шөкеев халықтық 7 мәселені қолға алуды тапсырды

0
1 107


Өмірзақ Шөкеев халықтық 7 мәселені қолға алуды тапсырды

Халықтан сауалнама жинау арқылы әкімдік пен партияның лауазымды тұлғаларының рейтингі шығарылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бұл туралы Түркістан қаласында өткен «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы саяси кеңесінде облыстық партия төрағасы, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев айтып өтті.
Елбасы Н.Назарбаев «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын облыс деңгейінде сапалы жүзеге асыруды тапсырған Өмірзақ Естайұлы 7 мәселені қолға алуды тапсырады.
"Бірінші, партияның белсенді мүшелерін айқындап алуымыз қажет. Партияда ел дегенде жанашырлықпен жұмыс істейтін, халыққа шын жаны ашитын белсенділер жүруі керек. Арыс қаласындағы жүйе секілді әр ауданнан белсенді 10 адамнан жинап, партия атынан халықпен тығыз жұмыс істейтін оперативтік топ құруды тапсырамын.
Екінші, бір тараптан жергілікті әкімдік, басқарма басшылары екінші тараптан зиялы қауым, белсенділерді тарта отырып диалогтық алаң құрып, пікір-сайыстар өткізуіміз қажет.
Үшінші, қоғамдағы тамырын тереңге жайған жемқорлық індетімен күресу мәселесі. Күресу үшін ең алдымен, облыстағы үкіметтік емес ұйымдар, азаматтық сектор өкілдерімен анализ жасап, жұмыс жоспарын түзіп, бірге жұмыс жүргізу қажет.
Төртінші, партия азаматтардың өзекті мәселелерін шешуде, олардың әлеуметтік жағдайын түзеуге көмек көрсетуі тиіс. Мысалы, халқы тығыз қоныстанған оңтүстік өңірден солтүстікке көшіру бойынша «Еңбек» бағдарламасын қазір «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы жақсы насихаттауда. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет.
Бесінші, партияда қарапайым халықпен қатар кәсіпкерлерге заң жүзінде кеңес беріп, олардың арыз-шағымын тыңдайтын Қоғамдық бизнес-қабылдау ашылуы қажет.
Алтыншы, облыстағы, аудандағы әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайды насихаттауда, өзекті мәселелерді бұқаралық ақпарат құралдары айтуы керек, жазуы керек. Дегенмен, БАҚ жалған ақпарат тарату, бопсалаумен айналыспауы тиіс.
Жетінші, Елбасы тапсырмасына сәйкес «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Ауыл ел - бесігі» жобасы біздің облыста қарқынды жүзеге асуда. Биылдың өзінде 4 млрд. теңге көлемінде аудандарға қаражаттар бөлініп, тиісті жұмыстар басталып кетті. Осы халықтық жобаның жүзеге асуын партиялық бақылауға алып, сапалы орындалуын тапсырамын», - деді Өмірзақ Естайұлы.