Шымкентте бір топ тұрғын далада қалуы мүмкін

0
1 914

Шымкент қаласы жер қатынастары бөліміндегілер бұл жерлердің 2007 жылдары Сайрам ауданына қараған тұста беріліп кеткенін алға тартты. Жердің заңды иесі 2001 жылдан бері Бадам орман шаруашылығы.


Шымкентте бір топ тұрғын далада қалуы мүмкін

фото: иллюстрациялық

Шымкентте «Орманшы» тұрғын алабының бір топ тұрғыны далада қалуы мүмкін. Оларды Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі қаңтар айынан бері сотқа сүйреп жүр. Тұрғындардың алды жерді сот шешіміне сәйкес босатуы тиіс деп хабарлайды ERNUR.KZ Астана телеарнасына сілтеме жасап.

Орманшы тұрғын алабындағы бүтін бір көше тұрғындары қаңтар айынан бері қай күні соттан шақырту келер екен деген үреймен күн кешіп жатырмыз дейді. Тұрғындардың есебінше тағдыры қыл үстінде тұрған үй саны жиырмадан асады. Мұнда халықтың алды осыдан он бір жыл бұрын қоныстанған. Маңдай терін төгіп үй салғандар содан бері жер иесі неге ескертпеген деп күйінеді. Орманшы тұрғын алабы әу баста Сайрам ауданына қараған. Бертінде қаланың қарамағына өткен. Тіпті тұрғындарға көгілдір отын, ауыз су мен электр жарырығына дейін мемлекет есебінен тартылыпты.

Мақсат Жасыбаев, Орманшы тұрғын алабының тұрғыны:
- Көршімнің де документі түгел болған. Документі түгел бола тұрып ол соттан жеңіліп отыр, лесхоздың пайдасына шешіліп отыр. Енді менің қорқып отырған себебім - мен де көршім сияқты жеңілемін ба деп қорқып отырмын.

Бадам орман шаруашылығы қазір бас-аяғы алты үйді сотқа беріп жатқандарын айтты. Директор телімін тым кеш түгендеу себебін өзінің бұл қызметке екі жыл бұрын ғана тағайындалуымен байланыстырды. Айтуынша заңсыз құрылыстар туралы өздері де мемлекеттік актіні қайта рәсімдеу кезінде бір-ақ білген көрінеді.

Нұрмахан Жұмағұлов, Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің директоры:
-Қазір біз қайта рәсімдей алмай отырмыз. Қала аумағына өткізе алмай отырмыз. Қаладан алынатын госакті ала алмай отырмыз. Өйткені бұл жердің барлығы беттесіп жатыр бір бірімен. Құжаттары бар көбісінде, мем.актіні ол кісілер де алған, енді соның мәселесін шешу бойынша біз кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін сотқа жүгініп отырмыз.

Шымкент қаласы жер қатынастары бөліміндегілер бұл жерлердің 2007 жылдары Сайрам ауданына қараған тұста беріліп кеткенін алға тартты. Жердің заңды иесі 2001 жылдан бері Бадам орман шаруашылығы.

Бақыт Омарханов, Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары:
- Олардың негізі легализация және әкімнің шешімі. Легализациясы түбірі жоқ екені ол сотта анықталды. Ал қалғанының шешімдері бар. Соттың шешімімен түбірі жоқ легализация толығымен құжаттар бұзылды. -Бұл жерде кінә қай жақтан кетуі мүмкін? -Бұл кінә ол кадастрдың кінәсі. Ол заңға 14 бапқа сәйкес оны бақылау кадастрде.

Таяқтың бір ұшы барып тіркелген кадастрлық органнан қандай да бір жауап алу мүмкін болмады. Мәселені анықтаймыз дегенмен, үнсіз қалды.