ТҮРКІСТАН: 20 елді мекенінде су тасқыны қаупі сейілді

0
762

Бүгінге жоспарланған 20 іс-шараның 19-ы толығымен аяқталды.


ТҮРКІСТАН: 20 елді мекенінде су тасқыны қаупі сейілді

Түркістан облысында көктемгі су тасқынына қарсы дайындық барысы пысықталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында көктемгі су тасқынына қарсы дайындық жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатыр. Жол картасына енгізілген тапсырмалар орындалған. Облыс әкімі аппаратының апталық отырысында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыға осы жұмыстардың атқарылу барысы баяндалды. Өңір басшысы су айдындарын және су қоймаларды тұрақты бақылауда ұстап, су тасқынына қарсы іс-шараны толық атқармаған аудан, қала әкімдеріне жұмысты ширату жөнінде тапсырма берді.


«Бұл салаға тиісті қолдау көрсетілді. Сондықтан биыл су тасқынына жол берілмеуі керек. Су тасқынына қатысты тапсырманы орындамаған аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма өздеріне жүктелген міндетті орындап, қауіпсіздік шараларын күшейтсін. Жауапты мекемелер көрші мемлекеттен келетін су мөлшерін бақылауда ұстап, дұрыс үйлестірсін. «Тұран-Су» мекемесі қажетті құрал жабдықтар мен техникалармен толық қамтамасыз етілді. Сондықтан механикалық тазалау жұмыстарын өндірістік кестеге сәйкес аяқтау қажет. Басты міндет – су шаруашылығы жүйелерін күтіп ұстау, елді мекендердің тыныс-тіршілігін ағын сумен қамтамасыз ету. Су тасқынының алдын алу мақсатында тиісті шаралар өз мерзімінде орындалып, облыс аумағындағы бөгеттерді нығайту, арықтар мен каналдар жүйелерін тазалау жұмыстары жүргізілсін. Гидротехникалық құрылыстардың жағдайы жан-жақты тексерілсін», – деді Дархан Сатыбалды.


Мәжілісте Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Асқар Төлешевтің баяндамасы тыңдалды.


«2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралар туралы» Жол картасындағы іс-шаралар биыл өзіңіздің қолдауыңызбен толық жүзеге асырылды. Бүгінге жоспарланған 20 іс-шараның 19-ы толығымен аяқталды. Ал 1 іс-шара яғни, «Қараспан» су торабындағы жұмыстардың 45 пайызы аяқталды. «Тұран су» мекемесімен жоспардан тыс қосымша Келес, Ақсу өзені бойында 1,3 шақырым арна жағалауы реттеліп, 748,8 қой тастары және 416 дана габион торларымен бекітілді. Нәтижесінде, Сарыағаш, Сайрам, Келес, Ордабасы аудандарының 20 елді мекенінде су тасқыны қаупі сейілді», - деді департамент бастығы.


2023-2024 жылғы күз және көктемгі су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайдың алдын алу және тасқын суларды апатсыз өткізу жоспары аясында да бірқатар жұмыстар атқарылған. 1000 шақырымды құрайтын 1327 қашыртқы арна механикалық тазартудан, 1100 шақырымды құрайтын 260 арық-атыздың арнасы мен автожол астындағы 149 өткел қоқыс, топырақтан тазартылды. Департаменттің аумақтық бөлімшелерімен өткен жылдың қараша айында елді мекендердің дайындығы тексеріліп, 7 аудан, қаланың 40 елді мекеннің дайын еместігі туралы хабар берілді. Қазіргі таңда 29 елді мекеннің кемшілігі жойылды. Тасқынға қарсы 101 мың дана қап, 8 мың тонна жанар жағармай қоры мен 40 млн. теңге көлеміндегі азық-түлікке мемормандум жасалып, 296 бірлік инженерлік техника әзірленген. Сонымен қатар Төтенше жағдайлар департаментінің 175 жеке құрамы мен 144 құралы (38 тех. 5 қайық, 116 мотопомпа), «Тұран су» мекемесінің 40 бірлік инженерлік техникасы дайындыққа келтірілді. Қиын жағдайдағы «Қапшағай», «Ырмақ-Өзен» «Майдантал» су қоймалары күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізілген.


Бүгінде «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішінде тасқын суды қабылдауға шамамен 4 млрд. текше метр көлемінде бос қоры бар. Жағдай тұрақты. Мамандар ақпан айында жауын-шашын мөлшерден түсетінін болжап отыр. Дайындық жүргізілуде.


Жиында «Тұран-Су» ШЖҚ МКК басшысы Досхан Лесов 2023-2024 жылдардағы су тасқынына қарсы әзірленген инженерлік жоспары бойынша аудан, қала әкімдіктерінің сұранысы негізінде техникалар бөлініп, 6 аудан, қаладағы тасқын суды өткізетін 47,5 шақырым өзен арналары мен арықтар тазартылғанын жеткізді. Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Жетісай, Шардара, Отырар, Ордабасы, Сауран аудандары мен Арыс қаласы әкімдіктерімен бірлескен іс-шара түзіліп, жоспарланған 679,7 шақырым каналдардың, бүгінгі таңда 659,9 шақырымына тазалау жұмыстары жүргізілді немесе 97% орындалды. Қаңтар айының 20-на дейін жоспар толық орындалады.


Нәтижесінде шаруаларға ағын суды жеткізу мүмкіндігі артып, су шығындары азайып, елді-мекендер және инфрақұрылымдық нысандарды су басу қаупі жойылды. Кәсіпорында төтенше жағдайға қарсы 130 тонна дизель отыны, 420 м3 қой тасы, 3300 дана қап, 200 дана габиондық тор, 20 тонна цемент, 48 дана плита бар. Облыс әкімінің қолдауымен кәсіпорынға облыстық бюджеттен 2 дана экскаватор, 3 дана бульдозер және 2 тұрғынжай вагоны алынды. Сондай-ақ бөліп төлеу негізінде «JCB» және «HITACHI» маркалы 39 экскаватормен қамтамасыз етілді. 14 дана экскаватор 8 аудан, қала әкімдіктеріне кейіннен сатып алу тәртібімен жалға берілді.