Шымкентте «КиноАРТ - 2018» әуесқой кинорежиссерлар фестивалі өтті

0
1 465

ERNUR.KZ. Шымкентте өткен «КиноАРТ - 2018» әуесқой кинорежиссерлар фестивалінің жеңімпаздары белгілі болды. Режиссер, драматург Еркебұлан Жолдасовтың бастамасымен биыл бесінші рет ұйымдастырылып отырған кинофестивальге қатысуға облыс көлемінен 75 үміткер өтініш білдірген.


Шымкентте «КиноАРТ - 2018» әуесқой кинорежиссерлар фестивалі өтті

ERNUR.KZ. Шымкентте өткен «КиноАРТ - 2018» әуесқой кинорежиссерлар фестивалінің жеңімпаздары белгілі болды. Режиссер, драматург Еркебұлан Жолдасовтың бастамасымен биыл бесінші рет ұйымдастырылып отырған кинофестивальге қатысуға облыс көлемінен 75 үміткер өтініш білдірген. Оның ішінде ұйымдастырушылар сәтті шыққан 11 фильмді іріктеп алып, әуесқой жас режиссерлардың үздіктерін анықтады.

Әділқазылар алқасының шешімімен Қарлығаш Есіркептің сценариі үздік деп танылды. Әйел образын үздік сомдаған әртіс ретінде Ғазиза Таңшолпан танылды. Жылдың «Үздік операторы» Шыңғыс Рысқұлов деп тауып, «Үздік музыкалық көркемдеушісі» номинациясының жүлдесіне Ақниет Нұржігітұлын лайық көрген. «Үздік монтажер» - Нұрхат Зұлпыхар, «Үздік ер образы» Құралбек Оразбекке бұйырды. Ал жүлделі орындарға оралсақ, үшінші орынды «Элюзия» фильмінің режиссері Абзал Төленов иеленді. Екінші орынды «105» қысқаметражды фильмнің режиссері Қарлығаш Есіркеп жеңіп алды. Бірінші орын мен Бас жүлде «Ғайша» фильмінің режиссері Сәбит Әбдіге бұйырып, жылдың үздік әуесқой кинорежиссері атанды. Оның туындысы Мұхтар Шахановтың шығармасы желісімен түсірілген.

«Бүгінде Сәбит қысқа метражды фильмдері арқылы АҚШ, Франция елдеріндегі халықаралық кинофестивальдерге де қатысып, бағын сынап жүр. Оның өзінде әуесқой. Дегенмен ізденісі өте жоғары. Оны елімізге белгілі бірқатар мамандар жақсы таниды. Сондықтан «КиноАрт» фестивалінің осы жігітке, басқа да режиссерлерімізге қосқан үлесі бар деп ойлаймын», - деді жоба авторы Еркебұлан Жолдасов.

Оның айтуынша, бүгінгі қоғамның өзекті мәселелерін бейнелей келе, көрерменге ой саларлық туындыны дүниеге әкелген әуесқой кинорежиссерлар биылғы фестивальге тыңғылықты дайындалған. Сайысқа қатысушылардың жас ерекшеліктері 16-35 жасты құраған. Ал алдағы уақытта жобаға қолдаушылар табылып жатса, халықаралық деңгейде өткізу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, бүгінге дейін кинофестиваль жүздеген әуесқой режиссерлердің Қазақ кинематография саласына келуіне жол ашты. Патриоттық, тәрбиелік мәні бар қысқаметражды фильмдер көрермен қауымға ерекше әсер сыйлап жүр.