​Оңтүстікте өрт қауіпсіздігі саласында олқылықтар өте көп

0
1 607

Осы күнге дейін облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде 106 сауда орны есепке алынған. Оның ішінде өрт қауіпсіздігі шарасы аясында жүргізілген тексеру нәтижесінің қорытындысы бойынша 6 сауда-ойын орталығының біреуі ғана өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келген. 51 сауда орталықтарының 38-іне тексеру жұмыстары жасалып, тек 8-і қауіпсіздікке толық жауап беріп отыр. Ал 49 базардың 32-сіне тексеру жүргізіліп, екеуі ғана талапқа жауап бере алады.


​Оңтүстікте өрт қауіпсіздігі саласында олқылықтар өте көп

ERNUR.KZ Шымкент қалалық әкімдігінде қала тұрғындары мен қонақтары көп жиналатын орындарда өрт қауіпсіздігінің сақталуын қатаң бақылауға алуға арналған басқосу өтті,-деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шараны жүргізіп отырған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Тимур Баймұханов сақтық шараларына немқұрайды қарамау керектігін айтты.

- Осы күнге дейін облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде 106 сауда орны есепке алынған. Оның ішінде өрт қауіпсіздігі шарасы аясында жүргізілген тексеру нәтижесінің қорытындысы бойынша 6 сауда-ойын орталығының біреуі ғана өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келген. 51 сауда орталықтарының 38-іне тексеру жұмыстары жасалып, тек 8-і қауіпсіздікке толық жауап беріп отыр. Ал 49 базардың 32-сіне тексеру жүргізіліп, екеуі ғана талапқа жауап бере алады. Бұл алдағы уақытта қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін қызыл жалынның алдын алу үшін қыруар жұмыстар атқарылу керек дегенді білдіреді",- деді облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басқарма басшысы Б.Сапаров.

"Өзгенің қателігі – өзімізге сабақ болуы керек, - деген Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Мадияр Жақсыбаев - Ресейдегі Кемерово қаласында әлі күнге дейін қайтыс болғандар саны артып жатыр. Салғырттық пен салақтық салдарынан болған бұл трагедия біздің өңірде орын алмасын десек сауда орындарында міндетті түрде шығар есіктерге бағдар көрсетіп тұратын маңдайшалар ілініп, өрт қауіпсіздігі ережелеріне арналған бейнероликтер халыққа ұсынылу керек", - деді.

Тілшілердің сауда орталықтарындағы кино залдары мен балалар ойын алаңдарының есігі жабық тұруы шарт па деген сауалына "Мега", "Шымкент-плаза", "Фиркан" сауда орындары және "Қырғы базар", "Айна" базарларының басшылары есіктер сырттан құлыптанатын болғанымен іштегі адам тұтқаны кері итергенде тез арада ашылатынын алға тартты. Сондай-ақ, адам аяғы көп жүретін аталмыш нысандарда өрт қауіпсіздігі шаралары тиісті деңгейде атқарылып жатқанын жарыса жеткізді. Десе де, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы келтірген мәліметтен кейбір сауда, ойын орталықтарында өрт қауіпсіздігі саласында олқылықтардың орасан екенін аңғаруға болады.