Өңір басшысы облыстық штабта мәжіліс өткізіп, жауапты басшыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Түркістан облысының әкімі Мақтаарал ауданына іссапармен барды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев сапар барысында Мырзакент кентіндегі жаңа мөлтек ауданда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен танысты. Жаңа мөлтек ауданда бүгінде Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық елді мекен тұрғындарының келісімі бойынша 386 жеке тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 196 тұрғын үй мемлекеттік бюджет есебінен, қалған 190 тұрғын үй «Б.Утемуратов», «Салиқалы ұрпақ», «Біз Біргеміз» қорларының қаржысы есебінен салынуда. Мұнда бүгінде 274 үйдің қабырғасы қаланып, 65 үйдің шатырын жабу және 55 үйдің ішкі сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілуде. 1 шілдеге дейін 100 үйдің шатырын жабу жоспарланған.
«Мақтаарал ауданындағы су басқан 5 елдімекендегі төтенше жағдай салдарын жою, жаңа мөлтек аудан мен екі ауылдағы үй салу жұмыстарын бір сәтке де бәсеңдетуге болмайды. Ең бастысы – құрылыстың сапасына мән беруіміз қажет. Сондай-ақ, үй салуға бөлінетін, 1000 долларлық, 100 мың теңгелік төлемдерді дер кезінде аударып беру, төлеу мәселелеріне жылдамдату керек. Тамыз айының алғашқы күнінде жаңа мөлтек аудандағы үйлердің бәрінің дерлік шатырлары жабылып бітуі тиіс», – деді Өмірзақ Естайұлы.
Сапар соңында өңір басшысы облыстық штабта мәжіліс өткізіп, жауапты басшыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Соның ішінде үй құрылысы, бір реттік өтемақы, ауыл шаруашылығы шығындарын өтеу, Фирдауси, Өргебас ауылдарындағы төтенше жағдай салдарын жою жұмыстары туралы күнделікті мәлімет беріп отыруды тапсырды.