Аудан басшылары оларды өңірдегі тарихи кешендермен таныстырды.
Отырар ауданындағы тарихи кешендерге қызығушылық танытқан түрколог ғалымдарға аудан басшылары тарихи кешендерді таныстырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Алдымыздағы жылы алты айға созылған Отырар шайқасының орын алғанына 800 жыл толады. Қазақ тарихында ерекше таңбаланған ерлікке толы оқиғаны болашақ ұрпаққа боямасыз күйде жеткізу үшін аудан билігі бүгінде талмай тер төгуде. Осы мақсатта бірқатар ауқымды шаралар атқарылып та жатыр. Еңсерілген шаруалар мен алға қойған жоспарлардың бірқатарымен аудан басшылары жақында аймаққа ат басын бұрған түркологтармен бөлісті. Кездесу барысында ғалымдарға Отырардың тарихи кешендері мен төбелері кеңінен таныстырылды.
Шындығында, ұлылар мекені саналатын Отырар ауданының қойнауы айқын болғанымен қоса, әлі ашылмаған тарих сырларына толы. Қолда бар мәліметке сүйенсек, тек Отырартөбе маңында 200-дей төбешік бар. Әрбір тасын түртіп қалсаң, әр төбесіне табан тіресең, өткеннің шерін шерте жөнелетіндей. Осы тұрғыдан алып қарағанда, айтулы түрколог ғалымдардың Отырарға назар аударуының соңын тарихи жаңалықтар жалғасын табары сөзсіз.