Шардарадағы қос іс-шарада Тәуелсіздік жолындағы ерлік істер тағылым етілді

0
1 189

Тәуелсіздіктің баға жетпес құндылық екені айтылып, оны қастерлеу насихатталды.


Шардарадағы қос іс-шарада Тәуелсіздік жолындағы ерлік істер тағылым етілді

16 желтоқсан – Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Түркістан облысы, Шардара ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен қос іс-шара өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Қос іс-шара Тәуелсіздіктің 27 жылдығы мен Астана қаласының 20 жылдығына орай ұйымдастырылып, еліміздің ілгері істері айтылып, тарихтың ең нәубетті де қайғылы жылдары парақталды.

Іс-шаралар мақсаты – азаттық, еркіндік, бостандықтың ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған ең ұлы арманы екенін ұқтыру және осы Тәуелсіздікті аңсаған алаштарымыздың ерлік істерін дәріптеу, ұлықтау.

Жас буынды елжандылыққа тәрбиелеуді негіз еткен іс-шараның бірі 12 желтоқсан күні Шардара аудандық «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің оқытушысы Б. Сатбаеваның ұйымдастыруымен өтті.

Ол орталықтың тыңдаушыларымен бірге «Түркістан облыстық №4 Олимпияда резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» қызметкерлері арасында «Тәуелсіз Қазақстан» тақырыбында ашық сабақ өтті.

Ашық сабақта өскелең ұрпаққа мемлекетіміздің басты байлығы – Тәуелсіздіктің баға жетпес құндылық екені айтылып, оны қастерлеу насихатталды.

Ал, ауданның бір топ зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстел барысында Ауған ардагерлерінің ерліктері, ерлік істері тағылым етілді.

Дөңгелек үстел «Тәуелсіздікті аңсаған алаш ұландары» тақырыбымен өтті. Оған Шардара ауданының желтоқсаншылары мен Ауған соғысы ардагерлері қатысты.