Ауыл шаруашылық өнімдері сатылымға шыққан жәрмеңкеде азық-түлік халыққа тиімді бағамен сатылды.
Түркістан облысы Отырар ауданында 16 желтоқсан ҚР Тәуелсіздігі күні мерекесі қарсаңында мерекелік жәрмеңке ұйымдастырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі аудандық баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жәрмеңкені атаулы күн қарсаңында ұйымдастырудың мақсаты — әр отбасында атап өтуге тұрарлық, еліміз үшін маңызы зор мерекеде аудан тұрғындарының қалтасына ауырлық салмай, мерекелік дастарханға қойылатын азық-түліктермен ауыл шаруашылық өнімдерін базар бағасынан төмен бағада көпшілікке ұсынып, мерекені көтеріңкі көңіл-күймен атап өтуіне үлес қосу болатын.Жәрмеңкеде аудан тұрғындарына ет, сүт өнімдері мен картоп, сәбіз, пияз, орамжапырақ сияқты көкөніс түрлері нарықтан 15-20 пайыз төмен бағамен саудаланды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу арқасында облыс көлемінде алғашқылардың қатарында тұтынушыларға бағытталған дайын қапталған өнімдер де сатылымға шығарылды. Олардың қатарында Отырардың брендіне айналып үлгерген "Маяқұм" мен "Отырар" шұбаттары, тарысы мен талқаны, балдай тәтті қауынынан дайындалған қауынқақ, қауынқұрт өнімдеріне сұраныс жоғары болды. Жәрмеңкені жұртшылықпен бірге аудан әкімі Ерлан Айтаханов та аралап, тұрғындар мен кәсіпкерлерді егемен еліміздің мерейлі мерекесімен құттықтады.