​ТӘУЕЛСІЗДІК ТАРТУЫ: Ордабасыда әлеуметтік нысандар ашылды

0
1 266

Еліміздің басты мерекесі - Тәуелсіздік тойын Түркістан облысының жұртшылығы асқан қуанышпен қарсы алып жатыр. Әсіресе, бүгінгі күн Ордабасы ауданы мен Кентау қаласының халқы үшін әлеуметтік нысандардың ашылуымен есте қалмақ.


​ТӘУЕЛСІЗДІК ТАРТУЫ: Ордабасыда әлеуметтік нысандар ашылды

Қос аудан, қала тұрғындарының қуанышымен бөлісуге барған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, алдымен, Ордабасы ауданына ат басын бұрып, Шұбарсу ауылындағы «MEDICAL CENTER SHUBARSU» медицина орталығының салтанатты ашылу рәсіміне куә болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Құрылысы 2016 жылы басталған нысанда жалпы саны 115 станционарлық төсек орын бар. Медицина орталығында терапия, балалар бөлімі, хирургия және жарақат бөлімі, физотерапия және оңалту бөлімі, күндізгі бөлім, стационар, зертхана және диагностика бөлімі, жедел жәрдем стансасы қызмет көрсетеді. АҚШ, Оңтістік Корея, Венгрия, Япония, Германия және бір қатар шетелдік және отандық замануи медициналық құралдармен жабдықталған нысанда 145 адам жұмыспен қамтылған.

Мұнан соң, облыс басшылығы бастаған топ аудан орталығы - Темірландағы «Жастар сарайының» ашылуына қатысты. Бүгінде 20 шақты жас маманды жұмыспен қамтыған ғимаратта болашақта аудан жастары түрлі үйірмелерге қатысып, бос уақытын тиімді пайдаланатын болады.

"Тәуелсіздіктің торқалы тойында Ордабасыда халыққа өте қажетті екі нысан ел игілігіне беріліп отыр. Оның бірі - жаңа өзіміз куә болған медициналық орталық болса, екіншісі жастар үшін бой көтеріп, жұмысын бастаған осынау еңселі ғимарат. Баршаңызға белгілі, келер 2019 жылды Елбасымыз "Жастар жылы" деп жариялады. Яғни, келешегі кемел жастарымызға мемлекет тарапынан барлық жағдайды жасау жолында бүгінгі орталық Өздеріңізге аманат. Тәуелсіз еліміздің мәңгілік ел болуға ұмтылған үмітін жалғайтын, сол арманға жеткізетін де Өздеріңіз. Мақсат-мұраттарымыздың жүзеге асуында бүгінгі жастар сарайының Сіздерге тигізер пайдасы мол деп білем", - деді Ж.Түймебаев ондағы жалынды жастармен тілдескенде.

Темірлан ауылындағы ескі кинотеатр ғимараты 2014 жылы жергілікті бюджет есебінен жеке меншіктен сатып алынған-ды. Сол кезде аудан әкімінің қаулысымен нысан аудандық "Жастар ресурстық орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгеріміне өтіп, күрделі жөндеуден өтті. Бүгінде жаңарған нысан техникалық базамен толықтай қамтамасыз етілген.