Әр секторға аудан, қала әкімдіктері мен басқарма басшылары тікелей жауапты.
Түркістан облысының әкімі 32 сектордағы жұмыс барысын бағалады, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласында қызу жүріп жатқан көркейту мен абаттандыру жұмыстарының барысын бақылаған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев 32 секторда атқарылған жұмыстармен танысты. Қаланы көркейту, абаттындыру үшін шаһар аумағы 32 секторға бөлінген. Әр секторға аудан, қала әкімдіктері мен басқарма басшылары тікелей жауапты.
Қала аумағына ағаштар отырғызылып, көшелерде жарық шамдар, қоқыс жәшіктері орнатылып, балалар алаңқайлары, демалыс орындары салынуда. Кешенді жұмыс барысын бақылаған облыс басшысы ауқымды жұмыстардың тұрақты түрде жүзеге асуын қатаң бақылауды тапсырып, жауаптыларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Әр секторға 10-15 көше бекітілген. Онда жер тегістеліп, 10 мыңға жуық ағаш отырғызу, су ұңғымаларын қазып, тамшылап суғару жүйесіне қосу жұмыстарын жүргізу жүктелген. Егілген ағаш көшеттері желден құлап, сынбау үшін сыммен не жіппен бекітіп, байлау жұмыстары қоса жүргізіледі. Бұдан бөлек, сенбіліктер ұйымдастырып, ағаштар әктеліп, күл-қоқыстан тазартылуда. Газон егіліп, гүл егетін құмыралар қойылған. Жарықтандырылып, көгалдандырылуда.
Сонымен қатар жаңа әуежай аумағына 140 мың түп түп шаған, үйеңкі, қарағаш, бозарша, жиде ағаш көшеттері отырғызылды. Алдағы 2-3 жылда бұл аймақ жайқалып, қалың орманға айналады. 28 га құрайтын қалалық дендробақта 12 мыңнан астам ағаш отырғызылады.
Түркістан қаласының Бас жоспарына сәйкес, облыста алғашқы рет 7 700 га аумаққа «Жасыл белдеу» құру жұмыстары жүргізілуде. 2019 жылы қолға алынған ауқымды іс-шара аясында өткен жылы 1 млн - нан астам көшет отырғызылды. Жоспарланған меже биыл толығымен іске асады. Яғни, шаһардың климатын өзгерту үшін жыл соңына дейін 3 мың гектар аумаққа сан алуан түрлі ағаштар отырғызылады.
Ағын су тапшылығын шешу мақсатында «Түркістан облысын әлеуметтік - экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» аясында ірі су нысандары құрылыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, «Түркістан магистральдық арнасы» күрделі жөндеуден өтіп жатыр. «Сыйымдылығы 18 млн. текше метр (м/3) Кеңсай - Қосқорған-2» су қоймасы салынып, «Жетікөл көлдер жүйесін» қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Түркістан магистральдық арнасын толтыру үшін Сырдария өзенінен машиналық канал салынды. Ауқымды істің нәтижесінде жылына ағын су пайдалану көлемі қосымша 200 млн. (м/3) артты.