ТҮРКІСТАН: 100-ден астам отбасы баспаналы болды

0
443

36 пәтерлі 3 қабатты 3 тұрғын үй пайдалануға берілді.


ТҮРКІСТАН: 100-ден астам отбасы баспаналы болды

Арыстық 108 отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

9 мамыр Жеңіс күні мерекесі қарсаңында Арыс қаласы, Көктем тұрғын ауданынан «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында салынған 36 пәтерлі 3 қабатты 3 тұрғын үй пайдалануға берілді.

Коммуналдық пәтерлерді қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы міндетін атқарушы А.Турханов табыстады.

«Құрметті Арыс қаласының тұрғындары! Сіздерді 9 мамыр Жеңіс мерекесімен құттықтаймын! Қаламыздың әкімі Гүлжан Мамытқызы Құрманбекованың тапсырмасына сәйкес, құрылысы аяқталып пайдалануға беріліп отырған көпқабатты үйлерден коммуналдық үйге кезекте тұрған 108 азаматқа 5729 шаршы метрді құрайтын 108 пәтер берілмек», - деп 36 отбасына пәтер кілтін табыстап, жаңа қоныстарымен құттықтады.

Пәтер кілтін алғаш алғандардың қатарындағы 2 топ мүгедегі Қарабаев Үмбет Үндемесұлы өзінің пәтер кезегінің келуін бірнеше жыл бойы асыға күткендігін, мереке қарсаңында арманы орындалып, күтпеген тосын сыйға ие болғандығын айтты.

«Менің отбасымда 5 жан бар. Бүгін бізге үш бөлмелі пәтердің кілті алып, қуанышты сезімді бастан кешіп отырмыз. Бұл мереке осынау жағымды әсерімен біздің жадымызда ұзақ сақталатынына сенемін», - деп ол өз қуанышымен бөлісті.

Пәтерлі болған көпбалалы ана Баянбаева Эльмира Торыбайқызы да ағынан жарылды.

«Қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мен барлық аналар атынан облыстың, қаламыздың әкіміне деген ризашылығымды жеткізгім келеді. Кез келген адам жеке баспанасына қол жеткізудің қаншалықты маңызды екенін түсінеді және соны армандайды. Мен әр отбасыға осындай бақытты сезінуін тілеймін» - деді ол.

Қазіргі таңда Арыс қаласы бойынша тұрғын үй қорынан пәтер алу үшін кезекте 1951 адам тұр. 2021 жылдың соңына дейін қазір құрылысы жүргізіліп жатқан 5 қабатты 4 көпқабатты үйдің құрылысы аяқталып, жалпы 12308 шаршы метрді құрайтын 240 пәтер коммуналдық тұрғын үй кезегінде тұрған 240 отбасына ұсынылатын болады.