Ө.ШӨКЕЕВ: Жемқорлықпен күресте «бейресми жолды» жою керек

0
2 377

Мәселені «бейресми жолмен» шешуде қызығушылық білдіргендер - 43,9%, делдалдарға жүгіну - 24,4%-ды құраған.


Ө.ШӨКЕЕВ: Жемқорлықпен күресте «бейресми жолды» жою керек

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия отырысы өтті, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ел аумағында жүргізілген сауалнаманың нәтижесіне сәйкес, мемлекеттік органдарға жүгінген азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа тап болғандарының үлесі 11,3%-ды құраған. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 2,1% төмендеген. Мәселені «бейресми жолмен» шешуде қызығушылық білдіргендер - 43,9%, делдалдарға жүгіну - 24,4%-ды құраған. Мұны Transparency Kazakhstan қоғамдық қоры жүргізген сауалдаманың нәтижесі анықтап берді. Бұл зерттеу жұмысы Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Даму бағдарламасының қолдауымен іске асырылған.

Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия отырысында мәлім болды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдары мен облыстық басқармалардың басшылары және бейнеконференция арқылы өңірге қарасты қала, аудандардың әкімдері қатысты. Комиссия отырысында «Transparency Kazakhstan» қоғамдық қоры жүргізген әлеуметтік зерттеудің нәтижелері жарияланып, «Ашық диалог» порталына келіп түскен шағымдар бойынша жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша ұсынымдар ортаға салынды.

Алқалы жиында өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына бекітілген өзгерістердің маңыздылығын алға тартып, мемлекеттік қызметтерді ұсынатын мекемелерге барынша халыққа қолайлы әрі сапалы қызмет көрсетуге басымдық беру қажеттігін жеткізді.

«Жобалық кеңсе жұмыс істеп жатыр, «Ашық әкімдік» бар, мұның бәрі превенция, яғни, алдын алу жағынан өте дұрыс бастамалар. Сондықтан барлық аудандарда ашық әкімшілік ашуымыз керек. Арада жүрген делдардар бар, осы секілді жолдан тайдыратын «көмекшілермен» күресу қажет. Жемқорлықпен күресте осы «бейресми жолды» жою керек», - деді облыс әкімі.

Жиында сөз алған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің бірінші орынбасары Мирас Қарғабай БҰҰ - ң Даму бағдарламасының қолдауымен іске асырылған зерттеу қорытындыларын жеткізді. Бұл ретте, бір жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықта делдалдардың үлесі 6% - ға өскенін және бұл карантин уақытында түсіндіру жұмыстарының ақсағанымен байланысты екендігін, сондай-ақ жергілікті тұрғындары сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жәрдемдесуге дайын емес өңірлердің бар екенін атап өтті.

Мәлімдеуінше, Түркістан облысында жемқорлыққа тап болғандардың үлесі жалпықазақстандық деңгейден төмен, яғни – 7,5% құрап отыр. Азаматтар тарапынан мәселені бейресми жолмен шешуге келісім беру 5% - ға азайған. Делдал ретінде көбінесе таныстар (42,0%) және «көмекшілер» (21,5%) келеді екен.

Бұдан бөлек, «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен 2020 жылы атқарылған жұмыстар баяндалып, өңір тұрғындарының мемлекеттік қызметтерді сапалы, жедел және кедергісіз алуын қамтамасыз ету мақсатында бүгінгі күні облысқа қарасты барлық қала, аудандардағы әкімдіктер толықтай «Сервистік әкімдік» үлгісіне көшкендігі мәлімделді.

Комиссия отырысында Келес, Сарыағаш, Жетісай аудандарының әкімдері мен қоғамдық денсаулық, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, ауыл шаруашылығы басқармаларының басшылары сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде атқарған жұмыстары бойынша есеп беріп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оны болдырмау бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің облыстық Департаментімен бірлесе нақты шаралар жүзеге асырылып жатқандығын жеткізді.

Жиын соңында өңірде жемқорлық деңгейін төмендету бойынша бірқатар ұсыныстар тыңдалып, қоғам індетімен күрес шаралары барлық мемлекеттік орган басшысының қызметінде басым бағыттардың бірі болуы қажет екендігі ескертілді.