Шетелдік инвесторлар Отырар ауданында жүгеріні терең өңдеп, биоэтанол өндіретін зауыт тұрғызуға ниетті.
Бүгін Түркістан облысына қарасты Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов индустриалды аймақта болып, шетелден келген инвесторлармен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Аудандағы индустриалдық аймақ аумағы 97,0 гектарды құрайды. Мұнда темір жол тұйығы мен электр желісі инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Оған қоса, ауданда газдандыру жұмыстары жүріп жатқаны белгілі. Яғни, 2019 жылы газ құрылысы осы аймаққа да келіп жетеді. Ең бастысы, индустриалды аймақ темір жолдың бойында орналасқан. Яғни, осы жол кәсіпорындарды Еуропа мен Ресейге, Қытай мен Өзбекстан арқылы басқа да елдермен жалғастырады.
Сонымен қатар, ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары комитетінің қолдауымен келер жылы "Қызылқұм массиві" жобасының ІІІ-ІV кезеңі жүзеге асады деп күтілуде. Яғни, егістік алқапты кеңейту, суландыру мақсатында қолға алынған бұл жоба бойынша 120 км созылып жатқан "Қызылқұм" каналын 61 км-ге дейін ұзартып, бетонмен қаптау жұмыстары жүргізіледі. Егер жоба жүзеге асқан жағдайда Отырар ауданы аумағындағы 48 мың гектар жер суландырылатын болады. Осылайша экологиялық таза өнім биоэтанол өндіру үшін шикізат жеткілікті көлемде өндіріледі.
Белгілі меценат, ірі кәсіпкер, жерлесіміз Серікжан Сейітжанов жоспарлағанындай шетелдік инвесторлармен бірлесе отырып биоэтанол өндіретін зауыт салса, кәсіпорын аудан бюджетіне түсетін кірісті молайтып, көптеген отырарлықтарды жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етеді.