Тоқаев: Мақтаарал ауданында күзге дейін қираған үйлердің орнына жаңасы салынады

0
759

Бұл туралы Президент Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік комиссия отырысында мәлімдеді.


Тоқаев: Мақтаарал ауданында күзге дейін қираған үйлердің орнына жаңасы салынады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мақтаарал ауданында зардап шеккен ауылдардың әрбір азаматы қамқорлықсыз қалмайтынына сендіріп, сондағы халыққа көмек қолын созған азаматтардың бәріне ризашылығын білдірді, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.


«1 мамыр күні Өзбекстан Республикасындағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан Түркістан облысында су тасқыны болды. Бұл – техногенді сипаттағы төтенше жағдай. Мақтаарал ауданына қарасты 5 ауылдың 1 мыңнан астам тұрғын үйін су басып қалды. Сондай-ақ 9 елді мекенді су басу қаупі туындады. Шұғыл қабылданған шаралардың арқасында су тасқынының әрі қарай таралуына жол бермедік. Қазір су тасқынының зардаптарын жою, тазалау жұмыстары жүргізілуде. Қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың дүние-мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету басты назарда. Біз ауданның күнделікті тіршілігін қайта қалпына келтіру үшін қажетті шаралар қабылдаймыз», - деді Президент Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік комиссия отырысында.


Мемлекет басшысы жалпы күзге дейін қираған үйлердің орнына жаңа тұрғын үйлер салынатынын жеткізді.


«Зардап шеккен әрбір адамға 100 мың теңге көлемінде өтемақы төленеді. Мал шығыны, тасқынның ауыл шаруашылығы алқаптарына тигізген зияны өтеледі. Жалпы, зардап шеккен ауылдардың әрбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды. Оларға жәрдем береміз. Зардап шеккен ауданға көмектесіп жатқан азаматтардың бәріне ризашылығымды білдіремін. Тасқын болған жерде әкімдік, сондай-ақ, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан мен Төтенше жағдай жөніндегі комитет бөлімшелері және полиция қызметкерлері жұмыс істеуде. Отандық және шетелдік ірі бизнес өкілдері де зардап шеккен тұрғындарға айтарлықтай көмек бергенін ерекше атап өткен жөн. Мұндай азаматтарды халқымыздың шынайы патриоттары, тілеулестері деуге болады. Баршаңызға алғыс айтамын! Қазақстандықтар бұл жолы да бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білді. Біз бірге болсақ, барлық қиындыққа төземіз. Кез келген міндетті орындауға мүмкіндігіміз жетеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент Қазақстан қазір күрделі кезеңді бастан өткеріп жатқанын айтып өтті. «Халқымыздың бекем бірлігі бәрімізге күш-қуат береді. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Біз бұған дейін талай сынақтан сүрінбей өттік. Бұл қиындықты да еңсереміз деп сенемін», - деп түйді Мемлекет басшысы.