"Барлық инвесторларға өңіріміздің дамуына қосқан елеулі үлестері үшін алғыс айтқым келеді".
Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен 25 ірі инвесторлардың қатысуымен Түркістан облысы инвесторлары Өңірлік кеңесінің онлайн отырысы өтті, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Оған тиісті ұйымдардың басшылары, Италияның Қазақстандағы Елшісі Паскуале Д'Авино және HEVEL КТ, «Artel Electronics», «ECOINVEST» ЖШС, Ынтымақ Агро ХХІ секілді шетел және еліміздегі алпауыт компаниялардың басшылары қатысты. Облыс басшысы басқосуға қатысқан әр инвестормен жеке сөйлесіп, олардың бизнес – жобалары жайлы талқылады. Өңірдегі инвестициялық ахуалды жақсарту мен инвестиция тарту және осы бағыттағы жұмысты жетілдіруге тоқталды.
«Сіздер бізді өз үйлеріңіздей көріңіздер. Ол үшін қолдан келген барлық жағдайды жасаймыз. Біздің инвесторлар – нағыз патриоттар. Барлық инвесторларға өңіріміздің дамуына қосқан елеулі үлестері үшін алғыс айтқым келеді. Облысымыз жаңа, өздеріңіз білетіндей, өңіріміздің құрылғанына 3 жыл енді болады. Біздің басымдықтарымыз – бұл, ең алдымен, туризм, энергетика, қайта өңдеу, көлік-экономиканы әртараптандырумен байланысты барлық саланы қамту. Және бұл осы бағытта қолға алынған тірліктің бастамасы ғана», – деді Өмірзақ Шөкеев онлайн-конференцияда.